2020 жылы қазақтар Айсұлтанды көп іздепті

Елнұр Бақытқызы

  • 30.12.2020

Түгесіліп жатқан 2020 жылы қазақстандықтар google жүйесінде нені және кімді көп іздеді? Коронавирус қазақстандықтардың google-да ақпарат іздеуіне қалай әсер етті? Осы сұрақтарға жауап табу үшін Google trends-ті шолып шықтық.

Google-дағы "Жыл адамы"

Google trends-ке сенсек, биыл google-да ең көп ізделген, Қазақстандағы жыл адамы – Айсұлтан Назарбаев. Қазақстандықтар Айсұлтанды google-да әсіресе ол  Facebook-те өзін "Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлымын" деп жариялаған  даулы жазбадан кейін 19-25 қаңтар аралығында және ол қайтыс болған соң 16-22 тамыз аралығында қатты іздеген.

Қазақстан экс-президентінің жиен немересі Айсұлтан Назарбаев 16 тамызда Лондонда қайтыс болды. Британдық ақпарат құралдары оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын хабарлаған. Британдық Telegraph басылымы Айсұлтан Ұлыбританиядан локдаун енгізілерден бұрын Қазақстанға кетіп қалып, қазасынан он күн бұрын қайтып оралғанын жазған.

Оқи отырыңыз: Британдық БАҚ: Айсұлтан Назарбаев Лондонға он күн бұрын келген

Жүрек талмасынан қайтыс болды делінген Айсұлтан Назарбаев қазасынан бірнеше ай бұрын отбасының жемқорлыққа батқаны жайлы мәлімдеме жасағанын жазады. Сондай-ақ Telegraph басылымы  Айсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы “бармақ басты, көз қысты” миллиардтаған доллар жемқорлықтың бетін ашқан соң туыстарынан қауіптеніп, Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағанын жазады.

Көзі тірісінде Айсұлтан Назарбаев 2015 жылдың қаңтар-ақпанында әкесі Рахат Әлиев пен атасы Мұхтар Әлиев бірінен кейін бірі қайтыс болған соң есірткіге әуестене бастағанын жазған.

Қазақстан сенатының экс-төрайымы Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы Айсұлтан Назарбаев соңғы жылдары Қазақстандағы саясат, оның ішінде өзінің әулеті туралы бірталай құпия мәліметті жұртқа жария етті. Оның кей мәлімдемелері ойдан шығарылғандай болып көрінсе де, отбасы мен элита өкілдерін ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Әсіресе "Дариға анам емес, ал Нұрсұлтан Назарбаев әкем" деген жазбасы қоғамда қатты талқыланды. Сол кездегі ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Хабар" арнасындағы "Открытый диалог" хабарында сол жазбаны ашып айтпаса да, жұртты жел сөзге ермеуге шақырып, мұның артында біреулердің пайда көру жымысқы ойы жатқанын жеткізді.

Оқи отырыңыз: "Хабар Айсұлтан жайын Абаевтан сұрады"

Ақпан айында А.Назарбаев туыстарын өзін қудалап жатқанын айтып, Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Д.Абаев "Хабардағы" бағдарламада оның сөзін жоққа шығарып, оны "есірткіге тәуелді адамның қиялы" деген.

Былтыр Айсұлтан Назарбаев West End-тегі бейтаныс адамның пәтерінде полицейдің қолын тістеп алып, сотқа тартылған. Оның адвокаты Майкл Волкинг оның бұл әрекетін кокаинге әуестікпен және психологиялық күйзеліспен түсіндірген. Одан екі күн бұрын Айсұлтан Назарбаев балконнан секіріп, өзіме қол жұмсаймын деп қорқытқан.

Бұл оқиғадан кейін сотқа тартылған Айсұлтан Назарбаевты сот шартты жазаға кесіп, есірткіге тәуелділіктен емдейтін емханаға мәжбүрлі емге жіберген.

Қызығы, Айсұлтан Назарбаев google-дан ең көп іздеген 10 адамның ішіндегі жалғыз қазақстандық. Жұрт google-дан ең көп іздеген қалған тұлғалардың бәрі – шетел азаматтары.

Айсұлтаннан кейін қазақстандықтар google-да ең көп іздеген тұлға – АҚШ-тың кәсіби баскетболшысы Коби Брайант. Оны әсіресе 26 қаңтар-1 ақпан аралығында, яғни оның қайғылы қазасынан кейін көп іздеген. Коби Брайант мінген тікұшақ 26 қаңтар күні Калифорния штатында апатқа ұшырап, әйгілі спортшы қаза тапқан.

Үшінші орынға Ресейдің танымал актері, биыл жазда адам қағып кеткені үшін сотталған Михаил Ефремов жайғасқан. Қазақстандықтар Ефремовті әсіресе сол қайғылы апаттан кейін google-дан көп іздепті.

Қазақстандықтар google-дан ең көп іздеген 10 адамның ішінде қазақстандық саясаткерлер жоқ. Есесіне, жұрттың google-дан іздеген адамдарына қарағанда, қазақстандықтар АҚШ-тағы президент сайлауына көз тігіп, Ресейдегі оппозициялық саясаткерді улау оқиғасын бақылаған. Олай дейтініміз, қазақстандықтар ең көп іздеген төртінші тұлға АҚШ-та президент сайлауында жеңіске жеткен Джо Байден болса, одан кейінгі орында Ресейдің оппозициялық саясаткері  Алексей Навальный тұр.

Алтыншы орында АҚШ президенті Дональд Трамп, жетінші орында басы дауға қалған футболшы Артем Дзюба, онан кейінгі орында Беларусь президенті Александр Лукашенко тұр. Ең көп ізделген тұлғалардың ондығына биыл қайтыс болған американдық актер Чедвик Боузман және қыркүйекте қайтыс болған Ресей актері Борис Клюев енген.

Ең әйгілі сұранымдар

Қазақстан халқы 2020 жылы ең көп іздеген сөз – "коронавирус". Төтенше жағдай кезінде онлайн оқуға көшкендіктен, "онлайн мектеп" атты сұраным екінші орынға шыққан.

Төтенше жағдай кезінде уақытша табыссыз қалған халық үкімет уәде еткен 42 500 теңге жәрдемақы қалай аламыз деп әбден әбігерге түсті. 42 500 теңгені қалай аларын білмеген жұрт оны google-дан көп сұрапты. "42 500 еңбек kz" – ең көп ізделген үшінші сұраным.

Қашықтан оқуға көшкен соң оқушыларға арналған bilimland платформасы да google-дан көп ізделген. "Билим ленд" тіркесі ең көп ізделген төртінші сұраным болса, "egov.kz" google іздеуіне ең көп салынған бесінші сұраным.

Алтыншы орында OK.Edus қосымшасы болса, жетінші орынға "күнделік кз" шыққан. "АҚШ-тағы сайлау ("Выборы в США" деп ізделген)", "Бумажный дом" атты Испания сериалы және "Классрум" (google-дің қосымшасы) сәйкесінше 8,9 және 10-орындарға жайғасқан.

 

Ең көп ізделген фильмдер мен сериалдар

Google-да қазақстандықтар ең көп іздеген фильмдердің бестігі мыналар: "Заражение" (АҚШ пен Біріккен Араб Әмірлігі бірлесіп түсірген, Стивен Содерберг режиссер болған триллер), "Холодное сердце 2" (АҚШ мультфильмі), "Джентельмены" (Ұлыбритания мен АҚШ бірлесіп шығарған, басты рөлді Гай Ричи сомдайтын фильм), "Паразиты" (Оңтүстік Корея түсірген драма), "После 2" (АҚШ). Одан кейінгі орындарда Нұрлан Қоянбаев продюсерлік еткен, режиссер Ален Ниязбеков түсірген "Бизнес по-казахский в Корее",  " Малефисента 2" (АҚШ, Ұлыбритания мен Канада бірлесіп түсірген фэнтези), "365 дней" (Польшада шыққа мелодрама), "Холоп" (Ресейде шыққан комедия) және "Зов предков" (АҚШ, Канада мен Португалия бірлесіп түсірген драма).

Қызығы, қазақстандықтар "Заражение" фильмін елде коронавирус жұқтырған алғашқы науқас анықталып, төтенше жағдай енгізілген соң 15-21 наурыз аралығында көп іздеген.

Қазақстандықтар google-да ең көп іздеген сериал – Испанияда шығарылған "Бумажный дом" атты детектив триллер. Екінші орынға да Испанияның "Элита" атты криминал сериалы жайғасқан. Үшінші, төртінші және бесінші орындарда кілең түріктің "Жестокий Стамбул", "Дочь посла" және "Постучись в мою дверь" атты сериалдары тұр.

Байланысты жаналықтар

Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ президентіне пара берген

10.08.2023

АҚШ-тың 45-ші президенті, миллиардер Дональд Трамп қамауға алынды

14.06.2023

Қазақстан vs Өзбекстан: Үлкен қыздардың үлкен ойлары

22.12.2022

Дариғаның орнын кім басады?

25.02.2022

Могиканның соңғы тұяғы. Назарбаевтар билігі бітті ме?

11.02.2022

Дариға Назарбаева «Nur Otan» партиясынан шықты

28.01.2022
MalimBlocks
Тасмағамбетовтің күйеу баласы АҚШ президентіне пара берген

АҚШ президентінің ТМД елдерінің шенеуніктер мен кәсіпкерлерінен пара алғаны белгілі болды.

АҚШ-тың 45-ші президенті, миллиардер Дональд Трамп қамауға алынды

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Майамидегі федералды сот отырысының басында қамауға алынды, оған 37 қылмыстық айып тағылған. Бірақ Трамп ешбір айыпты мойындап отырған жоқ.

Қазақстан vs Өзбекстан: Үлкен қыздардың үлкен ойлары

Өзбекстанның президенті Ш.Мирзиеев Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың қателігін қайталай ма?

Дариғаның орнын кім басады?

Бұрынғы депутат Дариға Назарбаеваның мәжілістегі орнына саясаттанушы Саясат Нұрбек отыратын болды.

Могиканның соңғы тұяғы. Назарбаевтар билігі бітті ме?

Желіде мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның отставкасын талап ететін петиция пайда болды.

Дариға Назарбаева «Nur Otan» партиясынан шықты

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің құрамынан шықты