Айгүл Кемелбаева. Қоңырқаз-2

Malim Админ

  • 10.09.2021

Басы: Айгүл Кемелбаев. Қоңырқаз

Бұлардың көрші аттап баспайтын тым-тырыс үйіне Қаршығаның әріптесі Еркежан келе қалды. Жас кезінде суретші болуды армандап, үй-ішінің тірлік қамымен кеткен Еркежан бөлмеде аузы-мұрнынан шыққан құс мүсіндерін көргенде ерекше таңырқап, шегін тартты. Кісікиік Қаршығаның салқын  көзқарасынан именбей-ақ саз балшыққа нәзік саусақтары  былғанып, кезекті көгершіннің құйрығын жасап жатқан  кішкене қызды еркелетіп басынан сипап, «Құс тегін соншалық  сүйеді екенсің, ендеше мен саған өте қызық нәрселер тауып беретініме илан!», – деді.

Осыдан соң анасы бөтен үйлерге кіруге тыйым салған кішкене қыз әлгі кісінің үйіне барып тұруға рұқсат алды.  Күллі ауылда Қоңырқазды бүкірек, өркешті бота деп мазақтамайтын Еркежан ағаның екі ұлы еді.

Сол үйдегі сөре-сөре кітаптарда таңғажайып құстар бар.  Қоңырқаз сан алуан көрікті құстардың фотосуреттеріне телміріп қарап отыра беруге еш жалықпаушы еді.

Қыз бала он жасқа аяқ басқанда оның Хорлан есімі ұмтылды. Нағашысы жиенін Қоңырқаз атандырды да, өзге адамдар, әсіресе, бала біткен бүкір, нарбота, өркешті қыз дейтін болды.

Қаршыға енді құс тұқымын киелі санап, қанаттылардан қорқатынын жүрегінің түбіне терең жасырған. Қызын Қоңырқаз деуге аузы бармас па еді, қайтер еді. Ақылбай қойшы еміреніп  қойған лақап есімге қызының өзі құп алып құлай кетпесе. Қаршадай бала өз есімін мойындамай қойды, Қоңырқаз  деп атаса ғана бұрылып тіл алатыны сорлы анасын амалсыз көндірді.

Үндемей жүре беретіндіктен кейде тілі байланып, мылқау болып қала ма деп күдіктенетін қоңырқай өңді бала қыздың баданадай  көздеріне қараса-ақ бойын жалын құрсап, шабыт кернейтініне Еркежан таңқалып жүрді. Жастық шақта  әлдилеген балауса арманы күл астындағы шоқ тәрізді елеусіз жатады екен.

Қоңырқаз  құс жайлы сансыз кітаптарды армансыз ақтарып, сурет атаулыны көріп болғандықтан, Еркежан ағайы оған ұлы суретшілердің шығармаларына арналған қалың кітаптарын көруге берді.

 Балақай аузы шала ашылып, құс  ұшып кірсе сезбестей аңқиып, көзі отша жанып, кітапқа бар  назары ауыпты. Еркежан тағаты таусылып, анасы тәрізді селт етпейтін қыз баланы сонша тұтқындап арбап тастаған не екенін білмекке құмартып қасына келді.

Қоңырқаз ортағасырлық қылқалам шеберлері жан берген, флоренциялық суретшілердің сүйікті тақырыбына айналған, құдай анасының маңында ұшып жүрген сәби кейіпті періштелерді көріп есі кетіп отырған беті екен.

Күллі тұлғасынан аңқаулық аңқып тұратын, тегі жұрт жарымес санайтын кішкентай жан иесінің күллі махаббатын төгіп тебіреніп, қанатты періштелерден көз айыра алмай қалғаны  шынымен тосын құбылыс еді.

Қоңырқаз Еркежан  ағасының үйіне қанатты  періштелерді көру үшін асығатын қызық күйге ұшырады.  Қыз бала томырық мінез анасына тартып,  ештемеге елең етпейтін меңіреу тәрізді әсер ететін. Жұрт Қаршығаны  мүсәпір санап, жарымжан  қызымен екеуін пері шалған деп әңгіме етсе де, ән салуды ұмытқан Қаршығаның әсем үнін бір тыңдауға құштар еді.

