freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Субсидиялар және ШОБ қаржыландыруындағы жүйелік олқылықтар

Экономика
Субсидиялар және ШОБ қаржыландыруындағы жүйелік олқылықтар
ФОТО: ©автордың меншігі

Былтыр ішкі сауда саласында екінші деңгейлі банктер арқылы несиелерді субсидиялау және кепілдендіру бағдарламасы іске қосылды. Субсидияланған мөлшерлеме 10,75% деңгейінде белгіленді.

Жарияланған ауқым әсерлі: 2 200-ге жуық жоба, жалпы сомасы 300 млрд теңге. Алайда нақты қаржыландырылған көлем - 120 млрд теңге ғана. Яғни, мақұлданған өтініштердің тек 40%-ы ғана нақты ақшаға айналған. Ішкі сауда бағдарламасы бойынша жарияланған қолдаудан небәрі 4,3 млрд теңге бөлініп, 460 жоба ғана қаржыландырылды. Сандар көңілге қонымды болғанымен, нәтиже күңгірттеу сияқты.
Бүгінде мәселе бағдарламалардың жоқтығында емес - олардың іске асу тетігінде.

  • Субсидиялардың кешігуі. Бюджеттен өтелуі тиіс несиелер уақытылы жабылмайды. Өтемақылар кейінге шегеріледі. Кәсіпкер несиені банктен алады, бірақ субсидияны күтіп, жоғары пайызды өз қалтасынан төлей бастайды.
  • Лимиттердің таусылуы. Қаржыландыру лимиттері жыл ортасында бітіп қалады. Демек, бағдарламаға қатысқан кәсіпкер де, қатыспаған кәсіпкер де бірдей белгісіздікте қалады.
  • Нарықтық мөлшерлемелердің ауыртпалығы. Базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейінде банктердің несие және лизинг өнімдері 20-25% шамасында тұр. Мұндай ортада шағын кәсіпкер үшін инвестиция туралы ойлау - артықшылық. Бірінші мақсат - қаржылық аман қалу.
  • Кепіл мәселесі. Кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін кепілдендіру механизмі әлсіз. Қолдау бар сияқты, бірақ оған жетудің жолы жабық. Нәтижесінде тәуекел формалды түрде мемлекет пен банктер арасында бөлінгенімен, іс жүзінде оның бүкіл жүктемесі кәсіпкердің мойнына түседі.

Бұл мәселеде халықаралық тәжірибені бір шолып өтсек.

Германияның KfW моделі (Kreditanstalt für Wiederaufbau) - тек даму банкі емес, толыққанды қаржылық тұрақтандыру жүйесі. Мұнда ШОБ-ты қаржыландыру тәуекелі мемлекет, коммерциялық банктер және өңірлік институттар арасында теңгерімді бөлінеді. KfW нарықпен тікелей бәсекелеспей, банктер арқылы жұмыс істейді және тәуекелдің бір бөлігін өз мойнына алу арқылы несиенің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Оңтүстік Кореяның KODIT жүйесі (Korea Credit Guarantee Fund) кепілсіз немесе жеткіліксіз кепілі бар кәсіпкерлерге мемлекеттік кепілдік береді. Ерекшелігі - қаржыландыру тек мемлекет есебінен емес, ірі корпорациялар мен даму институттарының бірлескен қатысуымен жүзеге асады.

Екі модельдің ортақ қағидасы: тәуекелді бір нүктеге шоғырландырмау. Тәуекел теңгерімді бөлінген жерде ғана қаржы жүйесі тұрақты жұмыс істейді.

Не өзгеруі керек?

Біріншіден, ШОБ несиелерін субсидиялаудың қаржыландыру тетігі тұрақтандырылуы тиіс. 
Жыл ортасында таусылатын лимит - бұл экономикалық құрал емес, уақытша әкімшілік шешім. ШОБ несиелерін субсидиялауға арналған бюджет қоры кем дегенде үш жылдық көкжиекпен жоспарлануы тиіс. Лимиттің таусылу қаупі туындаған жағдайда кәсіпкерлер алты ай бұрын хабардар етілуі керек.
Екіншіден, кепілдендіру қорының базасы кеңейтілуі керек - оған мемлекетпен қатар ірі бизнес пен даму институттары да тартылуы тиіс. Халықаралық тәжірибе үлгісінде ірі корпорацияларды кепілдендіру қорына қатысуға тарту керек. Кепіл талаптарын жеңілдету критерийлерін заңнамалық деңгейде бекіту.
Үшіншіден, жарияланған қолдау мен нақты қаржыландыру арасындағы алшақтықты өлшейтін ашық есептілік жүйесі енгізілуі қажет. Сандық көрсеткіш жетіп жатыр, ал сапалық баға жоқ. Тоқсан сайын мақұлданған, нақты қаржыландырылған, бас тартылған өтініштер бойынша ашық деректер жариялануы тиіс. Бұл реттеушілік функцияны күшейтіп, жүйенің өзін-өзі түзетуіне мүмкіндік береді.
Төртіншіден, субсидия кешіккені үшін өтемақы тетігін іске қосу керек. Білетініміздей, субсидия уақытында келмеген жағдайда кәсіпкер артық шығын көтереді, бірақ ол өтелмейді. Сондықтан субсидиялар белгіленген мерзімнен кешіктірілген жағдайда автоматты өтемақы есептеу тетігін енгізу орынды. Бұл мемлекет үшін төлем тәртібін сақтауға институционалдық ынталандыру қалыптастырады.

Қорытындылай келгенде, мәселе қолдау бағдарламаларының жоқтығында емес. Олар бар, жұмыс істейді, бірақ жартылай.

Қазіргі жүйе сандық есептілік үшін оңтайландырылған: жоба саны, бөлінген сома, мақұлдау пайызы. Алайда бізге, кәсіпкерлер үшін маңызды болатын көрсеткіштер - субсидияның уақтылылығы, кепілдіктің қолжетімділігі, болжамдылық - есептілікте көрінбейді.

Егер шағын және орта бизнесті экономиканың нақты драйверіне айналдырғымыз келсе, онда экономикалық шешімдер де, бюджеттік жоспарлау да жоғарыдан төмен емес, төменнен жоғары қарай - кәсіпкердің нақты тәжірибесінен бастап құрылуы тиіс. 

Мұхит Асанов, кәсіпкер,

“Asem” химиялық зауыт және “Asem medical”

клиника желілерінің негізін салушысы

 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу