Ресей аннексиялаған Қырымдағы Солтүстік Қырым каналы үстінен өтетін теміржол көпірі толықтай жойылды. Бұл туралы Украина Қарулы күштері мәлімдеді. Арнайы операциялар күштері (АӘК) 23 маусым, сейсенбі күні соққы сәті түсірілген видеоны жариялап, бұл көпірдің «енді жоқ екенін» хабарлады.
«Бұл басқыншылар үшін стратегиялық маңызы бар әскери-логистикалық артерия еді. Нысан Ресей аумағынан Қырым арқылы оңтүстік бағыттағы әскер тобын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ түбектің ішіндегі Қырым әскери инфрақұрылымының жұмысын қолдау мақсатында жүк, ресурстар мен әскери-техникалық құралдарды тасымалдайтын көлік дәлізінің бір бөлігі болған», – делінген видеоға берілген түсіндірмеде.
Көпірге соққы екі кезеңмен жасалды
Украина әскери күштерінің мәліметінше, нысанға дрондар арқылы жасалған шабуыл екі кезеңнен тұрған. 22 маусымға қараған түні ұшқышсыз аппараттар теміржол желісіне соққы беріп, соның салдарынан көпірдің бір аралығы құлаған.
Келесі түні дрондар көпірді қалпына келтіруге келген жөндеу техникасына шабуыл жасап, құрылымның қалған бөліктеріне қосымша зақым келтірген.
«Арнайы операциялар күштері жаудың әскери логистикасын жоюды жалғастырып, оның шабуылдау және қорғаныс әлеуетін әлсіретуде», – деп атап өтті АӘК.
Әзірге көпірдің жойылғанын тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ. Ресей тарапы Украина жасаған бұл мәлімдемеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.