Түріктің Тәңірі берген несібі – Түркістан

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 12.04.2021

Қазіргі кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» арнайы жарлығынан соң Түркістан қаласын дамытудың жоспары жасалып, жаңа облыс құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы болды. Түркі жұртының рухани астанасы болған Түркістан қаласының келбеті бүгінде қарқынды түрде дамып келеді. Осы күннің өзінде «Түркістан сарайы» түркі жұртына танылған бірегей нысан.

Жаңаша дамып келе жатқан Түркістанның рухани келбеті мен сыртқы шырайы туралы Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Әміреқұл Ергешұлы Абуовпен сұхбаттасып едік.

Түркістан облысы құрылғалы құрылыс қарқынды жүріп, облыс тамырына қан жүгірген сияқты. Бүгінгі Түркістан мен бұрынғы Түркістанның келбетінде қандай айырмашылық бар?

– Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты ірі шаһарлардан бүгінде біздің ғасырға жеткені – киелі де қасиетті осы Түркістан қаласы. Ол моңғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген, соған қарамастан  іргесі құламай, осы заманға батырлық рухымызды паш етіп тұрған даңқты қала ретінде сақталғаны үлкен жетістік. Бүгінде Түркістан облысының орталығы болып отыр. Кешегі ауылшаруашылығына негізделген аудандық деңгейден өндірісті, индустриялы, рухани қалаға айналуға ұмтылып отырған, мемлекетіміздің маңызды  нысаны. Кешегі келбеті мен бүгінгі ажары танымастай өзгерген қаламызды туристер тұрмақ тұрғындардың өзі  тамашалап үлгермей, жаңа нысандар бой көтеруде.  Жоспар бойынша 60-тай ірі ғимарат салыну керек болса, оның қазір 21-і толықтай пайдалануға берілді. Шахарға көрік берер облыс әкімшілігінің ғимараттары,  Түркістан медиа орталығы, «Конгресс-Хол», «Түркістан-Арена» спорт кешені, «Оқушылар сарайы», «Керуен сарай» кешені, «Риксок», «Хилтон» қонақ үйлері, «Фараби» кітапханасы, «Ақ жайық» музыка мектебі, тағы басқа көптеген гүлзарлар мен ойын-сауық орындары күн санап бой көтеруде. Бастысы бұл ғимараттар қаланың көркі ғана емес, тарихи келбеті мен болмысын сақтай отырып, заманауи архитектураның озық жетістіктерін пайдалануда. Ғалымдар мен кәсіби мамандардың пікірі ескеріліп, тарихи келбетін жоғалтпауға басымдық берілуде.  «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының  аумағында Қожа Ахмет Ясауи, Рабия Сұлтан Бегім, Есімхан мазарлары мен сегіз бұрышты кесене, бұрынғы казарма ғимараты мен бекініс қабырғасы орналасқан. Кесенені жарықтандырудың бірегей жобасын жүзеге асыру кезінде ескерткіштің даралығын, тұтастығы мен шынайылығын, оның діни және тарихи құндылығын, әрбір бөлшегін сақтау талап етілді.  Жақын уақытта туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірген қасиетті мекеннің ғажайып сәулет туындысы алыстан жарқырап, көзге түсетін болады. Жобаға кіріспес бұрын Айя София (Ыстамбұл, Түркия), Шарджа (Шарджа, БАӘ) және басқа да мешіттерде жасалған ұқсас жобаларды тыңғылықты зерттеу және талдау жұмыстары жүргізілді. Жоба «Қазреставрация» РМК мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы мамандары, реставраторлары мен археологтарының ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылады.

Демек, қаламыздың көркейтуге негізделген әрбір жобаның артында нақты талап пен концепция тұрғанын білуіміз керек. Шығыстық стиль мен түркілік элементтер, ұғымдар тарихтан сыр шертіп тұруына басымдық берілуін қолдаймын.

Түркістан қаласы Ахмет Яссауи заманынан бері рухани орталыққа айналды. Бүгінгі таңда қаланың рухани ахуалы қалай?

