freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қайтарылған активтер есебінен Абай облысында 27 әлеуметтік нысан салынуда

Қоғам
Қайтарылған активтер есебінен Абай облысында 27 әлеуметтік нысан салынуда
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру жалғасуда. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік сала нысандарын салуға бағытталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Активтерді мемлекетке қайтару жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталды. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан заңсыз иемденілген мүлікті мемлекетке қайтарумен және бұл қаражаттың әлеуметтік маңызы бар жобаларға тиімді жұмсалуын бақылаумен айналысатын арнайы қызмет құрылды.

Ірі жобалардың бірі – Семей қаласындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа корпусы. Бұған дейін өңірде психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған жалғыз орталық жұмыс істеді. Ол өткен ғасырдың 60-жылдары салынған, 400 орынға ғана есептелген болатын және ұзақ жылдар бойы толық жүктемемен қызмет көрсетті. Соның салдарынан жүзден астам адам арнаулы әлеуметтік қызмет алу үшін кезекте тұрған.

2024 жылы прокуратура жүргізген тексеру барысында ондаған жыл бойы 150-ден астам психоневрологиялық ауруы бар азамат орын тапшылығына байланысты қажетті медициналық және әлеуметтік қызметтерді уақытылы ала алмай келгені анықталды.

Осыдан кейін мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жаңа корпус салуға 2,6 млрд теңге бөлінді. Қаржыландыру 2025 жылдың басында бөлініп, араға бір жыл салып нысан пайдалануға берілді. Жаңа корпус орталықтың сыйымдылығын арттырып, әрекетке қабілетсіз пациенттерге тәулік бойы күтім көрсетуге мүмкіндік берді.

Тағы бір ірі жоба – Семей қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысы. Жобаның құны – 7,6 млрд теңге. Бұған дейін қалада 30 жылдан астам уақыт бойы қосымша білім беру бағытында жаңа нысандар салынбаған, ал қолданыстағы ұйымдар балалар санының артуына байланысты сұранысты толық қамтамасыз ете алмай келген.

Заманауи көпфункционалды орталық 1 500 оқушыға арналған. Мұнда бассейн, спорт залдары, робототехника, авиамодельдеу, ІТ-бағдарламалау кабинеттері және қосымша білім беруге арналған өзге де арнайы алаңдар жабдықталған. Жақын арада кешенге балалардың қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады.

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Аягөз ауданы мен оған іргелес аумақтардың тұрғындарын көп жылдан бері алаңдатқан мәселе де шешімін тапты. Аягөз аудандық көпбейінді орталық ауруханасында магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты болмағандықтан, тұрғындар тексеруден өту үшін Семей қаласына баруға мәжбүр еді.

Аталған аурухана Аягөз ауданының 70 мыңнан астам тұрғынына ғана емес, Үржар, Мақаншы, Ақсуат және Жарма ауданының бір бөлігіндегі тұрғындарға да қызмет көрсетеді. Ауданның республикалық маңызы бар автожол мен халықаралық теміржол дәлізі бойында орналасуын ескерсек, қызмет көрсетілетін халық саны шамамен 170 мың адамға дейін жетеді.

МРТ аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысына 250 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың маусым айында аяқталды. Енді бірнеше ауданның тұрғындары жоғары дәлдіктегі диагностикалық тексеруден облыс орталығына бармай-ақ өз өңірінде өте алады.

Жалпы, Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жалпы құны шамамен 52 млрд теңгені құрайтын 27 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 20 жоба – су құбыры желілерінің құрылысы, 3 жоба – денсаулық сақтау саласында, 2 жоба – көлік инфрақұрылымы бағытында, сондай-ақ білім беру және электрмен жабдықтау нысандары бар.

Бүгінгі таңда 17 су құбыры нысанының, Семейдегі Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа корпусының, Оқушылар сарайының және Аягөздегі МРТ аппаратына арналған қосымша ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Нәтижесінде 17 ауылдық елді мекеннің 19,6 мыңға жуық тұрғыны орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Осылайша мемлекетке қайтарылған активтер бюджетке қайтарылып қана қоймай, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуда. Бұл ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және заманауи білім беру инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу