Қазақстанның барлық мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы тәмамдайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер болса, 11-сыныпты үздік бітіруге 18 мың оқушы үміткер атанып отыр. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында республика бойынша 217 заманауи мектеп пайдалануға берілген. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бүгінде бұл білім ошақтарында 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Оқу жылының аяқталуына байланысты 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Іс-шара барысында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен есте қалған сәттері сараланады. Сонымен қатар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары, білім мен ғылымға құрмет, инновациялық ойлауды дамыту мәселелері кеңінен қамтылады. Оқушыларға жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен құжатына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі ұйымдарда салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс орындарында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынған.
Сондай-ақ ата-аналардан немесе оқушылардан ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Аттестаттар мен дипломдарды тапсыру рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Бірлескен бұйрық мектеп бітіру іс-шаралары кезінде қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған.