Атырау облысында жоғалып кеткен 77 жастағы ер адам қызметтік іздестіру иті Герданың көмегімен аман-есен табылды.
Полицияның мәліметінше, 23 тамыз күні сағат 23:50 шамасында 77 жастағы тұрғынның үйінен белгісіз бағытқа шығып, хабарсыз кеткені туралы ақпарат түскен. Оны іздеуге кинологтар Рахымжан Ерболат пен Еламан Утеулиев және қызметтік-іздестіру иті Герда жұмылдырылған.
Кинологтар итке жоғалған азаматтың киімін иіскетіп, іздеуді оның үйінің алдынан бастаған. Герда ізбен шамамен 2 шақырым жүріп өтіп, канал маңындағы қамыстың арасынан ер адамды тапқан.
Полицияның хабарлауынша, тұрғынның жағдайы жақсы. Ол тәртіп сақшыларына жедел әрекеті мен көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан.
Герда 2024 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол түрлі іздестіру жұмыстарына қатысқан.