Жетістік пен кемшілік. Өткен жыл қандай оқиғалармен есте қалады?

2021 жыл қуанышты жағдайлармен өкініш те алып келді. Жылдың басты оқиғаларына шолу жасап, өткенді еске түсірдік.

Ақниет Аманжолқызы

  • 31.12.2021

Жыл сайлау науқанымен басталды. Үгіт-насихат жұмыстарының ішіндегі ең қызық оқиға банкир Мұхтар Әблязов NurOtan-ға қарсы акция бастап, Ақжол партиясына дауыс беруге шақырды. Ал Ақжолдың төрағасы Азат Перуашев бұл насихаттан ат тонын ала қашты. Бұл екі партиядан бөлек, әдеттегідей сайлауға коммунистер мен ауылдықтар қатысты. Ал ЖСДП сайлауға бойкот жариялады. Бұрынғы Бірлік абгрейд жасап, Адал атымен сайлауға түсті. Бұл сайлауда парламентке өзгеріс алып келмеді. Әдеттегідей Nur Otan «айқын» жеңіске жетіп, 76 орын, ақжолдықтар 12 мандат, коммунистер 10 мандат алды. Адал мен Ауыл шекті пайызды жинай алмады. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда заңсыздықтар болғанын айтқанымен ешбір партия Орталық сайлау комиссиясына арыз түсірген жоқ. 10 мандатты Қазақстан халықтар ассамблеясы алды. Мәжіліс қабырғасында тұңғыш рет дүнген ұлтының өкілі депутат болып ант берді. Ол 2020 жылы ақпанда қантөгіс болған Қордай ауданы Сортөбе ауылының бұрынғы әкімі Ильяс Буларов.

Қазақстанда ақпанның 1-нен коронавирусқа қарсы вакцина алу науқаны басталды. Елімізде алғашқы болып, ресейлік Спутник V вакцинасы тіркелді. Қазақстандық QazVac сәл кешігіп шықты. Кейінірек қытайлық Sinovac пен Hayat-Vax алу мүмкін болды. Алайда бұл вакциналардың бірде бірі әлемнің көп бөлігінде ресми мойындалмаған. Еуропа елдері мен АҚШ-та мойындалған екпелер арасында әзірге Қазақстанда тек Pfizer бар. Оның өзі жүкті әйелдер мен балаларға ғана тегін. Әзірге министрлік бұл екпені ақылы түрде алу мүмкіндігі бар екенін айтты. Бірақ оның қай уақытта Қазақстанға келетіні және құны белгісіз. Елде вакцина алуға қарсы шыққан топ өкілдері де бар. Олар митингтер ұйымдастырып, пикеттерге шығып келеді. Үкіметте бұл мәселе талқыға түскен жоқ. Жыл соңына дейін 9 миллионға жуық қазақстандық вакцина алып үлгерген.

Саяси белсенді Макс Боқаев 4 ақпан күні бостандыққа шықты. Ол 2016 жылғы жер митингісінен кейін 5 жылға сотталған болатын. Атыраудағы УГ-157\9 түзету мекемесінен шыққан оны ондаған белсенділер мен журналистер күтіп алды.

2 наурыз күні  Сайрагүл Сауытбай халықаралық Нюрнберг адам құқығы сыйлығымен марапатталды. Ол 2018 жылы Қытайдан Қазақстанға жасырын келіп, бірнеше ай қамауда болып, алты айға шартты жазаға тартылған. Қазақстан Сайрагүлге азаматтық бермей, 2019 жылы Швецияға көшіп кеткен. Ол Қытайдағы этникалық ұлттарға(қазақ, ұйғыр, дүнген, моңғол, қырғыз және т.б.) көрсетілген қысыммен, Шыңжаңдағы «саяси» лагерлер жайлы ақпаратты әлемге алғашқылардың бірі болып жеткізген.

15 наурыз қазақстандық диджей Imanbek (Иманбек Зейкенов) Grammy сыйлығын жеңіп алды. Оның америкалық рэпер Saint Jhn-ның «Roses» композициясына жасаған ремиксі «Ең үздік ремикс» номинациясында үздік деп танылды. Иманбек Зейкенов Павлодар облысының Ақсу қаласында теміржолшы болған. 2016 жылы шыққан «Roses» әніне 2019 жылы ремикс жасаған. Қазір Иманбек ресейлік музыкалық лейблдің мүшесі.

24 сәуір күндіз Алматыда «Бұқар Жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде белгісіз ер адам күзетшіге оқ атып жаралаған. Жарақат алған күзетші ауруханаға жеткізілді. Ал оқ атқан адам пәтеріне жасырынды. Полиция кешенді қоршауға алғаннан кейін 15 рет оқ атылған. Кешкі сағат 9-дан кейін ер адам 17 қабаттан секіріп қайтыс болды. Кейіннен оның Ресей азаматы екені белгілі болды. 11 маусым күні Ішкі министрі Ерлан Тұрғымбаев мәселеге байланысты қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.

10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында Лесхоз кентінде шыққан өрт орманға жайылды. 500-ге жуық өрт сөндіруші отты толығымен 12 мамырда сөндіріп бітті. Оқиға салдарынан 272,4 га алаң өртеніп, 31 үй, жеңіл автокөлік пен 7 учаскеде шаруашылық құрылыстары күлге айналды.

