freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Жаңа амнистия: кімдер айыппұлдан босатылады, ал кімдерге жеңілдік жоқ?

Қоғам
Жаңа амнистия: кімдер айыппұлдан босатылады, ал кімдерге жеңілдік жоқ?
Depositphotos.com

Қазақстанда әкімшілік айыппұлдарды жою және сотталғандардың жаза мерзімін қысқартуға бағытталған жаңа амнистия заң жобасының мәтіні жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Құжатта жеңіл және орташа санаттағы құқық бұзушылықтарға қатысты жеңілдіктер қарастырылғанымен, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша бірқатар шектеулер сақталады.

Жобаға сәйкес, қылмыстық теріс қылық жасағандар мен жеңіл дәрежелі қылмыс жасаған азаматтар, сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар қылмыстық жауапкершіліктен немесе жазадан толық босатылуы мүмкін. Сонымен қатар, орташа санаттағы қылмыс жасаған, бірақ жазасының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалған сотталғандар да босап шығу мүмкіндігіне ие болады.

Өзге жағдайларда, яғни орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша сотталғандардың жазасы келтірілген залалдың өтелуіне байланысты 1/2, 1/3, 1/4 немесе 1/5 көлемінде қысқартылуы мүмкін.

Алайда амнистия қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі де бекітілген. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы құқық бұзушылықтар, азаптау, қылмыстық топ құрамындағы әрекеттер бар. Сондай-ақ кісі өлтіру, бопсалау, мемлекеттік опасыздық және билікті күшпен басып алу сияқты ауыр қылмыстар бойынша жеңілдік қарастырылмайды.

Әкімшілік амнистия бөлігіне сәйкес, Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, адвокаттар және қандастар 2026 жылғы 17 наурызға дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша төленбеген айыппұлдардан босатылуы мүмкін. Дегенмен сот шешімімен салынған айыппұлдар және заңда көрсетілген өрескел бұзушылықтар бұл жеңілдікке кірмейді.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, амнистия нәтижесінде халықтың бірнеше миллиард теңгеге жуық әкімшілік айыппұлы есептен шығарылуы мүмкін, оның басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу