Вирустың жеңіл түрін жұқтырғандарды қалай емдейді?
21 маусым күнгі дерек бойынша, елімізде коронавирус инфекциясы анықталғандардың саны 17 225 адамға жетті. Бұл статистикаға кірмеген, вирус анықталған 8845 адамда ауру белгілері жоқ. 10 671 адам індеттен айықты, 118 адам қайтыс болды.
Өткен тәулікте ауру белгілері бар 446, ауру белгісі жоқ 616 адам анықталды.
Жалпы, 15 маусым мен 20 маусым аралығында коронавирус инфекциясы 6369 адамнан анықталды, оның 2416-сында ауру белгілері бар, 3953-інде ауру белгілері жоқ. Соңғы алты күннің ішінде вирустан 38 адам қайтыс болды.
Денсаулық сақтау министрлігі 15 маусым күні коронавирус инфекциясын клиникалық-диагностикалық және емдеудің 9-хаттамасына бірқатар толықтыру енгізді. Оның ішінде коронавирустың симптомсыз және жеңіл түрін емдеу алгоритмі берілген. Алматы қаласының клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Тамара УТАҒАНОВА Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде симтомсыз және вирустың жеңіл формасын жұқтырған науқастар не істеу керектігін түсіндіріп берді. Тамара Утағанованың ең маңызды сұрақтарға берген жауаптарын назарларыңызға ұсынамыз.
[caption id="attachment_4925" align="alignleft" width="800"] https://fergana.ru/[/caption]
– Коронавирустың жеңіл және симптомсыз түрін жұқтырған науқастар ауруханаға жатқызыла ма?
– Бастапқыда коронавирус инфекциясы елімізде жаңадан тіркелген кезде стационарға жеңіл және симптомсыз науқастар да жатқызылатын. Вирус анықталғандардың бәрі бақыланып, ауру белгілері пайда болған жағдайда, тіпті ауру белгісі болмағанда да дәрі-дәрмек беретінбіз.15 маусымда коронавирус инфекциясын клиникалық-диагностикалық және емдеудің 9-хаттамасына бірқатар толықтыру енгізілді. Енді вирустың жеңіл және симтомсыз түрі анықталғандар үй карантинінде бақыланады. Яғни вирустың жеңіл түрімен ауыратындар мен симптомсыздарды емдеудің қажеті жоқ.
– Сонда ауруы жеңіл өтіп жатқандар мен симптомсыздар дәрі ішпей ме?
– Ауру жеңіл өтсе және симптомы болмаса, дәрі-дәрмек ішпейді. Ондай адамдарды үйде бақылайды. Бұл адамдарды бастапқы медициналық-санитарлық қызмет мамандары қашықтан бақылайды. Күніне екі рет телефон соғып, үш күнде бір рет видеоқоңырау шалады. Мамандар симптомсыздар мен ауруы жеңіл өтіп жатқан науқастарда аурудың қандай да белгілері пайда болды ма, қандай да бір өзгерістер бар ма, бар болса ол қандай деңгейде екенін анықтайды. Егер ауру симптомдары пайда болса, науқасты стационарға жатқызу керек пе, оны бастапқы медициналық стационарлық қызмет дәрігерлері шешеді.
– Кейде аурудың жеңіл түрінде де дене қызуы көтеріліп, тамақ ауырады. Ондай жағдайда не істеу керек?
– Егер дене қызуы 38.8-ден асса, дене қызуын түсіретін дәрілер қабылдауға болады. Ал тамақ ауырса, тамақты шаю керек. Яғни симптоматикалық ем жасалады.
– Ал егер симтопсыз немесе ауруы жеңіл өтіп жатқан науқастың қант диабеті сияқты қосалқы ауруы болса, не істеу керек?
– Ондай жағдайда осы күнге дейін ішіп келген дәрісін ары қарай да іше беру керек. Яғни қант диабеті бар болса, қант деңгейін ұстап отыру үшін емін жалғастырады.
– Ауруы жеңіл өтіп жатқандар мен симптомсыздар үйден бақыланады. Дегенмен оның үйінде өзін оқшаулайтын жағдай болмаса ше?
– Иә, ондай науқастар тұратын ғимарат карантин үшін ыңғайлы ма, бұл ескеріледі. Егер үй бір бөлмелі болса және онда басқа адамдар тұрып жатса немесе үйде созылмалы ауруы бар қарт адамдар бар болса, онда коронавирус анықталғандар карантин стационарына жатқызылып, оқшауланады.
– Тамақ ауырып, жөтел мен аурудың басқа симптомдары пайда болса, коронавирусты анықтайтын ПЦР тестін қанша күннен кейін тапсыру керек?
– Тамақ ауырып, мұрыннан су кетіп, бас ауырып, әлсіздік пайда болса, бірақ дене қызуы көтерілмесе, дәрігерге қаралмай, үйде жатудың қажеті жоқ. Өйткені дене қызуы көтерілмеуі де мүмкін. Ауруханаға түсіп жатқан жағдайы орташа және ауыр науқастардың көпшілігі дене қызуы жоқ болғандықтан, уақытында қаралмай, ауруын асқындырып алған. Ауру белгілері пайда болса, call-орталық немесе емханаға хабарласып, кеңес алу керек.
Симптомсыздарда аурудың ешқандай белгісі жоқ болғанымен, олардың өкпесін компьютерлік томографияға түсіргенде, пневмония анықталған жағдайлар бар. Яғни пневмония да симптомсыз жүруі мүмкін.
– Сиптомсыз немесе ауруы жеңіл өтіп жатқандар иммунитетін қалай күшейтсе болады?
– Біріншіден, қол гигиенасын сақтау керек. Көп адам жүретін жерге бармау керек. Дұрыс тамақтанып, дқрыс ұйықтау керек. Иммунитетті түрлі дәрілер, препараттармен күшейтудің қажеті жоқ. Егер ілеспе аурулар бар болса, коронавирус анықталғанға дейін қандай ем қабылдап келсе, соны жалғастыру керек.