freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты іс қозғалды

Қоғам
Журналист Лұқпан Ахмедияровқа қатысты іс қозғалды
Видеодан кадр

Астана қаласының полиция департаменті журналист Лұқпан Ахмедияровқа қылмыстық кодекстің 274-бабымен ("Көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату") іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды malim.kz  azattyq.org сайтына сілтеме жасап.

– Сіздің сұрауыңызда көрсетілген тұлғаға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – деп жауап берді Азаттық сауалына департамент басшысының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Полиция журналистің іс аясындағы мәртебесі туралы ештеңе айтпады. 

3 тамызда журналист, "Просто журналистика" жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннның Шекара қызметі елден шығармай қойған. Ол Астана әуежайынан Черногорияға отбасымен бірге ұшпақ болған жерінен кері қайтуға мәжбүр болды.

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, әуежайда Шекара қызметінің өкілі оған "сіздің елден шығуыңызға Астана полициясы тыйым салған, не себепті екенін білмеймін" деген.

Журналист бұл оқиғаға дейін, яғни, 31 шілдеде тергеушінің шақыртуымен полиция басқармасына барып, түсініктеме берген. Оның сөзінше, Андрей Котов деген Өскемен тұрғыны оның үстінен арыз түсірген.

Соның қарсаңында әлеуметтік желіде өзін Андрей Котовпын деп таныстырған өскемендік «заңда көрсетілген құқықтарым бұзылып жатыр» деп Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына үндеу жолдаған.
 
Котов журналистің Украинадағы "Хочу жить" жобасының Ресей әскерінің қатарында жалдамалы ретінде соғысып жатқан қазақстандықтар тізімін бөліскеніне шүйліккен. Сөзінше, тізімде оның да есімі бар. Бірақ Украинада соғыспағанын, Ресейде вахтада жұмыс істегенін айтады.

Лұқпан Ахмедияров Украинаның мемлекеттік жобасы жариялаған тізімді бөлісіп, билік назарын аударуды көздегенін айтады.
 
– "Біз нақты білеміз, тізімдегі Қазақстанның 661 азаматының бәрі соғысқа қатысқан" деп, ешбіріміз жазған жоқпыз. Бәріміз, міне, мынандай тізім шықты деп жаздық. Менің мотивациям Қазақстан үкіметінің соған назарын аудару болды, – дейді ол.
 
Украинаның "Хочу жить" жобасы Ресей қатарында соғысқан шетел азаматтарының тізімін кезең-кезеңімен жариялап келеді. Бұл ақпаратты Қазақстанда бөліскен медиа, желі қолданушысы көп. Дегенмен Лұқпан Ахмедияров былтыр да Тараз тұрғынының дәл осыған ұқсас шағымы бойынша полицияға шақыртылған еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу