Тоғжанов: Міндетті вакцинация - адам құқығын бұзу емес
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қызмет көрсету саласындағы жұмысшыларға қатысты міндетті вакцинациялау - адам құқығын бұзу емес екенін айтты.
«Конституцияның 29-бабына сәйкес, біз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Дәл осы адамдар тобы қызмет алу үшін келген ел азаматтарына үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Бірақ қызмет көрсету – үлкен сала. Өтініш білдірген кәсіпкерлер көп болды, жұмысты тоқтатпадық. Біз өтініштерге құлақ астық деуге де болады, сондықтан осындай шешім қабылданып отыр. Бұл жерде ешқандай адам құқығын бұзуды көріп тұрған жоқпын: вакцинациядан бас тартқан қызметкерлер апта сайын ПТР тест тапсыруға міндетттеледі», - деді министр.
Сондай-ақ министр екпеден бас тартқан қызметкерлер апта сайын тапсыруы керек ПТР тест ақшасы жұмыс беруші қарсы болған жағдайда қызметкердің өз қалтасынан төленетінін айтты.
«Вакцина үшін мемлекет төлеп отыр, тегін. Оған қарсы болсаңыз, ақылы ПТР тест тапсыру керек. Ал оның ақшасын кім төлейтінін жұмыс беруші мен қызметкер өзара шешеді», - деді министр.
Тоғжанов Үндістандағы жағдай елде қайталанбауы үшін алдын ала қатаң шаралар қолға алынғанын айтты.
«Ел азаматтарының денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Үнді штамының нақты анықталуы үшін үш апта қажет ететін геном тестінің нәтижесін күтпестен, жедел қатаң шаралар қолдануға көштік. Бұл Үндістан мен өзге де елдердегі жағдайдың елімізде қайталанбауы үшін жасалған амал», - деді ол.