Бірде ауылда мереке күні бойын тұтқиыл кернеген ынтығуды баса алмай, Қаршыға сахнаға көтеріліп, Құсни-Хорлан деп Естайдың ғажап әнін шырқады. Жұрт қол шапалақтап, дүрлігіп жатқан әуезді үн буынын алған Қоңырқаз әнді өзінің құрметіне деп қабылдап, жымиып күлді. Артынан ауыл күйшісі домбырасын безектетіп  аққу күйін тартқанда шыдай алмай, өксік буып, Мәдениет сарайын  тастап үйіне қашып еді. Мөлт-мөлт төгілген жасын ешкім байқамады. Қызының бойын қандай жанкешті сезім кернеп, нәзік денесі қайтіп үсік ұрғандай қалтырағанын  көрсе Қаршыға байғұста ес қалмайтын еді.

Томаға-тұйық тірлікке еті үйренген Қоңырқаз Еркежан ағайының кітаптарын ашқан ғажайып жаңалығынан соң өзінің қанаты барына масаттанып, көңілі тасып жүрді.

Ол тіпті өзін көрсе келекелеп, бет-аузын тыржыңдатып, қыр соңынан қалмайтын шиборбай ұсақ балаларға ешқашан кектеніп көрген емес.

Адамдардың өзін әрі мүсіркеп, әрі сыртынан күлетінін  білсе де ренжіген емес. Оның жасына сай дамудан тежеліп қалғаны анық еді, хайуандай ойсыз көрінетін. Тірі жанға қастық ойламайтыны нағашысына тартқан.

Сәбидің бұл фәнилік емес екенін еміс-еміс жүрегі сезіп құса шегетін, әрдайым жиенін көл-көсір қуанышқа бөлеуге тырысатын Ақылбай қойшы қолы тисе шалғай жатқан шаһарға  арнайы ат арылтып барып, тор-торымен шымшық, торғай тектес құстың алуан түрін әкеп беріп жүрді.

Мұндай сыйлыққа есі шығып, шаттанатын байғұс бала тордың қақпасын ашып, әдемі құстар қанаттарын сермеп ұша жөнелгенін көргенде мейірі қанып, мейлінше рахаттанатын  еді. Тірі ойыншықтарынан иемденген сәтте айрылып қалатыны ойына кіріп те шықпайтын. Сондықтан қамқор нағашысы қусаң кетпейтін асыранды үй көгершіндерін әкеп берді.

Еш жәндікті жәбірлемейтін мейірімді Қоңырқаздың  қаһарына мініп, кектеніп, өш алған кездері болды.

Тауықтарға шашылған жемге ортақтасып, секектеп жүріп, қатер  төнгенін көрмей қалатын ақымақ торғайлардың талайын  ұстап, талап жеген көршінің шұбар мысығын ол жек көрді. Жұмсақ табан жалмауыз мысық сүйікті ақ кептерінің ту-талақайын шығарғанын көргенде қаны көтеріліп, долылық буып, бұл тажалды мықтап жазалауға ұйғарды.

Қоңырқаз әлгі мысықты ұстап алып, басын орамалмен тұмшалап тас қылып байлады да, моншадағы су толы бөшкенің ішіне тастап, қақпағын жауып қойды. Монша жаққан күні шешесі судағы өлі мысықтың басындағы орамалын танып, қызынан келген кесел екенін сезіп бажылдап ұрысты. «Неге өлтіресің, ойбай?! Мұнша зұлымдықты саған кім үйреткен?! Жалғыз мысықтың қарғысы қырық кісіге жүк  болады деуші еді. Ендігәрі жәндікті жәбірлегеніңді  көргенше, қара жерге кірейін!», – деп едәуір таусылды.

Жыл құстары лег-легімен ұшып келіп жатқан жазғытұрым қасиетті күндердің бірінде іші-бауыры күйіп, безгек буғандай  қалтыраған Қоңырқаз соқыр түйсік меңдеп, тауға рұқсатсыз қашып кетті. Құпиясы мол қарындасы қия  бастырмайтын аяулы  жиені өз үйіне қарлығаштай сағынып  келгеніне қатты риза болған Ақылбай қойшы шүкір деп құтты қонағына қазан көтертті. Қызын өкшелеп машинамен қуа келген Қаршыға алқынып жеткенде, мәре-сәре киіз үйде Қоңырқаз өзіне арнайы сойылған дәу қойдың құлағын жеп отыр еді.

– Енді осылай қашып кеткеніңді көргенше қара жерге кірейін! – деді Қаршыға шегелеп.

Бұрын айтқанын екі етпейтін қызы таудан кеткісі келмей қырсыққанын  көріп жаны жаман қиналды. Ертесінде қойшы отарын айдап, жайлауға түсті. Қызын қалдырып кетуге қорыққан анасы кесе-кесе күміс көлдері жарқыраған баяғы көкорай далаға амалсыз ілесе келді.

