Түркістан. Түлкібас кентіне жаңа әкім келді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында өкілеттік мерзімі бітетін ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу қажеттігін айтқан еді. Бұл еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі дамыту жөніндегі уақыт талабы және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың басты аспектілерінің бірі болып табылады. Яғни, бұрын ауыл әкімдігіне кандидаттар ұсынуды аудан әкімі жүргізетін болса, енді бұдан былай ауыл тұрғындары өздерінің кандидатураларын ұсына алады. Сондай-ақ, үміткерлер саяси партиялар арқылы да ұсынылады. Мұндай өзгеріс өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға және ауылдағы саяси өмірдің өсуіне септігін тигізеді.
Қазіргі таңда мемлекетімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша тиісті заң жобалары әзірленді. Онда жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін сайлауды енгізу, сондай-ақ саяси партиялар арқылы кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну тәртібін енгізу мәселесі қаралған.
Бүгінгі күннің өзінде еліміздегі бірқатар аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда әкімдерді сайлауы алғаш рет пилоттық режимде өте бастады.
Түркістан өңірінде халық сайлаған әкімдер саны күн санап артуда. Солардың бір дәлелі ретінде Түлкібас ауданы Түлкібас кентінде өткен сайлауды айтуға болады. Биылғы жылдың 17 қыркүйегінде Түлкібас ауданы Түлкібас кенті әкім сайлауы өтті. Сайлау қорытындысына сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Айтымбетов Ескендір Әлмұханұлы Түлкібас кентінің әкімі болып сайланды. Е. Айтымбетовке куәлік табысталды.
Дәл осы күні Түлкібас ауданы Машат ауылдық округінде де сайлау өтіп, нәтижесінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Машат ауылдық округінің әкімі болып Раймбеков Дидарбек Алимбекович сайланды. Д. Раймбековке куәлік табысталды.
Жалпы шетелдегі тәжірибе көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы, яғни әкім өз сайлаушылары алдында зор жауапкершілікті сезінетін болды. Саясатшылар мұндай жүйе оның жұмысының нәтижелі болуына оң әсер ететінін айтады. Бұл тікелей сайлау әзірге бізге ауқымды өңірлік сайлау науқанын ұйымдастыру мен өткізуде тәжірибе жинақтаудың негізі болмақ.
Айта кетейік, үміткерге қойылатын негізгі талап өзгерген жоқ. Оның жасы жиырма беске толған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Ауыл әкімі мемлекеттік қызметші болып табылады және білімі мен мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың белгілі бір талабына сәйкес келуі керек. Яғни, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі, мемлекеттік қызмет өтілі екі жылдан кем емес, мемлекеттік органдар болып табылмайтын ұйымдардың басшылық лауазымдарындағы жұмыс өтілі екі жылдан кем емес және тағы басқа. Дегенмен, әкімдерді ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарының өздері сайлайтын болғандықтан, Орталық сайлау комиссиясы, Ұлттық экономика министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдерімен бірлесіп, ауыл әкіміне қойылатын талапты азайту туралы шешім қабылданып отыр. Бұл халық тікелей өзі сайлаған үміткер болғандықтан, оларға артық талап қойылмайды.