Бүгін (20 ақпан) Астанада тәуелсіз байқаушылар «Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы бойынша диалог» деген тақырыпта бас қосты. Жиында — референдум қорытындысы бойынша Конституция бекітілген жағдайда болатын Құрылтай сайлауы сөз болды.
Жиынды ашқан «Мұқалмас» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиза Кеңесбекқызы 2018 жылдан бері сайлау туралы заңдардағы өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Оның айтуынша, аталған уақыттан бері заңнама біршама өзгеріп, көбіне сайлаудың әділдігін бақылауға қатысты жаңа нормалар енген. Ғазиза ханым мысал ретінде бақылаушылардың қатысуына қатысты нормаларды атап өтті. Айталық, бұрын азаматтық қоғам өкілдері сайлау учаскелеріне өтініш жасау арқылы кіре беретін болса, кейін тек "сайлауда бақылаушы" функциясы жарғысында нақты көрсетілген ұйымдарға ғана рұқсат берілетін болғанын айтады.
Бұған қоса, Ғазиза Кеңесбекқызы тіпті эпидемиологиялық ахуалдың да сайлауды бақылау процестеріне өзгеріс енгізгенін сипаттап берді. Мысалы, коронавирус індеті кезінде сайлау учаскелерінде 6 бақылаушыдан артық болмауы керек деген норма енген. Ел бойынша 30 филиалы, 3 мыңнан аса сарапшысы бар бірлестік жетекшісі осы мазмұндағы тағы да бірнеше мысал келтіріп өтті.
Қоғам қайраткері, “Кенесары хан” қайырымдылық қорының президенті Уәлихан Қайсар болса, сайлауға берілетін бағаның енді тек ішкі мәселе емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстандағы сайлауға сырттан берілетін баға да маңызды. Оның мысалы ретінде, халықаралық әлеуетті инвесторлардың еліміздің әлемдік рейтингтеріне қарап барып шешім қабылдайтынын келтірді. Ендеше, болжалды сайлаудың ашықтығы сыртқы әлемге Қазақстанның кім екенін айқын көрсететін индикатор болмақ.
Бұған қоса, Уәлихан мырза "Жаңа Қазақстан" концепциясы бойынша елде жасалып жатқан әлеуметтік-саяси қадамдарға азаматтық қоғамның қандай баға беріп отырғанын айқындау қажеттігін нұсқады. Оның айтуынша, президенттің өкілетін бір реттік 7 жыл мерзіммен шектеу сияқты өзгерістерге қоғамның рефлексиясын білу маңызды.
Талқылаудың нәтижесі бойынша сайлау үдерісіндегі мониторингті жақсартуға, байқау кезіндегі бақылаушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты бірнеше ұсыныс жасалды.