Шымкент қаласының тұрғыны WhatsApp-тағы көршілердің чатында өзінің және отбасының атына балағат сөздер жазылғанын байқап, көршілерін сотқа берген, деп хабарлайды Malim.kz.
Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қала тұрғынының көршілеріне моральдық зиянды өтеу туралы берген талап-арызы бойынша іс қаралды.
"Талап қоюшының айтуынша, жауапкерлер үйдің ортақ WhatsApp чатында оның және отбасының атына қатысты былапыт сөздер қолданған", – делінген сот хабарламасында.
Сотта тараптар медиациялық келісімге келген. Талап қоюшы талап-арызынан бас тартқан, ал жауапкерлер талаптарды мойындап, оған мамыр айының соңына дейін 150 000 теңгеден төлеуге міндеттелді.
Сот бұл келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты, сонымен қатар талап қоюшыға төлеген мемлекеттік баж салығы қайтарылды.