Жаздың басында елдің батысынан кейін оңтүстіктен малдың жем-шөбі жоқ деген хабарлар келе бастады. Маңғыстау облысы мен Қызылорда және Түркістан облыстарының кей аудандарындағы төрт түліктің жағдайы тым нашарлап кетті. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайға ауа райын «кінәлап», халыққа көмек беруді қолға ала қоймады. Түркістандық Құрмет Талапқазы есімді азамат қазақстандықтарға үндеу жасап, жұт жайлаған елге көмек қолын созуға шақырды. Осылайша әр облыстың белсенділері қуаңшылық болған аймақтарға жем-шөп жіберді. Алайда «Қазақстан Теміржолы» компаниясы бұл көмекті батысқа жеткізуге асыға қоймады. Қоғам тарапынан болған сыни пікірлерден кейін ғана ҚТЖ мен Ауыл шаруашылығы министрлігі өзара келісімге келіп, елден жиналған көмек батысқа аттанды. Жыл соңында қазақстандықтар Құрмет Талапқазыға үй алуға қаржы жинап, Білім министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО грантын сыйлады.

23 шілдемен 8 тамыз аралығында Жапония астанасы Токиода Жазғы Олимпиада ойындары өтіп, Қазақстан антирекорд орнатты. Жалпы командалық есепте 83-орынға жайғасып, 8 қоламен оралған спортшыларды жанкүйер қауым қатты сынады. Олимпиаданың басы даумен басталып, отандық телеарналар Елдос Сметов пен Зулфия Чиншанлоның медаль алған жарыстарын көрсете алмады. Себебі Қазақстан Олимпиаданы көрсету сертификатын сатып алмаған. Бір аптадан кейін ғана спортшылардың өнерін тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік алдық. Токиодан естілген ең жағымды жаңалық құраманың киім үлгісі әлемдегі үздік спорттық киімдердің қатарына қосылғаны ғана болды.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жұма күні билік жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Қайтыс болғандар арасында әскери қызметкерлер мен құтқарушылар бар. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының қызметкерлері әскери шенділер қоймада жарылыс барын құпия ұстағандарын айтты. Кейін белгілі болғандай, қоймада 2019 жылы жарылыс болған Арыс қаласы маңындағы қоймадағы жарылғыш зат қалдықтары әкелінген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен қайтыс болған азаматтарға әртүрлі наградалар тағайындалды. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкаға кету туралы өтінішін президент қабылдап, оның орнына 31 тамыз күні Мұрат Бектанов тағайындалды.

Олимпиада спортшыларына бұйырмаған алтын мен күмісті 24 тамыз бен 5 қыркүйек арасында өткен Паралимпиада ойындарындағы спортшылар алып келді. Токиодан жалғыз алтын Давид Дегтярев бұйырды. Одан бөлек үш күміс пен бір қола алған Қазақстан құрамасы жалпы есепте 52-орынға жайғасып, бұрын соңды болмаған жетістікке қол жеткізді.

1 қыркүйек пен 30 қазан Ұлттық халық санағы жүргізілді. Нәтиже бойынша Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жетті. Оның 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. Орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 пайызға жеткен. Халықтың 59,05 пайызы, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.

Алматының Алатау ауданы Ақбұлақ шағын ауданында 20 қыркүйек сағат 17:00 шамасында атыс болып, бес адам қайтыс болды. Соттың үйден шығару туралы қаулысын орындауға келген сот орындаушысы, учаскелік полиция инспекторлары мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне 1967 жылғы үй иесі от жаудырған. Салдарынан қызмет бабында жүрген екі полицей қайтыс болды.

1 қазан күні Павлодар қалалық №2 сотынан жағымды жаңалық келді. Шаңырақ оқиғасынан кейін түрмеге жабылған Арон Атабек бостандыққа шықты. Өкініштісі, Атабектің денсаулығы нашарлап, 24 қараша күні жүрегі тоқтап, қайтыс болды.

7 қараша күні Польшада өткен брейк-данстен Әлем чемпионатында қазақстандық Амир Закиров жеңіске жетті. Ол осы спорт түрінен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық брейкер. Айта кетейік, брейк-данс 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасының бағдарламасына ресми спорт түрі болып енді.

Байланысты жаналықтар

Назымға тағы бір көлік сыйлады

06.10.2024

Референдум-2024: сайлаушылардың 17,79%-ы дауыс берген

06.10.2024

Қазақстан құрамасы Қаржылық қауіпсіздік Халықаралық олимпиасында 3 орын алды

05.10.2024

Қазақстандық студенттер қаржылық қауіпсіздік Олимпиадасына аттанды

29.09.2024

Евгений Жовтис Адам құқықтары бюросы басшылығынан кетті

29.09.2024

Қазақстан шахматшылары бірінші орынға шықты

21.09.2024
MalimBlocks
Назымға тағы бір көлік сыйлады

Бұл жолы Li-6 автокөлігіне ие болды

Референдум-2024: сайлаушылардың 17,79%-ы дауыс берген

Қарағанды облысының көрсеткіші бәрінен жоғары

Қазақстан құрамасы Қаржылық қауіпсіздік Халықаралық олимпиасында 3 орын алды

Халықаралық олимпиадаға 36 ел өкілдері қатысқан

Қазақстандық студенттер қаржылық қауіпсіздік Олимпиадасына аттанды

Олимпиада Ресейдің Сочи қаласында басталды

Евгений Жовтис Адам құқықтары бюросы басшылығынан кетті

Оның орнына жаңа басшы сайланды

Қазақстан шахматшылары бірінші орынға шықты

Венгрия астанасы Будапештте шахматтан 45-ші Олимпиада ойындары өтіп жатыр.