Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков жол-көлік оқиғасынан көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Chevrolet Cobalt қызметтік автокөлігі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу дерегі бойынша шақыртуға бара жатқан. Сәттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында қызметтік көлік жол апатына ұшыраған.
Апат салдарынан полиция капитаны алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен ведомствоның жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ қаза тапқан полицейдің отбасына жан-жақты қолдау көрсетілетіні хабарланды.