Қатар-2022. Әлем чемпионатының жеңімпаздары қанша сыйақы алады?
Рекордтық деңгейде ақшалай сыйақы алады

22-ші мәрте жалауын желбірететін футболдан әлем чемпионатында тұңғыш рет әйел төрешілер қызмет етеді. Олардың қатарында Стефани Фраапар, Салима Мукасанга және Йошими Ямасита бар.
Стефани Фраппар 1993 жылы дүниеге келген. 2011 жылдан бері Францияның үшінші лигасы санатындағы ұлттық чемпионатта төрешілік қызметін бастады. Ал 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Жазғы олимпиада ойындарында Канада мен Австралия, Оңтүстік Африка мен Бразилия кездесуін бақылады. 2020 жылдан бері УЕФА Чемпиондар лигасында төрешілік етеді.
Африканың Руанда елінде тұратын Салима Мукасанга 1988 жылы туған. 2012 жылдан бері FIFA-ның халықаралық деңгейдегі төрешісі қатарына қосылды. 2019 жылы Францияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында өз міндетін атқарды.
Ал Йошими Ямасита 1986 жылғы. Ол 2019 жылы Францияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты, 2020 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына төрелік етті. Қатардағы әлем чемпионатында 36 төрешіге алаң жиегінде 69 лайнсмен көмектессе, VAR жүйесіне 24 төреші жауап береді.
2022 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатысатын командалар ФИФА-дан рекордтық деңгейде ақшалай сыйақы алады. Естеріңізде болса, 2018 жылы Ресейде өткен доп додасында жеңіске жеткен Франция құрамасы 38 млн доллар алды. Ал биыл турнир жеңімпазы 42 млн доллар табыс табады. Бұл футболдан әлем чемпионаты тарихындағы ең мол сыйақы. Ал 2-орынға 30 млн, үшіншіге 27 млн, 4-орынға 25 млн доллар. 5-8 орын: әр командаға 17 млн доллар , 9-16 орын алғандарға 13 млн доллар. 17-32 орын: әр командаға 9 млн доллардан берілмек.
Биылғы әлем біріншілігінің жеңімпаздары алатын кубоктың да өз тарихы бар. Ол 1930 жылдан 1970 жылға дейін Жюль Римет жүлдесі деп аталды. Бағалы болғаны соншалық, 1983 жылы ұрылар кубокты ұрлап балқытып, еріткен. Содан кейін қайта қалпына келмеді. Араға уақыт салып жаңа кубок жасалды. Жеті елден келген ФИФА сарапшылары 53 шебердің жұмысынан италиялық дизайнер Силвио Газзанижаның туындысын таңдады. Трофейдің биіктігі 36 см. 18 караттан, 75% алтыннан жасалды. Салмағы 6 келі. Кубокті чемпиондар үйіне алып кете алмайды. Оларға тек алтын жалатылған көшірмесі беріледі.
Әлем чемпионатының 21 турнирінде сегіз ұлттық құрама жеңіске жетті. Бразилия бес рет. Германия мен Италия төрт мәрте жеңіс жалауын желбіреткен. Франция, Аргентина, Уругвай екі рет және Испания мен Англия бір реттен чемпион болды.