Тышқан - ханша (француз ертегісі)

Malim Админ

  • 01.04.2020

Қадым заманда бір француз королі өткен екен. Қартайғанша перзент сүймей, көп құсаланып, қатты күйзеліпті. Ақыры король де, королева да үміттерін үзіп, тағдырының жазуына біржола мойынсұнған шақта, королева аяқ астынан жүкті болып, қыз туады. Ханшаның құрметіне аста-төк шүлеңгір той жасалып, жұрт шарапқа да, тамаққа да мелдектей тояды, ойын-сауық апталап толастамайды.

Өкінішке орай, бұл тойға сол төңіректегі тоғайды мекендеген дуагер кемпір шақырылмай қалыпты. Кекшіл кемпірдің кеуіліне жамандық кіріп, ханшаны тышқанға айналдыруға бел байлапты. Сиқырдың шарты бойынша, ханша дуагер кемпірдің ешқашан езу тартып, жымиып көрмеген, сондықтан да Күлмес атанған әпкесін күлдіруге тиіс еді, сонда ғана тылсым тарап, жадының күші қайтпақ, әйтпесе тышқан қалпы жүре бермек екен.

Хош, сонымен бір күні сүт-анасы ханшаны емізіп отырады. Кенет сәулетті сарай ішін оның аттандаған ащы даусы кернеп кетеді.

- О,сорлатқан құдай! Ханша көз алдымда тышқанға айналып, қолымнан сусып түсті! - деп безектейді сүт-ана.

- Сұмдық-ай! - деп  аһ ұрады король. - Қайтеміз, жаратқанның басқа  салғаны осы шығар. Көнгенннен басқа қайран жоқ.

Уақыт сырғып өте береді. Күндердің күнінде француз королі мен испан королінің арасында соғыс басталады. Француз королі бес қаруын асынып, мұздай темір құрсанып,арғымағына мініп, жорыққа аттанғалы жатқанда жорғалай жүгіріп тышқан-қызы жетіпті. Тышқан-қыз ханшаға лайық қошеметтің ешқайсысынан да құр қалмай, қағажу көрмей, бұла, ерке боп өскен еді.

- Әке, - дейді,тышқан-ханша. - Мен сізбен бірге барамын соғысқа.

- Байғұс балапаным-ау, түрің мынау, қан майданда не бар саған?

- Әке, мен үшін қам жемеңіз. Ешкімге де ауыртпалығымды артпаймын. Мені атыңыздың құлағына тығып қойсаңыз болды. Өтінемін, бетімді қайтармағыз, - деп жалынады тышқан-ханша.

Король жалғыз қызының көңілін басуға дәті шыдамай, жерден көтеріп алып, арғымақтың құлағының қуысына қондырып, шың қаққызып, дабыл ұрғызып, әскерін бастап, ат басын жорық жолына бұрады.

Екі жақтың қолы майдан даласында сап түзеп, әділ жаннан түңіліп, қасарыса қасқайып тұрысады. Қылыштарын білеп, найзаларын кезеп, ұрандасып лап қойыса бергенде... әлдеқайдан таңғажайып бір ән естіледі. Зеңгір көктен, ақша бұлттан үзіліп түскендей жұмбақ та сұлу әуен жауынгерлердің еркін жаулап, жердің жүзін, күннің көзін жапқан қалың әскер қалт тынады.

- Неткен керемет ән! - деп дауыстап жібереді испан королінің ұлы. - Кім айтып тұр? Мен ән иесімен жүздескім келеді.

Ән тамылжи қалықтайды. Оның сиқырлы сазына елтіген жауынгерлер – жаңа ғана бір-бірінің жанын алуға құлшынған дұшпандар соғыстан жеріп, құшақтасып достасуға ынтығады. Қылыш қынабына кіреді, найза мен күрзі ердің қасына ілінеді, аламан атаулы аттан түсіп, әсем әнді мүлги тыңдайды.

Испан королінің ұлы арғымағын сар желдіріп, француз короліне барады.

- Тақсыр, мына әннің иесі кім, сыры неде? - деп сұрайды.

- Бұл әнді менің қызым айтып тұр, - дейді король.

