Танымал әнші Жеңіс Ысқақова өнердегі інісі Төреғали Төреәлі туралы пікір білдіріп, оның мінезі мен өнеріне қатысты ойын ашық айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, Төреғали Төреәлі – өзіндік болмысы бар, ойын бүкпей жеткізетін әнші. Жеңіс Ысқақова оның кей әрекеттері қоғамда сынға ұшырағанымен, шығармашылық қабілеті мен өнерін жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Ол енді бөлек әлем! Ол арқасы бар жігіт. Ол қалай бар солай айтады. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Оның өнері таразыда басып кетеді. Мен оны өзім жақсы көремін, сыйлаймын. Ол көлгірсімейді. Ол жалпы өзі жақсы бала", – деді әнші.
Жеңіс Ысқақова Төреғалидың бойында еркелік барын да жасырмады. Оның айтуынша, қазіргі әлеуметтік желі дәуірінде өнер адамдарының әрбір әрекеті көпшіліктің назарында болады.
"Тек еркелігі бар, арқасы ұстап қалады. Құтырып кетті, бүйтті, сүйтті деген бұрынғы аға буын әншілерде де болған. Бірақ ол кезде әлеуметтік желі болған жоқ. Біз барында бағалау керек. Егер ол қателесіп жатса, айтамыз: "Бауырым, сен тізгініңді тартып жүрсейші" дейміз", – деді Жеңіс Ысқақова.
Әнші Төреғали Төреәлінің өнерін жоғары бағалайтынын және оны жақсы көретін әріптестерінің бірі екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, Жеңіс Ысқақова ұлының екі рет шаңырақ көтергенін айтып, алғашқы некесінің неліктен сәтсіз аяқталғанына тоқталған.
Жеңіс Ысқақова кім?
Жеңіс Ермағанбетқызы Ысқақова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1966 жылғы 9 мамырда Қызылорда облысы Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде дүниеге келген.
Өнерге бала кезінен жақын болған Жеңіс Ысқақова мектептегі мәдени шараларға белсенді қатысып, түрлі аудандық және облыстық ән байқауларында бақ сынаған. 1984 жылы Сырдария аудандық мәдениет үйінің ансамблінде солист болып, кәсіби еңбек жолын бастайды. 1985-1987 жылдары Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде білім алып, белгілі әнші әрі ұстаз Лаки Кесоглудың сыныбында оқыған. Кейін "Гүлдер" ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, кәсіби сахнадағы тәжірибесін шыңдай түсті.
Әнші әр жылдары Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблінде солист болып еңбек етті. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиев атындағы "Отырар сазы" оркестрімен шығармашылық байланыс орнатып, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен бірге өнер көрсетті. Жеңіс Ысқақова 1980-жылдардың соңынан бастап қалың көрерменге кеңінен таныла бастады. Оның "Мен білмеймін", "Аяла сен мені", "Түнгі жаңбыр", "Ғажап ертегім", "Сен ғана", "Сыңсу", "Тылсым сезім" секілді әндері тыңдарман арасында танымал болды.
Ал 2000 жылы орындаған "Сыр сұлуы" әні оның шығармашылық жолындағы ерекше туындылардың біріне айналды. Осы әннен кейін өнер иесін көпшілік "Сыр сұлуы" деп атай бастады. Жеңіс Ысқақова композитор Кеңес Дүйсекеевпен ұзақ жылдар бойы шығармашылық байланыста жұмыс істеген. 2001 жылы Алматыдағы Республика сарайында "Сыр сұлуы" атты алғашқы жеке концертін өткізді.
2005 жылы әншіге "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.
Бүгінде Жеңіс Ысқақова қазақ эстрадасында өзіндік орындаушылық мәнері қалыптасқан, бірнеше буын тыңдарманына жақсы таныс өнер иелерінің бірі саналады.