Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне жаңа басшы тағайындалды. Колледж директорының міндетін уақытша атқарушы қызметіне Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев кірісті, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тиісті бұйрыққа Аида Балаева қол қойған.
Жаңа басшыны оқу орнының ұжымына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Ринат Мұхаметқали ресми түрде таныстырды.
Кездесу барысында колледж қызметкерлері Біржан Хасанғалиевті жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ ұжым оның жаңа бастамалары сәтті жүзеге асып, оқу орнының шығармашылық және кәсіби дамуына серпін береді деген сенім білдірді.
Еске сала кетейік, Біржан Хасанғалиев әлеуметтік желіде әкесі, белгілі композитор әрі әнші Ескендір Хасанғалиевті еске алып, жүрекке әсер ететін жазба жариялаған.
Біржан Хасанғалиев кім?
Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев 1978 жылғы 1 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол – әнші, музыкант, камералық композитор және мәдениет саласының білікті ұйымдастырушысы. Біржан Хасанғалиев музыканттар отбасында тәрбиеленіп, өнерге жастайынан бет бұрды. Оның әкесі – белгілі композитор, Қазақ КСР халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, ал анасы – дәрігер Дарико Хасанғалиева.
1993-1997 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің музыкалық теория бөлімінде білім алды. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын "Музыка және теориялық пәндер оқытушысы, композитор" мамандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алды. Сондай-ақ Экономика және статистика академиясының магистратурасын аяқтап, басқару саласындағы білімін жетілдірді.
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы консерваториясында оқытушылық қызметтен бастады. 2004-2015 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқытушы, аға оқытушы болып еңбек етті. 2010-2013 жылдары осы оқу орнында доцент міндетін атқарды. 2013-2015 жылдары Ескендір Хасанғалиев атындағы студияның директоры қызметін атқарды. 2015 жылы Астана Опера директорының орынбасары болды.
Шығармашылық және ұйымдастырушылық еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік және қоғамдық марапаттарға ие болды. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының сыйлығының лауреаты атанды. 2016 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді. 2017 жылы "Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері" атағымен марапатталды. Біржан Хасанғалиев – өнер мен білім саласын ұштастырып жүрген тәжірибелі мәдениет қайраткерлерінің бірі. Ол отбасылы, бір қыз тәрбиелеп отыр.