  • Осы қалада  ғұлама ойшыл Ясауи бабамыз көзінің тірісінде-ақ жалпы түркі әлемінің, яғни ұлы Түркістанның рухани ұстазы ретінде танылды.

Ол Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді. Нақ осы Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау-бұлағында осы ілім тұрды. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Міне, осы руханият  сабақтастығы жойылмас үшін Елбасымыз бабамыздың атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін ашуы – сол ілімнің жалғасы іспетті. Түркістан үшін бұл оқу орнының қызметі ерекше. Руханият ісі біліммен келеді. Білім мәдениет қалыптастыратыны ақиқат. Ендеше, сол оқу орны 30 жылдан бері жас ұрпақты біліммен суындатып, Ясауи ілімінің жойылмауына үлесін қосуда. Түлектері қазір шартарапта қызмет етуде. Ол түркі дүниесі жастарының құтты мекеніне, білім қайнарына айналды. Кешегі аудан орталығы деңгейіндегі жұртшылыққа қала мәдениеті мен руханиятының жаңа негізін қалыптастырып үлгерді. Ол жерде Ясауи ғылыми орталығы қызмет етеді. Орталықтың мақсаты Ахмет Ясауи шығармалары мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түркі әлеміне әйгілі ғұламаның тұлғалық сипатын таныту. Соның негізінде заманында қалыптасқан мәдениет пен діни үдерістердің тарихы мен негіздеріне талдау жасап, ондағы Ахмет Ясауидің орнын айқындау. Орталықтың міндеті іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізу арқылы Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен түркілік мұсылмандықтың сабақтастығын ашып көрсету және ондағы маңызды мәселелерді қазіргі заманға сәйкес жаңа қырынан зерделеп, оның мәдениетті дамытуда қосқан үлесін айқындау, танымал шығармаларына зерттеулер жүргізіп, бүгінгі оқырманға ұсынуды басты назарда ұстайды.. Көне түркі тілінде араб әріптерімен жазылған нұсқаларына текстологиялық сараптама жасап, тілдік тұрғыда талдау жұмыстарын жүргізіп, қаншама ғылыми еңбектер беруде. Бұл руханиятқа сіңірілген еңбектер. Бүгінде орталық «Түркі ислам өркениеті тарихындағы Қ.А. Ясауидің орны», «Ясауи танымының тарихы мен діни-рухани тағылымы» бағытындағы жобалар аясында іргелі зерттеулер жүргізуде. Менің ендігі арманым - халықаралық деңгейдегі Ясауи орталығын ашуға қол жеткізсек, онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген  мықты ғалымдар қызмет етсе. Облыс басшылығы оған арнайы ғимарат салып, ол жерде бабамыздың ілімі барлық қырынан  зерттелсе. Тіл білетін мамандар Ясауи жазбаларына текстологиялық талдаулар жасап, ғылымның көрігі қызып жатса, руханияттың өркендеуі сол емес пе?!

Сондай-ақ, қаланың рухани болмысы мен тұрғындардың тұлғалық ерекшелігін айшықтау үшін «ішімдіксіз қала» мәребесіне жетуге осы руханият ісі сеп болары анық. Ол жолда бала-бақшадан бастап, жоғары оқу орнына дейінгі білім ошақтары жүйелі, кешенді жұмыстар жүргізгенде нәтижеге қол жеткізетін боламыз. Ясауи хиекметерін жатқа айту бойынша жүргізілген олиимиадалар кезінде қаншама жастың бойындағы рух көзін ашты. Сол дәстүр жалғаса беру керек. Тәжірибе тәрбиеге ұласып, жас ұрпақ жаңа Түркістан үшін қызмет ететін болады.

Жақында Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы боп бекіді. Бұл жаңалықтың маңызы неде?

