freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Тоқаев Қызылорда облысының жаңа әкімін қабылдады

Саясат
Тоқаев Қызылорда облысының жаңа әкімін қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаевты қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Кездесу барысында Президентке өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері мен алдағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспары таныстырылды.

Облыс әкімі аймақта инвестициялық климатты жақсарту және экономиканы әртараптандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, алдағы үш жылда жалпы құны 1 триллион 900 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, - делінген Ақорданың хабарламасында.

Сонымен қатар биыл жалпы құны 1 триллион теңгеге жуықтайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталмақ.

Мұрат Ергешбаев Президенттің Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында бірқатар әлеуметтік нысан салынып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, жаңа драма театры мен заманауи кітапхананың құрылысы жүргізілуде.

Көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында да ірі жобалар қолға алынған. Әкімнің мәліметінше, Қызылорда – Ақтөбе автожолын кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталған. Сондай-ақ Бейнеу – Сексеуіл тас жолының құрылысы жақын уақытта қолға алынбақ.

Өңірді газдандыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде облыс халқының 85 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді, - деп хабарлады Ақорда.

Бұдан бөлек, тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында биыл кезекте тұрған азаматтарға 2 400 пәтер беру көзделген.

Жол инфрақұрылымын жаңарту аясында облыстағы 138 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде жолдардың 95,5 пайызын жақсы жағдайға жеткізу межеленіп отыр.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы облыс әкіміне экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды жақсарту және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу