Үкімет мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.
Құжатта саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету, ауыл еңбеккерлері үшін әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және өндірістің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамалар қамтылған.
Жоспарға сәйкес, шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығы қарастырылған. Сонымен қатар, сала мамандары үшін тұрғын үй салу, еңбек жағдайын жақсарту және кадр тапшылығын азайту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, мал өнімдерін өткізудің тиімді жүйесін қалыптастыру және нарықтарды кеңейту басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Экспортты дамыту үшін ветеринариялық қауіпсіздік күшейтіліп, тиісті инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады. Сауда орындарында күнделікті бақылау енгізу, сондай-ақ мал иелерінің жауапкершілігін арттыру мәселелері пысықталуда.
Жоспар аясындағы іс-шаралар бюджет қаражаты, бюджеттік несиелер және қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау тетіктері арқылы қаржыландырылмақ.
Премьер-министр Олжас Бектенов кешенді жоспардың негізгі мақсаты — ішкі нарықты отандық өніммен жүйелі түрде қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын сақтау екенін атап өтті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыру және өндірістен бастап өткізуге дейінгі барлық кезеңдердің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.
Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелерін цифрлық платформаларға біріктіріп, бірыңғай дереккөзі ретінде пайдалану тапсырылды.
Үкімет отырысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, жерді ұтымды пайдалану бойынша тексерулер жүргізілуде. Астық егетін үш өңірде 330 шаруашылық қатаң бақылауға алынған. Мақсатсыз пайдаланылған жерлер мемлекеттік қорға қайтарылып, кейін қайта бөлінетін болады.
Жиын қорытындысында Үкімет мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын ресми түрде мақұлдады. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.