freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Ішімнен жылап отырамын": Роза Рымбаева ел естімеген құпия сырын жайып салды (ВИДЕО)

Қоғам
"Ішімнен жылап отырамын": Роза Рымбаева ел естімеген құпия сырын жайып салды (ВИДЕО)
ашық дереккөзден. Суретте: Роза Рымбаева

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева сахнадан дер кезінде кетудің маңызды екенін айтып, өнердегі кейбір әріптестеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Әнші бұл ойын "1001 түн" бағдарламасында айтты. Оның сөзінше, өнер адамы көрермен жадында жақсы қалуы үшін сахнадан уақытында кеткені дұрыс.

"Сахнадан уақытында кеткен дұрыс. Дірілдеп, қалшылдап, бүкірейіп, елді концертке бұйрықпен жинап, залға қинап отырғызып қоюдың не керегі бар?! Сен өзіңнің уақытыңда кетсең, халықтың, көрерменнің көз алдында сол деңгейде тұрасың, сол келбетіңмен қаласың. Дірілдеп, не дауыс жоқ, не түр жоқ кезде шығудың керегі бар ма?! Біздің кейбір әртістеріміз солай шыққан кезде мен "бекерге осы түрін көрсетті" деп айтамын. Мен өзіме сынмен қарайтын әншімін. Егер дауысым онша шықпай, жағдайым дұрыс болмаса, өзіме "уақытында сахнадан кет" деп сөз бердім", – деді әнші.

Бағдарлама барысында өнер иесі өміріндегі ең үлкен өкініші туралы да айтты. Әнші 23 жыл бірге өмір сүрген жолдасының өмірден ерте кетуі өзі үшін орны толмас қайғы екенін жеткізді.

"Ең бірінші өкінішім – 23 жыл бірге өмір сүрген, екі балам дүниеге келгенде, Халық әртісі деген атаққа жеткізген жолдасымның аяқ астынан өмірден кетіп қалғаны. Ол – орны толмайтын қайғы. Сіздердің алдарыңызда күліп, әңгіме айтып отырғанмен, ол кісінің аты аталғанда ішімнен жылап отырамын. Себебі маған ол кісі жасым ұлғайған сайын жетіспей тұрады", – деді өнер иесі.

Әншінің айтуынша, бүгінде ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев оның шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсетіп келеді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Халық әртісі, танымал әнші Роза Рымбаева сахнадан кету туралы ойын айтқан еді. 

Бұған дейін Роза Рымбаева "Соңғы рет қашан жыладыңыз?" деген сұраққа шынайы жауап беріп, сезімін бүкпесіз жеткізген еді. Сондай-ақ ол өмірлік серігі Тасқын Оқаповты сағынышпен еске алып, жүрекжарды сөздер айтқан болатын.

Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының алтын дауысы

Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының тарихында айрықша орны бар, ел ықыласына бөленген танымал әншілердің бірі. Ол 1957 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Өнер жолын 1975 жылы бастап, алғашқы кезеңде "Гүлдер" ансамблінде, кейін "Арай" ансамблінің құрамында ән шырқады.

Әншінің шығармашылық өміріндегі ең маңызды жетістіктердің бірі – 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық ән байқауында Гран-при иеленуі. Осы жеңіс Роза Рымбаеваның есімін халықаралық деңгейде танытып, қазақ өнерінің беделін арттырды.

Оның орындауындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" секілді әндер тыңдарман жүрегінен орын алып, қазақ музыкасының алтын қорына енді.

Көпжылдық еңбегі мен өнерге қосқан үлесі үшін Роза Рымбаева бірқатар жоғары мемлекеттік марапатқа ие болды. Ол "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.

Халық арасында әнші "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атаулармен кеңінен танылған. Роза Рымбаева бүгінде де қазақ сахнасының шоқтығы биік тұлғаларының бірі саналады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу