Блогер Жұлдыз Жауынбаева TikTok желісіндегі тікелей эфирде танымал өнер адамдарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл жолы ол әнші Заттыбек Көпболсынұлы туралы сөз қозғады. Блогер әншіні өмірде көрмегенін, бірақ шығармашылығын жақсы көретінін айтты.
"Заттыбек туралы не айтасың дейсіңдер ме? Мен Заттыбек ағаны өмірімде көрмегенмін. Бірақ жақсы көремін, күшті, хит қой", – деді Жұлдыз Жауынбаева.
Сондай-ақ ол эфир кезінде жанында отырған Еділ Ғаббас есімді музыкантты да атап өтті. Оның айтуынша, Еділ Ғаббас кезінде Заттыбек Көпболсынұлымен бірге ән айтқан.
"Мына жерде сол кісімен ән айтқан Еділ Ғаббас деген адам отыр. Көп музыканттардың ішіндегі тәуірі сол кісі", – деді блогер.
Желі қолданушылары Жұлдыз Жауынбаеваның бұл пікірін талқылап, Заттыбек Көпболсынұлының әндері әлі күнге дейін көпшіліктің сүйікті шығармаларының қатарында екенін жазды.
Еске сала кетейік, әнші Заттыбек Көпбосынұлы той бизнесінде жүрген әріптестері жайлы ойын бөліскен еді. Сондай-ақ өнер иесі әйеліне көмектесіп, көпшілікті таңғалдырған болатын.
Заттыбек Көпбосынұлы кім?
Заттыбек Көпбосынұлы – қазіргі қазақ эстрадасындағы танымал әнші, композитор әрі орындаушы. Ол 1974 жылы Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Өнер иесі қарапайым отбасында өсіп, бала кезінен музыкаға жақын болды. Әншінің есімін әжесі Хатша қойғаны айтылады.
Заттыбек Көпбосынұлы шығармашылық жолын 1995 жылы Бәйдібек ауданындағы "Шалдар" балалар саз мектебінде мұғалім болып бастаған. 1997-1998 жылдары ол Шалдар мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарды. 1999-2000 жылдары "Шаншар" театрында өнер көрсетті. 2000-2003 жылдары Шымкент қаласындағы №71 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 2004-2007 жылдары Шымкент қаласындағы №2 балалар музыка мектебінде домбыра пәнінен сабақ берді. Оның ұстаздық қызметі кейінгі шығармашылық жолына үлкен әсер етті.
Заттыбек Көпбосынұлы 2001 және 2005 жылдары республикалық "Шалқар термесі" термешілер байқауының лауреаты атанды. 2008 жылдан бастап ол жеке шығармашылықпен белсенді айналыса бастады. Осы кезеңнен бері әншінің есімі қалың тыңдарманға кеңінен танылды. Ол лирикалық және махаббат тақырыбындағы әндерімен көпшіліктің жүрегінен орын алды. Әсіресе 2000-жылдардан кейін оның әндері халық арасында кең тарай бастады.
Заттыбек Көпбосынұлының шығармалары қарапайымдылығымен, әуезділігімен және жүрекке жақындығымен ерекшеленеді. Оның репертуарындағы "Ақмаржан", "Немерем" секілді әндер тыңдарман сүйіп тыңдайтын туындылардың қатарына енді. Әнші тек орындаушы ғана емес, бірнеше танымал әннің авторы ретінде де белгілі. Отбасылық өмірінде Заттыбек Көпбосынұлы жұбайы Әлиямен бірге Айзере және Бихан есімді екі бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде ол қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, халыққа кеңінен танылған өнер иелерінің бірі саналады.