Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының ымдау тілін дамыту және оны заңнамалық деңгейде тану мәселесіне қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды ды Malim.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Үкімет мәліметінше, Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің қатысуымен әлем елдеріндегі ымдау тілін ресми тану тәжірибесі зерттелген.
Зерттеу нәтижесінде Германия, Ресей, АҚШ, БАӘ, Қытай және Түркия секілді бірқатар мемлекеттерде бұл мәселе мүгедектігі бар адамдардың тең құқықтарын қамтамасыз ету аясында қарастырылатыны анықталған. Ал Болгария, Жапония, Испания, Корея және Словакия сияқты елдерде ымдау тілін дамытуға арналған жеке заңдар қабылданған. Португалия, Хорватия, Швеция және Эстонияда мәселе салалық нормативтік-құқықтық актілер арқылы реттеледі.
Үкіметтің хабарлауынша, Қазақстан заңнамасында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған әлеуметтік қорғау, оңалту, сурдоаударма қызметтері, инклюзивті білім беру және ақпаратқа қолжетімділік тетіктері қарастырылған.
Елімізде 4576 есту қабілеті бұзылған бала бар
Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала тіркелген.
Олардың ішінде:
есту қабілеті бұзылған балалар – 4576;
толық естімейтін балалар – 851;
нашар еститін балалар – 3825.
Қазіргі уақытта естімейтін балалар 22 арнайы мектепте және 3 арнайы балабақшада білім алып жатыр.
e-Ymdau электронды сөздігі әзірленген
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ және орыс тілдерінде «e-Ymdau» электрондық бейнесөздігін әзірлеген.
Сондай-ақ сөздікті қолдануға арналған e-Ymdau мобильді қосымшасы іске қосылған.
Дактильдік әліпбиді оқыту есту қабілеті бұзылған балаларға арналған бастауыш білім беру бағдарламаларында енгізілген.
Арнайы педагогтерді даярлауға бөлінетін гранттар көбейіп келеді
Қазіргі таңда еліміздегі 17 жоғары оқу орны «Арнайы педагогика» бағдарламасы бойынша мамандар даярлайды.
Бұл бағытта:
5424 студент білім алуда;
2087 студент мемлекеттік грантпен оқып жатыр.
Мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын артып келеді:
2023–2024 оқу жылы – 477 грант;
2024–2025 оқу жылы – 656 грант;
2025–2026 оқу жылы – 840 грант.
Бүгінде білім беру бағдарламаларының тізілімінде «Арнайы педагогика» бағыты бойынша 62 бағдарлама тіркелген.
Ал сурдопедагогика мамандығы бойынша кадрларды үш жоғары оқу орны даярлайды:
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті;
М.Дулати атындағы Тараз университеті.
Бұл мамандық бойынша қазіргі уақытта 360 адам білім алып жатыр.
Қазақстанда ЖИ негізіндегі сурдоаудармашылар әзірленіп жатыр
Үкіметтің мәліметінше, еліміздің 107 жоғары оқу орнында 200-ден астам жасанды интеллект агенті әзірленген.
Олардың қатарында:
студенттің ЖИ-ассистенті;
ЖИ-кітапханашы;
талапкерлерге арналған ЖИ-ассистент;
мансаптық бағдар беретін ЖИ-ментор;
электронды сурдоаудармашы жүйелері бар.
Семей медицина университеті саңырау және мылқау адамдарға арналған мобильді қосымша әзірлеген.
Ал Астана медицина университеті Visual Mind платформасын жасаған.
Сонымен қатар ымдау тілін үйрететін жасанды интеллект агенті әзірленіп жатыр. Қазақ тіліндегі контентті кейін басқа тілдерге бейімдеп, Skills Enbek платформасына енгізу жоспарланған.
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға арналған 20 мыңнан астам нысан картаға енгізілді
Қазіргі таңда inva.gov.kz порталында «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» жұмыс істейді.
Онда есту қабілеті бұзылған адамдар үшін қолжетімді 20 мыңнан астам нысан туралы ақпарат орналастырылған.
Сондай-ақ Enbek.kz порталында және әлеуметтік қызметтер порталында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сұрақтарына жауап беретін интеллектуалды чат-бот енгізілген.