– Иә, күні кеше елімізде Қазақстан Республикасының  бастамасымен өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті - болашақтағы табысты серіктестіктің негізгі факторы деуге толық негіз бар.  Саммитке Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркменстан елдерінің Президенттері, Мажарстанның Премьер-министрі, Түркі кеңесінің бас хатшысы және Түркі кеңесінің құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қатысқан еді.  Президентіміз Қ-Ж.К. Тоқаевтің :“Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр, – деуі осының айғағы. Қазақстан Президенті өз сөзінде  ортақ мәдени-ағартушылық кеңістік қалыптастырудың тиімділігіне назар аударды.  Оны “Ұлы түркілер” білім беру қорын құру арқылы жүзеге асыруға болатынын ескертті.  Мемлекет басшысы бауырлас елдердің жастары үшін Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 50 грант бөлуге дайындығын жеткізуі – біздің оқу ордамыз үшін керемет мүмкіндік.. Бұл 50 грант “Ясауи стипендиясы” деп аталатын болады. Президентіміздің ғалам көз тіккен жиында Түркістан мен Ясауи университетінің осы Түркі халықтар ынтымақтастығындағы  орнына ерекше екпін беруі – маңызды стратегиялық қадам деп бағалаймын.

Сондай-ақ,  Мемлекет басшысының Түркістан шаһарының  әлеуеті туралы: “ ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясының Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беруі өте орынды. Бұдан бөлек тамырластық символы ретінде Түркістанда халықтарымызға ортақ сәулет нысанын салсақ, құба-құп”, – деуі де ғылымның өркендеуіне сеп болар нақты ұсыныс деуге толық негіз бар.

Жиын соңында қабылданған  “Түркістан декларациясы” – түбі бір туыс халықтардың ортақ мүддесі мен өркендеуіне бағытталған құнды құжат боларына сенімдімін. Бұл оқиғаны бүгінгі жахандық үдерістегі түркі халықтарының өз болмысы мен құндылықтарына, тарихи тәжірибесіне деген сұраныстың белгісі ретінде бағалауға болады. Бұл шешім еліміздің өркендеуі үшін, Қазақстанның Оңтүстік өңірінің жайнап өсуі үшін өз себін тигізетін болады. Түрік Кеңесі декларациясы бауырлас халықтардың ынтымақтастығын арттырып, егемендігіміздің баянды болуына қызмет етер нақты қадам деп білемін.

Түркістан қаласының Түркі әлемі үшін орны қандай?

– Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» деген айтулы мақаласында Түркістанның тарихи және түркілік түбіріне айрықша мән беріп, былай дейді: «Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды. Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан.»
Тарихи мекенімізде бірі туып-өскен, бірінің мәңгілік тұрағына айналған әл-Фараби, Арыстанбаб, Ясауи, Бақырғани т.б. түркі халықтарына ортақ тұлғалаларымыздың мұралары біздің іргемізді бекітпесе, ажыратпасы анық. Ол -ұлт болып бөлінбей тұрған кезіміздегі бірлігіміздің айғағы. Елбасымыз осы негізді нықтап, жаһандануға жұтылып кетпеуімізді көздеп айтқан пікірінен ой түюіміз тиіс. Қазір Түркістанның түлеуіне түркі жұртының қаншама құрылыс компаниялары қызмет етіп жатыр. Жаңа заманауи әуе жай салып берген түрік бауырларымыз да осы қарым-қатынастың тоқтамай, жылдам дамуына жол ашуды қол алған қамқорлығы деп білемін. Кешегі Түркістан декларациясы аясында енді бауырларымыз өз елдерінде де осы ынтымақтастықтың беріктігін сақтау үшін шешімдер шығаруы оң болар еді. Сондай тұғырлы қадамдармен астасар нақты шешімдер аясында Түркістан тіпті, түрлене түсер еді. Экономикалық тұрақты қала емес, аймаққа айналар еді. Мен осындай шешімдерді күтемін алдан.

Қазір елімізде ішкі туризмге аса қатты мән беріледі. Түркістан қаласына ежелден туристер көп баратын. Ал облыс орталығы болып, көркейгеннен кейін туристердің саны одан әрі артатын сияқты. Ішкі туризмге Түркістанның жаңа келбетін жаңа серпін бере ме?

