Шымкентте полицейге қол көтерген жасөспірімнің ісі сотта қаралды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиғаның мән-жайы Шымкент соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланды.
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің 380-бабы 4-бөлігінің 1 және 5-тармақтары (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету) бойынша айыпталған жасөспірім А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың қараша айында жасөспірім А. Шымкенттің 18-шағын ауданындағы үйлердің бірінің ауласында жүріп, төбелес туралы шақырту бойынша келген полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігін тепкен.
«Тәртіп сақшылары көліктен шыққаннан кейін, ол полицейлердің заңды талаптарына бағынбай, олардың бірінің бетінен ұрған. Соның салдарынан денсаулыққа зиян келтірмеген дене жарақаттарын салған», — делінген хабарламада.
Сот айыпталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен толық расталғанын анықтады.
Прокурор жасөспірімге бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер жаза шарасын анықтауды соттың қарауына қалдырды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтты және жеңіл жаза беруді сұрады.
Сот кінәсін шын жүректен мойындауды жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Жазаны ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
«Сот кәмелетке толмаған А.-ны кінәлі деп танып, оған 1 жыл 4 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады», — деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енді.