Түркістан облысында сайлауға қатысушыларға сертификат тапсырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыру мақсатында саяси реформаларды жүзеге асыру жұмыстарының жалғасатынын мәлімдеген болатын. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту үшін барлық өзгерістердің еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы екенін және ел азаматтарының бұл ұстанымды қолдап отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар, жолдауда елімізде азаматтардың аудан әкімдерін пилоттық режимде сайлауға мүмкіндік алатыны да айтылды. Президенттің сөзіне қарағанда, бұған дейінгі ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі өз тиімділігін көрсеткен. «Бұл шешім ауыл тұрғындарының, яғни қазақстандықтардың 40%-дан астамының мүдделерін тікелей қозғайды. Біз дұрыс жолдамыз», - деді президент Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, биылдан бастап өңірімізде ауыл әкімдерін сайлау қолға алынды. Айталық, Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы 30-31 қазан күндері пилоттық режимде аудан әкімінің сайлауы өтетін Созақ, Бәйдібек аудандарында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесе отырып, сайлау процесіне қатысушы саяси партиялар, жастар ресурстық орталықтарының бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, сайлауалды штабтарының мүшелерінің, прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қатысуларымен оқыту семинарлары өткізілді.
Оған Созақ ауданында 30, ал Бәйдібек ауданында 34 адам қатысты. Семинардың қорытындысы бойынша қатысушыларға облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Түркістан облыстық филиалының сертификаты табысталды.