- Сіздің қызыңыз? Мен ешкімді көрмедім ғой. Сонда қайда болғаны оның?

- Осында, мына менің атымның құлағында.

- Сіз мені қылжақ етіп тұрсыз-ау?!

-  Құдай сақтасын. Имандай шыным.

- Хош. Егер сіз маған қызыңызға үйленуге келісім берсеңіз, біздің арадағы соғыс бітті деп есептеуге болады.

- Қалайша? - дейді таңырқаған король. – Сіз тышқанға үйленбексіз бе?

- Сіздің қызыңыз тышқан ба еді?! Мейлі, кім болса да, қосыламын. Маған одан басқа ешкімнің керегі жоқ. Тек өзі ықтиярын берсе болды, - дейді испан королі толқынысын жасыра алмай.

- Мен ықтиярмын, әке! - дейді тышқан-ханша аптығып. Ықтиярмын!

Соғыс сәтімен бітіп, бейбітшілік орнады. Ханзада мен тышқан-ханшаның той өтті. Бірін-бірі баудай түсірмекке бекініп шыққан әскерлер ежелгі жолдасша араласып, апта бойы тойлады. Естен кетпес қызыққа кенелді.

Ертегінің аудио нұсқасын тыңдауыңызға болады

Айтпақшы, испания королінің біздің ханзададан басқа да екі ұлы бар еді. Үлкені – түрік патшасының, екіншісі - португал королінің қызын алған болатын. Бірде король үш ұлын алдына шақырып, өзінің шаршап -шалдыққанын, тақты үлкен ұлына бермек болғанын мәлімдейді. «Мен енді демалайын, ал жол – ағанікі», - дейді.

- Әке, менің ойымша, тағыңыз бен тәжіңізді арамыздағы ерлігі асқан, мерейі артқан біреуімізге беруіңіз керек, - дейді ортаншы ұл – португал королінің күйеу баласы. – Біз үшеуіміз де сіздің мұрагеріңізбіз, таққа отыру хақымыз да бірдей.

- Бұл да жөн екен, - дейді король. – онда мен сендерге бір шаруа тапсырамын. Қайсың әкелген мата жақсы болса, тәж бен тақ соған тиеді.

- Құп!

Ағайынды үш жігіт үйді-үйлеріне тарасып, әйелдеріне корольдің тапсырмасын айтып барады.

Тышқанның күйеуі – кенже ханзада сарайына оралса, әйелі терезе алдында күншуақтап, сызылта ән айтып отыр екен. Әні тамаша, бұрын-соңды бұлай шырқамаса керек.

- Әніңізде мін жоқ, - дейді ханзада оған. – Бірақ дәл қазір мен сіздің әнші емес, тоқымашы болғаныңызды қалар едім.

- Неге? Не боп қалды? – дейді тышқан-ханша.

- Әкем ағайынды үшеуміздің қайсымыз ең жақсы мата апарсақ, сонымызға тағы мен тәжін қалдырмақ болды, - дейді ханзада түнеріп.

- Сол-ақ па? Менің әкемнің тәжі сіздің әкеңіздің тәжінен жүз есе артық. Өкінбеңіз! Испан тәжіне екі ағаңыз-ақ таласа берсін. Өйткені, француз тағы сіздікі болары сөзсіз.

- Жоқ! Сіздің әкеңіздің тәж-тағы тіпті мың есе артық болса да, мен испан тағын оған айырбастай алмаймын. Мен үшін өз әкемнің мұрасы қымбат!

Әне-міне дегенше корольдің алдына қайтып барар күн де жақындайды.

- Ертең әкеме мата сыйлауым керек. Ал мен түк таппадым. Құр қол баратын болдым, - деп шағынады ханзада тышқан-ханшаға.

- Ханзада, ұсақ-түйекке бола күйгелектенбеңіз. Мына қобдишаны алыңыз, - дейді тышқан-ханша оған құйтақандай қобдиша ұсынып. – Ертең ағаларыңыз өз маталарын көрсетіп біткен соң, сіз осы қобдишаны ашсаңыз, олардың көзін қарықтыратын, сіздің абыройыңызды асыратын зат шығады.