Қоңырқаздың шыр етіп дүниеге келгеннен бері көлді алғаш көруі осы еді. Қызының өңі мүлде өзгеріп кеткенін көргенде бақытсыз ананың кеудесінде шықпаған қу жаны қалды. Көл беті азан-қазан, қас қылғандай қасқалдағы сүңгіп, аққуы жүзген салтанаты толған шақ.

Мойнын әсем иіп суда жүзген аққуларды көргенде Қоңырқаз дүниедегінің бәрін ұмытты. Жұрт бүкірліктің белгісі деп қабылдаған қос қанаты арқасын жапқан шүберекті  тесердей  бұлқынып, ес-түсін білмей суға күмп бергенде Қаршыға дауыс салып жылап жіберді. Жандәрмен ұмтылып жүзе жөнелген қызын зорға ұстап қалды. Қолына тас қып жабысып, жағаға  сүйреді.

Бейбіт жүзген аққулар сұңқылдап көлден көтерілгенде  кіршіксіз аппақ қанаттар бетіне жанап өткенін Қоңырқаз күллі болмысымен сезінді. Лықсыған ыстық сағыныш күйдіріп, шыдай алмай қара көзден  жас парлады.

Көл жағасында еңіреп жылағанда етегі толған анасы құстар көкжиекте көзден таса болып, қызының бұлақша аққан көз жасы тыйылғанда  бетін жуып, киіз үйге оралып еді. Содан кідіре беруге жүрегі дауаламай қызын құшақтап ауылға тартты. Машинадан көтеріп түсіргенде қызы денесі от шарпып күйіп тұр екен. Сол жатқаннан екі тәулік қатты ауырды.

Қоңырқаздың көрінбей кеткеніне мазасызданған, жұмбақ мінез қыз бала пайда болғалы ұмыт қалған қылқаламын қайта қолға алып, сүйікті өнеріне біржола  бет бұрғанына бек разы Еркежан ағайы «Не болғанын біл!»  деп бір ұлын жүгіртіп еді. Ол Қоңырқазды көре алмай қайтып келді. Жүрегі суылдай берген соң суретші қасына дәрігер келіншегін ертіп, Қаршығаның үйіне келді. Күн-түн Тәңірге жалбарынып, ұйқы көрмей көзі қызарып кеткен жас әйел ерлі-зайыпты екеуіне тағылық танытып, қызы бар бөлмеге жолатпады.

Суретші үйіне тұнжырап оралды. Жолай әйелі басын шайқап, баласына ешқашан дәрігер шақырмайтын Қаршығаның жабайы мінезіне тұңғыш рет қатты күдіктенді.

Қоңырқаз анасын қуантып, тез тәуір болды. Ол қағаз бетіндегі періштелерін аңсап суретшінің үйіне жүгірді.

Хорлан-Қоңырқаз бір мүшелді толтырғанда үріп ауызға салғандай бота көзді жасөспірім қыз болды. Анасы жалғызының кемтарлығына жаны ашыған ауылдастарының күбір-күбір сөзін  түк естімегендей баяғысынша жүре берді. Қайғы меңдесе, қарағайдай сұлатарын сезіп, бөтен ой ойламауға тырысатын әйел қызы бойжеткен сайын қанаты өсіп, арқасының томпақтығы бүкірлерге тән сүйір сипат алмай жұмыр көрінетінінен қарадай састы.

Қоңырқаздың шашын анасы қысқа қиып өсірмеді, күлтеленген  толқынды шашына, маздап жанып тұратын қос қарашығына қарап, оны момақансып көрінетін өжет те тентек ұл бала деп ойлап қалуға болатын.

Есіне аққулы көлдерді жиі-жиі ала берген Қоңырқаз оңашада жалаңаштанып, қос қанатына айнадан көз салатын, ұшуға құмартып, әзер жүргеніне таңданды.

Сонымен, әлқисса, аққулы көлдерді сағынып, аңсары ауып жүрген шақта құпия ойын сезгендей бетіне жалтақтап қарай берген суретшінің үйінен қайтар жолында Қоңырқаз ауыл шетіндегі бақта балалардың төбелесіп жатқанын көрді. Жүрегі өрекпіп, Қоңырқаз үйіне жүгірді. Тілеуіне орай анасы мектепте екен. Жалаңаштап арқасына анасының  шашақты қара ала шәлісін жамыла салды. Екі өкпесін қолына алып, алқынып жеткен Қоңырқаз  төбелескен екі ұлдың ортасына түсе берді. Зәбір шеккен жасөспірім ұлды қорғап, оның қарсыласын кеудесінен итеріп кеп жіберді.

