Үндістан Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатады, осыған байланысты АҚШ оған салынған кедендік баж салығын алып тастайды, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойған жарлықтан белгілі. Нью-Делиде бұл шешімге қатысты әзірге пікір білдірілген жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістаннан экспортталатын тауарларға салынған 25 пайыздық кедендік баж салығын алып тастады. Бұл баж салығы Нью-Делидің Ресейден мұнай сатып алуымен негізделген болатын. АҚШ президентінің жарлығының мәтініне сәйкес, Үндістан мұндай сатып алуларды тоқтатуға міндеттеме алған. Құжаттан үзінділерді сенбі күні, 7 ақпанда, AFP агенттігі келтірді.
Құжатта: «Үндістан Ресей Федерациясынан мұнайды тікелей немесе жанама түрде импорттауды тоқтатуға міндеттенді» деп жазылған. Осыған байланысты 7 ақпаннан бастап Вашингтон Үндістаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың бір бөлігіне баж салығын алуды тоқтатады.
АҚШ президенті Үндістанға қатысты 25 пайыздық баж салығын 2025 жылдың тамызында енгізген болатын. Ол бұл шешімін Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылықты жалғастырып жатқан кезде Үндістанның Ресейден мұнай сатып алуымен түсіндірген. Трамптың айтуынша, мұндай мұнай саудасы Ресейдің әскери машинасын қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Содан бері Ақ үй басшысы Үндістанды Ресейден мұнай сатып алудан бас тартуға көндіргенін бірнеше рет мәлімдеген, алайда бұл сөздер ресми түрде расталмаған. Материал жарияланған сәтке дейін Үндістан билігі энергетикалық саясаттың өзгеруі туралы мәлімдеме жасаған жоқ, ал Ресейде де бұл жөнінде ақпарат болмаған. Тек Үндістанның сауда министрі Пиюш Гоял бір күн бұрын парламентте сөйлеген сөзінде билік «энергия көздерін әртараптандыруға» негізделген стратегияны жүзеге асырып жатқанын айтқан.