Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов Қазақстанның халық әртісі, танымал әнші Роза Рымбаеваға автокөлік сыйлады, деп хабарлайды Malim.kz.
ABAI AQPARAT басылымының жазуынша, Қалбатауда ашық аспан астында үлкен гала-концерт ұйымдастырылған. Мерекелік кеште Роза Рымбаевамен бірге Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Медеу Арынбаев және Kalifarniya өнер көрсетті.
Аталған концерт Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың қолдауымен өткен. Кеш барысында қазақ эстрадасының аңыз әншісі Роза Рымбаеваға құрмет көрсетіліп, арнайы автокөлік тарту етілді.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Халық әртісі, танымал әнші Роза Рымбаева сахнадан кету туралы ойын айтқан еді. Бұған дейін Роза Рымбаева "Соңғы рет қашан жыладыңыз?" деген сұраққа шынайы жауап беріп, сезімін бүкпесіз жеткізген еді. Сондай-ақ ол өмірлік серігі Тасқын Оқаповты сағынышпен еске алып, жүрекжарды сөздер айтқан болатын. Сонымен қатар Роза Рымбаева сахнадан дер кезінде кетудің маңызды екенін айтып, өнердегі кейбір әріптестеріне қатысты пікір білдірген.
Роза Рымбаева – қазақ сахнасының алтын үні
Роза Рымбаева – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар, халықтың ыстық ықыласына бөленген көрнекті өнер иесі. Ол 1957 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Әншілік жолын 1975 жылдан бастап, алдымен "Гүлдер" ансамблінде, кейін "Арай" ансамблінің құрамында өнер көрсетті.
Әншінің шығармашылық ғұмырындағы ең үлкен белестердің бірі – 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық байқауындағы жеңісі. Ол осы додада Гран-при иеленіп, қазақ өнерін әлемдік сахнада танытты. Бұл жетістік Роза Рымбаеваның есімін тек Қазақстанға ғана емес, шетелдік тыңдарманға да кеңінен мәлім етті.
Оның репертуарындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сияқты әндер бірнеше буынның сүйікті шығармасына айналды. Бұл туындылар қазақ эстрадасының алтын қорынан орын алып, бүгінге дейін тыңдарман жүрегінен түспей келеді.
Өнерге сіңірген ұзақ жылғы еңбегі үшін Роза Рымбаева көптеген жоғары марапатқа ие болды. Ол "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.
Халық оны "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деп ерекше құрметтейді. Роза Рымбаева бүгінде де қазақ сахнасының биік тұлғаларының бірі ретінде өнер әлеміндегі орны бөлек әнші болып қала береді.