Озбырлана ұмтылған жанжалқор баланың саусағы шашақты  шәліге ілікті. Сусып иықтан сырғыған шәлі сыпырылып жерге түскенде, о, құдірет, айнала қоршаған топ мифтегі Горгонаның* басы сиқырлағандай мелшиіп  қатып қалды. О, құдірет! Сұмпайылық пен асқан сұлулықтың ерен күші тепе-тең екен ғой! Көрген жанды екеуі де естен тандырады. Сұлулыққа көз қуанады, сұрықсыздық көз қариды.

Айқай-шуға елеңдей жүгіріп шыққан суретші жазыла бастаған қос қанатты көріп, сілейіп қатып қалды. Сұңғақ бойлы, қоңырқай өңді қыз бала ертегі елінен ұшып келген аққу – ханша дерсің, сиқыр сұлулығы адамзаттан алабөтен көрінді. Тәңірім-ай, неткен сымбатты тұлға еді! Адамдарды неге  қанат бітіріп жасамадың?

Кенет таяқ жеген жасөспірімді белінен құшақтай алған Қоңырқаз жоғары көтеріле бастады. Күнмен шағылысқан аппақ қанаттар жазылып, көкке шырқады.

Мынау ұлды неге ала ұшқанын ол әуелгіде ұқпаған. Мұрнына тек көк аспанның кезбе бұлттарының үлбіреген мақпал иісі келіп, үздіге жұтып, жел айдаған ақ бұлттармен жарысып, жер мекенінен ұзай берді. Ұйықтаса түсінен шықпайтын көлдерді бір көруге зар. Қоңырқаз адамдардан мүлде безініп, бауыры суығанын сезінді. 

Ауыл  тұрғындары далаға атып шығып, демде жайылған хабарға сенер-сенбесін білмей сеңдей соғылысып, жапа-тармағай аспанға сүзілген. Дүрліккен елден Қаршыға болған жайтты шала-шарпы естіп, талып түсе жаздады. Бар қуатын жиып, алақтап, машинасы құрғыр ұшыраспаған соң жақын маңдағы қораның біріне жүгірді. Ауладан жетектеп алып шыққан атқа қарғып мініп, жайлауға қарай аттың басын жіберді.

Аққулы көлдер таяу қалды. Қоңырқаздың ауыр салмақ жанышқан  қолдары үзіліп түсердей көрінді. Сәл шыдасам деп  ойлады ол санасы біртүрлі күңгірттеніп, басынан ой атаулының бәрін аластауға құштарланып. Сосын бәрі бітеді.

Айдын көлдердің айнасы жарқ етіп найзағайдай ұрғаны ма, зәулім көктен сорғалап, төмендеп құлдырап келеді, шіркін-ай, сәл төзсе ғой!

Бұл фәнидің жүгі неткен ауыр еді. Соңғы күшін бойына жиғанмен,  болар іс болды. Құшағы ажырап, серігі көлге құлады. Қанатынан қайырылып, түбінен опырылып кеткендей сезінді. Жебе тиген жаралы құстай суға құлады. Су беті анасының аялы алақанындай жұмсақ екен. Анамды жылатып кеттім-ау, енді қайттім?! – деп тұншығып ойлады. Менен  адасса, қара жерге кіргеннен  өзге несі қалды...Жаны елжіреп, еңіреп жылап жіберді.

Бірін-бірі  шабақша қуалап бұйра толқындар жыбырлайды. Ұл шым батып кетті. Жанталасып су бетіне көтеріліп еді, қайта иірім тартты.

Хорлан-Қоңырқаз іші-бауыры шыдатпай күйіп бара жатқанын білді. Ішінде бірдеңе үзіліп түскендей жаны қиналып барады. Ол көлдің тереңінен сүңгіп барып, ұлды жағаға алып шықты.

Есіне көршінің шұбар мысығы оралды, өліп қалғанда  қимылсыз қалып еді, мына адам баласы да жансыз қалғанын көріп өліп қалды-ау деп ұқты. Оның құлағына сұңқылдаған құс үні талып естілгендей болды. Мұндай керемет үнді анасының құрсағында жатып тыңдағанын түсінді. Жан-дүниесін таңғажайып таныс әрі бейтаныс күй баурады. Ол қиялы дәрменсіз бұлдыр мекенді аңсап, күрсініп салды. Адамдар арасында ұзақ жүріп қалғанына өкінді, сол мекенге жетуге құштар. Іші-бауыры күйіп барады. Қанаттан айрылғанша анасының назасы есіне түсіп қара жерге кірсемші деді. Аққу  мекенге сағынышы жас болып ағып жатыр. Дүние бұлдырап, көз жасымен  қоса шайылып барады. Ұшуға талпынып, қанатын сермеп еді,  ауырсынып, биік көтеріле алмай қор болды. Осыны сезінуі мұң  екен, Қоңырқаз адамға тән түйсік сезімнен мүлде арылып еді.

