Терезеден қарап тұр Бейсен ағам...

Malim Админ

  • 18.05.2021

Терезеден қарап тұр Бейсен ағам...

Үнсіз ғана сұраймыз есен аман...

Ағаның ақылы мен кеңестері

Есімде айтылғандай кеше маған.

Жүрегіне сиғандай жарты ғалам,

Кең еді, кемел еді марқұм ағам.

Бейсен аға қарап тұр терезеден

Бағыт сілтеп, рух бүркіп арқыраған.

Бұл сурет кейде ерекше нұрланады,

Ал кейде ашуланып, сұрланады.

Нұрланғаны – шаттығы қазағының,

Сұрланғаны – көз жасы бір баланың!

Тағдыр-тақта пендеде маңдай екен...

Суретте де сертіне жандай бекем

Терезеден қарап тұр Бейсен аға...

Осы әйнектің ар жағы қандай екен?

Бейсен Құранбектің әріптес іні-қарындастарына беретін кеңестері жайлы бір үзік ой

Қара аспан төнгендей болды...

Шырағым сөнгендей болды..

Қабірді жапқан топырақ

Мені де көмгендей болды...

Адамдықтың, азаматтықтың үлгісі болған Бейсен Абайұлының қазасы қазаққа қиын тиді. «Бейсен ағамыз бақилық болды» деген қаралы хабар мамырдың мамыражай күнін түнертіп жібергендей. Өмірде кездейсоқ ештеме жоқ. Бәрі Алланың жазуымен, кесіп-пішуімен болады ғой. Талайдан бері жанын жегідей жеген сырқатының ақыры дендеп, қасиетті Рамазан айының соңғы онкүндігінде дәм-тұзының таусылуы да – Жаратқанның әу баста маңдайына жазған тағдыры ғой деп өзімізді жұбатамыз... Бақұл бол аға! Рухың пейіште шалқысын. Енді Сіз біздің жүрегіміздесіз.

Елге пайдалы дүниемен айналысу керек

Бейсен ағамен етене жақын танысқалы бір мүшел бопты. «Ер жігіт еліне қазмет етуі керек. Туған жерге маңдай терің сіңсін, кел батыр, бірге жұмыс істейік» деп өзі шақырған сонау 2008 жылдан бері әріптес, дос, аға-бауыр болып араластық. Телеарна эфиріне жаңа хабарлар шығардық. Сол әр хабардың алдындағы ақылдасу кезінде: «Батыр, бұл хабарың елге пайдалы ма? Қарапайым қазаққа не береді?» деп жымиып сауал қойып, жауабыңды рахаттана тыңдап отыратын. «Қандай істі бастамас бұрын, оның елге пайдасын ойла. Пайдасы жоқ дүние болса, бірден бас тарт. Уақытыңды текке өлтірме» деуші еді жарықтық. Содан болар, Бекең басқарған жылдары «Жетісу» телеарнасының эфирінде елге пайдалы хабарлар көптеп шықты.

«Бір орында 5 жылдан артық жұмыс істеудің қажеті жоқ. Тоқырауға түсесің. Үнемі ізденіс үшін 4-5 жылда жұмысты жаңартып тұру қажет» деген ақылын жиі айтып отыратын. Әрі оны өзі де ұстанды. Сол себепті де басшылық қызметін тастап, елге көбірек пайдасы тиген «Айтуға оңай», «Қарекет» хабарлары арқылы ұлттық арна эфирінен әр қазақтың жүрегіне ой салды. Қазақ балаларының алғыр болуы үшін менталды арифметика, мега жады жобаларын қолға алып, жас ұрпақты ұлттық тәрбиеден алшақтап кетпеу үшін жанын салды. Қарап отырсаң, ғұмырының келтелігін біліп, еліме пайдам тисін деп асыққандай...

Салың суға кетсе де, бағытыңнан тайма

Бейсен аға – мықты мотиватор еді. Ұнжырғаң түсіп, салың суға кеткен түріңді көрсе «Жүр, батыр, әңгімелесейік» деп шақырып алатын. Әңгімесі – ақыл айту, дәріс оқу емес. Өзгеше жылылық пен ерекше қамқорлықтағы достардың сұхбаты еді. Ары кетсе жарты сағатқа созылған әңгімеден соң, басшының аядай бөлмесінен иығыңа қанат бітіп, тау қопарар екпінмен шығатынсың.

