Түркістан: Иассы ауылдық округінің әкімі сайланды

Malim Админ

  • 15.12.2023

Түркістан облысы, Сауран ауданы, Иассы ауылдық округінің әкімі болып Пірметов Сыздық Хамзаұлы сайланды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Сыздық Хамзаұлын ауылдық округ тұрғындарына таныстырып, қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Оразбек Әміреев сайлау комиссиясының шешімімен таныстырып, қызметтік куәлігін табыстады.

 Сыздық Пірметов 1964 жылы 21 маусымда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Еңбекші-Дихан ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1982 жылы Ташкент политехника институтына оқуға түсіп, инженер-механик біліктілігі бойынша 1989 жылы бітірген. Содан соң Алматы экономика және статистика академиясының экономист біліктілігін 2005 жылы алған.

 Еңбек жолын 1981 жылы мектеп қабырғасын бітірген соң, Түркістан ауданындағы Жамбыл колхозында жұмысшы болып бастады. 1983-1985 жылдары әскери борышын өтеді. 1989-1993 жылдары Кентау экскаватор зауытында инженер-технолог болып қызмет атқарды. 1993-1996 жылдары Түркістан қаласындағы Калинин сельпосының дүкен меңгерушісі, 1996-1998 жылдары «Шобанақ» тұтыну кооперативінде қызметкер, 1998-2000 жылдары Түркістан қаласындағы №21 кәсіптік-техникалық мектепте өндірістік шебер қызметін атқарды.

 2000-2010 жылдары Оранғай ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-салық инспекторы, 2010-2015 жылдары Оранғай ауылдық округі әкімінің орынбасары, 2015-2023 жылдары Оранғай ауылдық округінің әкімі болды.

Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі әкімінің сайлауына ел белсенді қатысты. Иассы ауылдық округінің халық саны – 3076 адамды құрайды. Жалпы сайлау құқығы бар азаматтардың саны – 1438, оған №87, №91 сайлау учаскелері қарайды.

 Аталған сайлау учаскелерінде таңғы сағат 07:00-де Мемлекеттік Әнұранмен басталды. Сайлауға алғашқы келген тұрғындарға естелік сыйлықтар үлестірілді.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы                      1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі- ауылдық округ әкімдері) жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін көтерген еді. Осыған  орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп, оларды Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды. Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. Ақыры заң қабылданды.

Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын тағайындау, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.

Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады.

Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36- бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық дасаудағы кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды.

Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.

Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар- өзін- өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы, сондай- ақ егер ұсыну мерзімі аяқталатын күні екеуден аз кандидат ұсынылған болса, аудан әкімі жүргізеді.

Саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы.

Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды.

Ауылдық округ әкімдігіне өзін- өзі ұсынған кандидат дауыс беруге құқы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз дауысымен қолдау табуға  тиіс.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды.

Заңмен әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде (биыл- 42500 теңге) сайлау жарнасын енгізеді.

 Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды.

Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.

Сайлау алдындағы үгіт кандидаттар тіркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.

Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі.

Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Сайлау қорытындыларын тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктегі учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында сайлаудан кейін үш күндік мерзімінен кешіктірмей белгілейді.

Әкімді сайлау қорытындыдары туралы хаттама жасалады, оған аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қояды.  Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланды деп есептеледі. Сайланған әкімді аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімде тіркейді. Екі жарым жылдан бері Түркістан облысында 150-ге жуық әкім сайланды.

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.