Отбасылық сот және ажырасу көрсеткіші
Өмірдің ыстық-суғын бірге өткіземіз деп қол ұстасып, бірге тіршілік кешкен отбасылардың екіге айырылуы жайлы естімей тұрмаймыз. Өйткені, елімізде ажырасу деректері азаймай отыр. Пандемия кезінде отбасылық келіспеушіліктер тіпті көбейіп кетті. Жанұяны сақтап қалу мақсатында Жоғарғы Соттың бастамасымен "Отбасылық сот" пилоттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Жоба өзін-өзі қаншалықты ақтады? Ажырасуға тас-түйін бекіп келген жандардың сотта ақылға келіп, татуласуы мүмкін бе? Осы сауалдарды Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы Төленді Борановқа қойған едік.
– Неке бұзу туралы азаматтық істерді қарағанда сот екі жақты татуластыру үшін әрекет жасауға мүдделі. Тараптардың талап-тілегін егжей-тегжейлі зерттеп, екеуін татуластыру мақсатында ойлануға мерзім береді. Жанұяны сақтап калу үшін, кәмелетке толмаған балаларды тірі жетім етпес үшін заң жүзінде соттың құзырындағы бар мүмкіншілік осы ғана.
Некені бұзу жайлы істерді қарағанда келіспеушілік себептерін анықтауға тырысамыз. Отбасының, ата-ананың жауапкершіліктерін түсіндіріп бағамыз. Әрине, балаларын ойлап, ақылға келіп райынан қайтып жатқан жастар аз емес. Бұл енді бізге жеткен істер ғана.
– «Отбасылық сот» жобасының тиімділігін көрсетті ме?
– Ең алғашқы отбасылық сот 1947 жылдары Жапонияда қалыптасқан. Кейін Франция, Англия, Бельгия қолданысқа енгізді. Бізде пилоттық жоба ретінде қолға алынған «Отбасылық сот» Сингапур елінінің жүйесіне негізделген. Отбасылық сот жобасының мақсаты түрлі отбасылық дауларды оңтайлы жолмен шешу және отбасы құқығын сақтау. Кәмелеттік жасқа толмаған балалар пікірін ескерусіз қалдырмау. «Отбасылық сот» жобасы қоғамымыздағы қылмыстардың алдын алуда да белгілі бір дәрежеде өзінің оң ықпалын тигізіп келеді.
Қоғамымызда ажырасу мен некесіз туылатын балалар санының көбейгендігі, әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып жатқандығы, отбасылық зорлық-зомбылық оқиғаларының жиілеуі кім-кімді де алаңдатады. Осы мәселелерді реттеуге де жобаның ықпалы зор. Жобаның жүзеге асырылуына тек судьялар мен медиаторлар ғана емес, уәкілетті мемлекеттік органдар мен прокуратура, адвокаттар және түрлі қоғамдық ұйымдар атсалысуда. Бұл отбасылық құндылықтарды сақтау "Отбасылық сот" жобасының шеңберімен шектелмейтінін көрсетсе керек.
– Ерлі-зайыптылардың екі жаққа кетуге негізгі себеп не?
– Ажырасушылар арасындағы себеп әртүрлі. Ата-ененің қолында тұру, баспананың болмауы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдікке, нашақорлыққа, құмар ойындарға берілу, көзге шөп салу, мінездің үйлеспеуі секілді сан түрлі себептердің соңы екі жастың екі жаққа қарай кетуіне себеп болуда. Екі ортада бейкүнә балалар зардап шегеді. Бұрын мұндай жағдаят күнә болып саналатын. Былайша айтқанда, бұл жайт бүгінде үлкен проблемаға айналып отыр. Халық мұны қалыпты жағдай деп қабылдауда. Сол себепті отбасы мүшелері, қоғамдық ұйымдар, судья, медиатор, психолог мамандар бірге үйлесімді түрде жүйелі жұмыс істегені жөн деп ойлаймыз. Сотқа талап қою арызын жазардан бұрын жәбір-жапа көргендер медиатордың алдынан өткені ләзім. Мемлекеттік баж алымының мөлшерін де көбейткен мақұл болмақ.
Некені сақтау тек жобаға иек артып қоймай, ажырасуға түрткі болатын себептерді жоюға негізделуі керек. Ал іс сотқа жеткен жағдайда тараптар талап қою арызының түскені жөнінде хабарланады, онда дауды татуластыру шараларын қолдану арқылы аяқтау құқықтары және оның ерекшеліктері түсіндіріледі. Сот тараптардың арасында пайда болған дауды өзара реттеуге мүмкіндік береді. Екі жақты ақылға шақыру үшін отбасылық психологпен алдын ала әңгімелесу сатысынан өту мүмкіндігі ұсынылады.