– Киелі қалада құрылыс қарқын алып, ел мақтанышына айналатын іргелі нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгінде Түркістан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінде, қоғам өміріне көзқарасында оң өзгеріс көп. Аз уақытта жаңа шағын аудан салынып, көне шаһар көркейіп, абаттандырылды. Өңірде ауыл шаруашылығында жаңа бастамалар қолға алынып, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытындағы тың бағдарламалар  жүзеге асырылуда. Түркістан руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашты. Елбасы Жарлығы екі бірдей қаланың қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Кентау қаласы да көркейіп,  жаңадан Сауран аудананың құрылу тарихы өз парақтарын ашты.   Өңір халқы тарихи шешімді дер кезінде қабылдағанын айтып, мұсылман әлемі қадір тұтатын Түркістанның екінші тынысының ашылуын ғасырдың жағымды жаңалығына балап отыр. Туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстан баб кесенелері, сондай-ақ көне Отырар қалашығы енді. Тізімге қандай да бір нысанды қосу туралы ұсыныс түскенде, ең алдымен, туристердің пікірі ескеріледі емес пе? Сондай-ақ, қылует - жерасты мешіті мен Қаратау қорығы, Үкаш ата кесенесін енгізілсе, тіпті, нұр үстіне нұр.

Түркістан – V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған қала. Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. ХІV ғасырда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тұр. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр тағы басқалар жерленген. Міне, осы тарихтың ескерткіштерін көзбен көру үшін халық ағылып келуде. Бұл бір жағы, рухани жан дүниеміздің баюы деп түсінуіміз керек. Туризм арқылы экономика ғана емес, идеология екпін алып, руханият дамиды. Түркістан қаласының мәдени - рухани орталығында орналасқан "Керуен сарай" туристік кешенінде әлемде теңдесі жоқ "ұшатын" театр ашылады. Жоба авторларының айтуынша, қиял - ғажайып орталық самұрық құстың жұмыртқасы халық аңызына негізделген. Бәйтеректің бұтағындағы ұясына келіп, киелі Самұрық құс күн бейнелі алтын жұмыртқа салады. Осы сюжетпен сиқырлы ертегілер еліне, қазақ тарихына жаңа технологиялардың көмегімен, 8 D форматта әсерлі саяхат жасауға болады. Еліміздің өткені, бүгінгісі мен келешегінің көрінісі осы театр - музейде көрсетіледі. Шығыс үлгісінде салынған кешен - киелі шаһарға келетін меймандардың сүйікті демалыс орнына айналарып, ішкі туризмнің де қарыштауына қадамдар жасалып жатыр. Бұл игіліктер елге қызмет етіп, осылай Түркістанның жаңа тарихы жазылуда.

Түркістан қаласының әкімшілік іскерлік орталығы  аумағында әкімшілік ғимараттар мен көп қабатты 24 үйлердің қасбеттерін бір үлгіде жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы ғимараттардың айналасы көгалдандырылып, жарықтандырылуда. Қаланың басты көшелеріне түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ясауи кесенесінің алдында ерекше жарықшамдар орнатылды. Минскіден арнайы алдырылған ағаш кейпіндегі шамның түнгі жарығы айналаны сан алуан түске бөлеп, нұрландырады. Ал, күндіз салқын су шашып, аптап ыстықтан қорғайтын болады. Міне, ауыз толтыра айтып, түгелдеп шыққан нысандар - арман емес, ақиқатқа айналған нақты істер. Енді еңсемізді көтеріп, осы игіліктерге ие болып, оның жұмыс жасауына қызмет етуіміз керек. Қаланың тазалығы сақталып, нысандардың бүлінбей келешекке баруы үшін қала тұрғындарының мәдениеті де өсуі керек.

Түркістан қаласы – Түріктің Тәңірі берген несібі, Мағжанша айтқанда. ШаҺарымыздың шапағаты шартарапқа тарасын десек, әрбіріміздің бойымызда сондай рух та болса екен. Түркістанын сүйген жүректерде түнек болмайды, түлеп, самғайды деп сенемін!

- Әңгімеңізге рахмет!

MalimBlocks