АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Иранға қатысты теңіз блокадасы қайта енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Ормуз бұғазы ашық және Иранмен болсын, онсыз болсын ашық күйінде қалады. Біз Иранға қатысты теңіз блокадасын қайта енгіземіз», – деп жазды Трамп. Оның айтуынша, бұл шешім ирандық кемелерге қойылатын тыйымға қатысты.
Сондай-ақ ол АҚШ өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалған шығындардың өтемі ретінде Ормуз бұғазы арқылы өтетін барлық транзиттік жүктердің құнының 20 пайызын алатынын мәлімдеді.
«Әлемдегі ең тұрақсыз өңірлердің бірінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кеткен барлық шығын үшін [АҚШ] барлық транзиттік жүктердің құнының 20 пайызы көлемінде өтемақы алады», – деді ол.
Трамптың айтуынша, бұл үдеріс дереу басталады.
Бұған дейін АҚШ президенті Fox News телеарнасының Fox & Friends бағдарламасына берген сұхбатында АҚШ-тың Ормуз бұғазын бақылауға алуы мүмкін екенін айтқан болатын.
«Біз бұғазды бақылауда ұстаймыз және оны басқаруымыз да мүмкін. Біз бұғаздың күзетшісіне айналамыз. Бұл үшін бізге өтемақы төленуі тиіс. Біз оны қорғаймыз және оның күзеті үшін қомақты қаржы аламыз», – деді Трамп.