Жас отбасы болғандықтан, қаражат тапшылығы – қашаннан бергі мәселе ғой. Қаржылай қиналғанда сан рет қолымды да ұзартты. Сондай кезде Бекең: «Ақша – бақыт емес. Егер оны бірінші орынға қойсаң, басты мәселеге айналады. Отбасындағы ырду-дырдудың бәрі соның айналасында болады. Ақшаға мүлде назар аударма. Бастысы, дені-қарың сауда жапырып жұмыс істе. Ақша да, абырой да кезегімен келеді» дейтін. «Салың суға кетсе де, бағытыңнан тайма. Мақсатқа жету үшін – ерен еңбек аздық етеді. Ерік пен өлермендік керек» дейтін Ағаның айтқандарын енді түсініп жүрміз.

Бейсен аға: «Бала тәрбиесінде еркіндікке ерекше ден қою керек» дейтін. Ағаның шаңырағында талай болдық. Қыздары кішкене күнінде үйдің ішкі қабырғалары құдды галлерея болатын. «Баланың шабыты келгенде қолын қақпаңдар. Қайта қолы жетпей жатса, астына орындық қойып беріңдер. Өнерге жақын өскен бала жаман адам болмайды» деген ақылын тыңдап, балаларды музыка мектебіне бердік. Қай жерге сурет салса да, «тәйт» демедік.

Бойдақ қыз-жігіттерге үйленіңдер, тұрмысқа шығыңдар дегенді жиі айтатын. Ал, үйлі болғандарға топырлатып бала туыңдар, ұлтымызды көбейтіңдер деп бата беретін. Бұл батаның байыбына да бертінде ғана бойладық қой. Ағамыздың батасы талай зұлмат пен зобалаңды бастан өткерген халқымыздың боздақтарының орнын толтырсақ деген ізгі мұраттан туған тілек екен ғой...

Қарапайымдылық – ең асыл қасиет

Бейсен Абайұлы келгелі «Жетісу» телеарнасында үлкен өзгерістер болды. Штат көбейді, материалдық техникалық база нығайды. Сондай үлкен шаруаларды атқара жүріп Бекең барлық қызметкерге назар аударатын. Мәселесін тыңдайтын. Сенбіліктерде, көкке шыққанда немесе жұмыстан бос уақытта ескі ғимараттың артындағы бақта алқа қотан әңгіме-дүкен құрып отыратын. Кейіндеу ғимарат алдында үстел теннисін қойдырып, өзі де беріле ойнаушы еді. Қызметкерлер көп мәселені басшының кабинетінде емес, сондай бейресми кездесулерде шешіп алатын. «Аудан-ауылдарға жиі шығасыңдар. Барынша қарапайым болыңдар. Жазғандарыңды ауылдағы ағайын бір дегеннен ұғатындай болсын. Сөйлемдерің қаншалықты қысқа, әрі нық болса – шеберліктеріңнің артқаны» дейтін журналистермен өткізетін жиындарда.

Ия, шашын сыпырып, жеңін түріп тастап «Айтуға оңайдан» жарқ етіп шыға келгенде исі қазақ Бекеңнің бойынан еркіндік пен қарапайымдықтың ерен үлгісін көрді. Сол себепті де оның мейірімге толы жанарына, нұрлы жүзіне сүйсіне қарап, жүрегінен шыққан жылы сөзін жүректерімен қабылдады. Бекеңнің дерті белгілі болғанда қара орман көрермені қара баласына қашанда тілеулес, қамқор болды. Ыстық ықыластарын, телегей тілектерін арнап, аурудан араша сұрады. Туу бар да, өлмек бар. Ажалға араша жоқ қой... Марқұмды ақтық сапарға халқы сол махаббатымен, ықылас-пейілімен қимай-қимай шығарып салды. Әр қазақ өз отбасындағы қимас жанмен қоштасқандай күй кешті... Аға бейнесі біздің жүрегімізде, күллі көрерменнің санасында сол қарапайым ғана жасандылығы жоқ жымиысымен қалды.

Бақұл болыңыз, аға! Жаратқан жаныңызды рахымына алсын. Алдыңыз пейіш, артыңыз ырыс болсын! Әумин.   

Данияр Болысбекұлы

Талдықорған

Байланысты жаналықтар

Бейсен Құранбектің сөзі: Шал мен кемпірдің баласы болдым

03.03.2021

"Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой, Бейсаға!"

09.12.2020

Бейсекеңнің қадірін білмедік

04.12.2020
MalimBlocks
Бейсен Құранбектің сөзі: Шал мен кемпірдің баласы болдым

"Әжеміздің ғасыр тойында тік тұрып қызмет етеміз деп уәделесіп едік қой, Бейсаға!"

Бейсекеңнің қадірін білмедік