Осы минутта  жүйрікпен шауып жеткен Қаршыға жерге домалай секіріп түсті. Әттең, жан иесі жазмыштан озған ба, кеш қалды. «Москвичте» отырғандар да кешіккен.

Көлге ұшып жеткен бірнеше аққу судағы қыз баланы киімінен тістеп, биік тауларға алып ұшты.

Шарасы құрыған әйел жалбарынып, көкке қолын жайып, құс тегі ұрлаған ұрпағының соңынан көзін сатып, телміріп қала берді.

Жағадағы ұл өзіне-өзі кеп, тізерлеп, қолы жаюлы қалған әйелге жаутаңдап:

  • Апа, Қоңырқаз қайда? – деп кемсеңдеді.

Қоңырқазынан табанда айырылып қайғы алған суретші егіліп жылай берді. Артынан көл бетіндегі бірнеше қауырсынды жүзіп барып жинап алды. Қаракөз Қоңырқаздан қалған бар белгі сол ғана.

Жөргегіңнен иісің сіңбеген соң суық бауыр тартып, жатсынып, көл  шошытты ма сені, Қоңырқаз, әлде бітімің бөлек, шоқтығың биік болған соң елсінбей, қара жерден безіндің бе, Қоңырқаз?!

Сол күні Ақылбай қойшы Сарыарқада малын бағып жүріп аспанда әлденені көтеріп ұшқан аппақ құстарды көріп еді. Соның не екенін анықтап көруге көзінің  кемістігі бөгет болды.  Суретші жігіт қызметін мүлде тастады. Тіл-жақтан айрылып, адамзат қоғамынан безініп, бөлмесіне бекініп, күннің атысы, түннің батысы кенепке сурет салады деседі. Оның дәрігер  келіншегі күйеуі қапыда айырылған қанатты адамның ерекше әдемі көздерін тірі күйінде бейнелей алмаса асылып өлуге даяр екенін әулиелікпен сезіп, суретшіге зор шеберлік тілеп, жаны қалмайды.

Қылжақбас біреу қамысты көлдерден әйел басты құс көрдім деп бөскен еді. Қаршыға егіліп жанына жаналғыштай  жетіп келгенде  тұтығып, «Жай айта салып ем»,– деп  міңгірлеуге зорға тілі келді.

Ауыл адамдары Қоңырқазды анда-санда естеріне алады.Тек ұмытпайтын  – анасы мен қияли суретші ғана.

Әйел өзін тағдырға мойынсұнып тыныш ұстайды. Кейінірек ол тұрмысқа шығып, нәресте сүйді. Көктем мен күзде жыл құстары келіп-кетіп жүрген буырқанған қасиетті шақта Қаршыға базары тайған үйіне жоламай, ұзақты күндер  аспанға телміріп, көкжиекке тесіле көп қарайды.

Нағашысы бөбегін Қоңырқаз деп бекер атапты. Оны аққулар әкетті.

                                                                                     7 қазан 1987 жыл.

Горгона Медуза*  – грек мифологиясында шаш орнына басына жыландар өскен, беті әйел құбыжық. Оған қараған адам тасқа айналып, қатып қалады

Байланысты жаналықтар

Ел спортшылары Жапонияда конькимен жүгіруден екі алтын еншіледі

23.11.2024

Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды

21.11.2024

Жанқош Тұраров қырық сылтау айтып, тергеуге келмейді – Әнару Құрманәлінің адвокаты

21.11.2024

Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы өтеді

20.11.2024

Рафаэль Надаль енді теннис ойнамайды

20.11.2024

Таразда еркін күрестен Қазақстан кубогі аяқталды

16.11.2024
MalimBlocks
Ел спортшылары Жапонияда конькимен жүгіруден екі алтын еншіледі

Отандастарымыз B дивизионында жарысты

Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды

Жанқош Тұраров қырық сылтау айтып, тергеуге келмейді – Әнару Құрманәлінің адвокаты

Боксшының тергеуден қашып жүргені белгілі болды

Астанада қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы өтеді

Рафаэль Надаль енді теннис ойнамайды

Ол «Ролан Гаррос» алдында бұл турнир өзінің карьерасындағы соңғысы болуы мүмкін екенін де алға тартқан

Таразда еркін күрестен Қазақстан кубогі аяқталды

Балуандар 5 салмақ дәрежесі бойынша бәсекеге түсті