Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты референдум өтті. Мемлекет басшысы да Оқушылар сарайында орналасқан № 51 референдум учаскесінде дауыс берді. Сондай-ақ бүгін Конституция жобасын мақұлдау бойынша республикалық референдумның Exit poll қорытындысы жарияланды.
Exit poll нәтижесін сауалнама бойынша Еуразиялық интеграция институты ұсынды.
“2026 жылғы 15 наурыздағы референдумда Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды”, – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдум аса жоғары деңгейде өткенін, ашық әрі әділ болғанын айтты. Президенттің пікірінше, барлық заң талаптары мен демократиялық нормалар қатаң сақталды.