Депутат Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлектерге пәтер мен көлік сыйлау мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистерге пікір білдірген депутат соңғы кезде ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинайтын түлектер саны көбейгеніне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай жағдайда академиялық адалдықты сақтау үшін қосымша тексеру жүргізілуі маңызды.
«Бұрын ең жоғары балл алған әрбір оқушы бойынша міндетті түрде қосымша талдау жүргізетінбіз. Бұл тәжірибе жалғасады деп үміттенемін, себебі академиялық адалдықты қамтамасыз ету өте маңызды. Мен бұл балалардың біліміне күмән келтіргім келмейді. Олардың жетістігіне шын қуаныштымын. Бұл — оқушылардың, ата-аналардың және мұғалімдердің еңбегі, табандылығы. Бірақ сенім болғанымен, тексеру де қажет», - деді ол.
Депутат табысты оқушыларға бағалы сыйлықтар беретін дайындық орталықтарының әрекетінен ешқандай оғаштық көрмейтінін айтты. Қазіргі таңда кейбір білім беру орталықтары 140 балл жинаған түлектерге пәтер, көлік және қомақты қаржы сыйлап жүр.
«Дайындық орталықтары оқушыларды ынталандырып жатса, мен мұнда ешқандай теріс нәрсе көрмеймін. Бұл — маркетинг. Олар өз жетістігін көрсетіп, көбірек клиент тартуға тырысады. Яғни дәл осы орталық осындай нәтижеге жеткізді дегенді көрсеткісі келеді. Бірақ олар маған ренжімесін, бұл - балаларды Назарбаев Зияткерлік мектептеріне, Білім-инновация лицейіне немесе ҰБТ-ға дайындайтын ұйымдардың ғана нәтижесі емес. Мұның артында балалардың өз еңбегі, ата-аналардың қолдауы және мектеп мұғалімдерінің ұзақ жылғы жұмысы жатыр. Үш аптада, үш айда немесе бір жылда мұндай нәтижеге жету мүмкін емес. Бұл - біздің ұстаздар мен білім беру жүйесінің үлкен еңбегі», - деді Асхат Аймағамбетов.