Жақсылық жасап жарысайық!

Қызылорда облысының Полиция департаменті қайырымдылық шараларын өткізуге ерекше ден қояды. «Жақсылық жасап жарысуды» дағдыға айналдырған сақшылардың үлгілі істері көп-ақ.

  • 04.12.2023

Мәселен, Жергілікті полиция басқармасы әріптестерін игілікті шараға ұйымдастырып, қарттарға, мүгедектерге психологиялық-әлеуметтік көмек көрсету мақсатында облыс көлемінде «Қарттарды мейірімге бөлейік!» атты қайырымдылық акциясын өткізді. «Мейірімділік үйіндегі» қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы келген полиция қызметкерлері құқықтық кеңес беріп, азаматтар сауалдарына жауап беріп, жол сілтеді.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Майрихов қатысушыларға қайырымдылық акциясының мақсаты мен маңызын түсіндіріп, «Мейірімділік үйінде» қызмет алушыларға, соғыс және тыл ардагерлеріне сый-сияпат тапсырды. Полиция қызметкерлері қарттарда қандай да заңдық, құқықтық мәселе туындағанда көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ, қызылордалық сақшылар еміне шипа іздеген сырқаттарға қан беріп, донор болуда да көш басында келеді. Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы Ермек Искаков бастаған 100-ден астам полиция  қызметкері жақында ерікті донор ретінде қан тапсырды. Құқық қорғау органы қызметкерлері ұйымдастыратын мұндай қайырымдылық акциясы жыл сайын өтетінінен жұртшылық хабардар. Соның арқасында сақшылар арасында тұрақты донор боп жүрген көптеген қызметкерлер бар. 7 жыл бойы қан тапсырып келе жатқан полиция капитаны Азат Дәулетов сондай елге қол ұшын созуға әзір ынталы жанның бірі.

Азаттың өзі жеті жыл ішінде ағзасының қан тапсыруға үйренгенін айтты. «Бір тамшы қан бір адамға өмір сыйлайды. Ендеше қайырымдылық акциясына барша қызылордалықтарды қатысуға шақырамын!» дейді жүрегі кең полицей.

Ермек Бердалыұлы: «Әр сақшының жұмысы қауіп-қатерге толы. Төтенше жағдай, қылмыспен күнделікті бетпе-бет келген соң сақшылар адамдарға уақытында көмек көрсетудің қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Содан болар, полиция қызметкерлерінің арасында ерікті донор болуға ынталылар саны жыл сайын артып келеді» дейді.

Халықпен етене жұмыс істейтіндіктен полиция қызметкерлеріне әрбір отбасының әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы жақсы таныс. Шиеттей баласымен ішер асқа жетпей отырған жанұяға полицейлер талай рет қалтасындағы соңғы тиынға нан алып берген, көмір әкеп үйін жылытып берген кездер көп болған. Әсіресе учаскелік полицейлер мұндай қолайсыз, шарасыз отбасыларды құзырлы органдар назарына салып, өздері де қайырымдылық жасаудан сырт қалмай жүр. Айталық, Қазалы ауданының полиция қызметкерлері көпбалалы отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуді дәстүрге айналдырған. Дүкендерде нанды тегін таратуға да бастамашы болып жүрген осы полицейлер.

«Өмір тақтайдай түзу болмайды. Қысылғанды демеп, қиналған жандарға қол ұшын созу адами борышымыз. Соның ішінде халықтың санын көбейтіп отырған көпбалалы отбасылар көмекке мұқтаж. Біз ұжым болып осындай отбасыларға азық-түлік, шаруашылыққа қажет заттарды алып беруді мақсат етіп отырмыз. Бұл жақсы үрдіс алдағы уақытта да  жалғасын табатрына сенімдімін», – дейді Қазалы аудандық ПБ бастығы Айбек Алиев.

Ал  «Жылы жүрек – жомарт қол» атты акция барысында Жалағаш аудандық полиция қызметкерлері психологиялық-педагогикалық түзету мекемесінде оқитын балалардың отбасына қайырымдылық жасап, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды табыс етсе, Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері Қызылорда қаласындағы №5 көзі нашар көретін балалардың арнаулы мектеп-интернатына барып, өмірден қағажу көрген бүлдіршіндерге ойыншықтар мен сыйлықтар тарту етті. Мерекелік көңіл-күй сыйлаған тәртіп сақшыларына балалар дән риза.

Қазақ халқында «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тағылымды тіркес бар. Айналаңа жүрек жылуын ұсыну, аялы алақанын тосып, қамқоршысы болу – сауапты істердің бірі, әр адамның азаматтық парызы. Әрбір жасалған істе ізгілік бар. Соны түсінген қызылордалық полицейлер жыл сайын балалар күні мен білім күнінде бұлдіршіндерге сыйлық жасап қуантуды дағдыға айналдырған. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы кезінде полицейлерден сыйлық алған, оқу құралдарын иеленген бүлдіршіндер көп-ақ. Бұл а​кцияның түпкі мақсаты аз қамтылған және көп балалы отбасыларды, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындау, балалардың мектепке бармауының алдын алу болып табылады.

Жақсылық жасап жарысқан сақшылардың ісі көпке үлгі боларлық.

Байланысты жаналықтар

«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

12.04.2024

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

11.04.2024

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

10.04.2024

Су тасқыны: Еріктілер Құлсары қаласындағы Жем өзенінің сағасына қап төсеп жатыр

08.04.2024

Су тасқыны: Құлсарыда зардап шеккендерді маңғыстаулық тұрғындар өз ауылдарына әкетіп жатыр

08.04.2024

Су тасқыны: Қостанайда мыңнан аса ерікті құтқарушыларға көмекке келді

07.04.2024
MalimBlocks
«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

Бұл жерде тек киім-кешек, азық-түлік пен қажетті керек-жарақ жиналмайды.

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

Өз аудиториясын пайдаланып хайп жинауға емес, елді біріктіріп, көмек жинауға шақырып жатқан блогерлер барлық алғысқа лайық.

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

Табиғи апат ел азаматтарын біріктірді.

Су тасқыны: Еріктілер Құлсары қаласындағы Жем өзенінің сағасына қап төсеп жатыр

Осы қап төсегеннің арқасында 5-ауыл су басудан аман қалды дейді тұрғындар.

Су тасқыны: Құлсарыда зардап шеккендерді маңғыстаулық тұрғындар өз ауылдарына әкетіп жатыр

Ерікті тұрғындар мектеп, мешіт және үйлерде оларға жататын орындары мен ас-суларын дайындап қойған.

Су тасқыны: Қостанайда мыңнан аса ерікті құтқарушыларға көмекке келді

Барлық күштер үлкен көпір арқылы болуы мүмкін тасқынды азайтудың алдын алып жатыр.