Елтаңбаның авторы Шот-Аман Уәлихан қайтыс болды

Malim Админ

  • 31.03.2021
Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, архитектор Шот-Аман Уәлихан қайтыс болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қаралы хабарды фейсбук парақшасына жазды.
"Қазақ елі тағы бір төбесі биік тарланынан айырылды.
89 жасқа қараған шағында Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторы, танымал мүсінші, белгілі архитектор Шот-Аман Уәлихан ағамыз дүние салды. Сөз жоқ, бүгін осынау орны толмас қайғыға Шот-Аман ағамыздың отбасы, айнала-жақындарымен бірге оның тарихи тұлғасын әспеттеген бүкіл қазақ елі ортақтасып жатыр. Өйткені, асыл ағамыз бойындағы бар ілім-білімі, тума таланты, зиялы болмысымен Ұлт келбетін айшықтаған ұлы еңбегін ұрпақтар еншісіне байлап, мемлекетіміздің мәртебесіне айналдырып кетті. Оның жарқын бейнесі ел есінде мәңгілік сақталады. Марқұмның топырағы торқа, жаны жанатта болсын", - деді министр.
Уәлихан Шот-Аман Ыдырысұлы1932 жылы 26 сәуірде Көкшетау өңіріндегі Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында дүниеге келген.
1956 жылы Мәскеуде архитектура институтын бітірген соң, «Казгорстройпроект» жобалау институтында архитектор, содан кейін КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер, Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары, республикалық Мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, «Казграждансельпроектінің»
Бас сәулетшісі, 1973–1982 жж. Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы, КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының хатшысы, 1990–1995 жж. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өнер және сәулет бөлімінің меңгерушісі болған.
1995 жылдан осы кезге дейін Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы орталық кеңесінің төрағасы әрі Халықаралық Абылай хан қорының президенті.

«Ақ нұр» (1982), «Тағдыр» (1984, үшінші жүлде алған), «Террор» (1998), сондай-ақ «Жас Шоқан», «Шоқанның ақ түні» т.б. пьесалары театр сахнасында қойылып жүр. 1965 жылы «Таспен жазылған симфония» атты повесі жарық көрген. Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі (1999), Халықаралық Шығыс елдері сәулет өнері академиясының академигі (2001), профессор (1998), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1970), Республиканың Еңбек сіңірген сәулетшісі. ҚР Сәулетшілер, Суретшілер одақтарының мүшесі. Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің, Астана қаласындағы Кенесары ескерткішінің (2001), Семейдегі атом құрбандарына арналған монументтің (2001), Көкшетаудағы Талғат Бигельдинов бюстінің – барлығы 20 шақты ескерткіштің авторы (өзгелермен бірлесіп). ҚР елтаңбасы авторларының бірі. Әлемдік Шыңғысхан академиясының Құрметті президенті (академигі).
«Құрмет» орденімен марапатталған. Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері (2001).

MalimBlocks