- Сіз мына титімдей қобдишада менің әкемді таң қалдыратын мата бар демексіз бе?

Әйтсе де, ханзада жарының көңілін қимай, әрі бәрібір басқа сыйлығы да жоқ, қобдишаны қалтасына салып, король сарайына жөнеледі.

Ертегіні YouTube арнамыздан тыңдасаңыз да болады

https://www.youtube.com/watch?v=YeISP-In-kA

Әкесінің сарайына келгенде тай-тай мата теңделген қашырларды көреді, – екі ағасы қиыр елдерден керуен тартқызған екен.

Король ұлдары жеткізген қымбат маталарды қарауға кіріседі. Мұқият, асықпай зер салып, қайсыбірін мақтап та қояды. Жұқа екен, жұмсақ екен, бояуы қанық екен дейді. Бәрін көріп болып, кіші ұлына мойын бұрады:

- Ал балам, сен не әкелдің? - дейді.

Ханзада әкесіне қобдишаны ұстатып:

- Өзіңіз ашып көріңіз, әке, - дейді.

Ағалары қарқылдай күледі. Бірақ король күлмей, қобдишаның қақпағын ашқанда, ішінен үлбіреген, аппақ, жарқ-жұрқ еткен өзгеше мата шығады. Оның жанында екі үлкен ұлдың әкелгендері кенеп сияқты болып қана қалады. Ең кереметі, матаны қанша тарса да, таусылмайды, ұлпа көбіктей бұрқырап түсе береді.

Үлкен ханзадалардың келемеж-күлкісі сап тиылады.

- Тәжімді кенжеме қалдырамын, - дейді сүйсінген король.

- Сабыр, әке, сабыр! – деп айқайлап жібереді сонда екі үлкен ұл қызғаныштан іштері оттай жанып. – Бір ғана сынмен тақтың тағдырын түбегейлі шешуге болмас. Екінші рет тапсырма беріңіз, сосын айтыңыз кесімді сөзіңізді.

- Жарайды, келістім, - дейді король. – Тек бұл жолы не тапсырсам екен сендерге?

- Тәжіңізді ең сұлу келініңіздің күйеуіне бергеніңіз жөн, - дейді үлкен ұл.

Оның әйелі, түрік патшасының қызы – айтулы ару еді.

- Жә, солай-ақ болсын, - дейді король. – Қайсыңның әйелің елден озған сұлу болса, тәж-тағым соныкі.

Осы сөзден кейін үш бауыр үйлеріне қайтады.

Кенже ұл өз сарайына ілбіп басып, тұнжырап зорға жетеді. Ағаларымен ендігі жерде бәсекелесе алмасы анық, өйткені бұның әйелі тым құрымаса адам да емес, бар болғаны тышқан ғана.

- Неге сонша жүдеусіз, ханзада? – деп сұрайды тышқан-ханша күйеуінің жүзі салқын екенін байқап. – Әлде қобдиша іске жарамады ма?

- Жарағанда қандай.

- Онда Испан тәжі сіздікі ғой?

- Испан тәжі? Одан маған аспандағы бұлт жуық.

- Неге?

- Неге дейсіз бе, әкем сөзінде тұрмай, екінші тапсырмасын берді.

- Айтыңыз қандай?

- Қайтесіз оны?

- Дегенмен айтыңызшы.

- Мақұл, ендеше. Тыңдаңыз. Үлкен ағамның кеңесімен әкем тәжі мен тағын кімнің әйелі сұлу болса, соған бермекке бел буды. Өзіңіз білесіз менің жағдайымды...

- Сол ғана ма? Тәйірі, соған бола ұнжырғаңыз түспесін, маған сеніңіз.

Көріс күні де келді. Сонда тышқан айтты:

- Ханзада, мен де сізбен бірге барамын, - деді.

- Әкеме апару үшін сіз тышқан емес, әйел, әйел дегенде сұлу әйел болуыңыз керек қой.

- Қам жемеңіз, мені ала кетіңіз деп тұрмын ғой.

- Масқара болар жайым жоқ!

Ханзада күймесіне отырып, жүріп кетеді. Тышқан-ханша қойын өргізіп бара жатқан қойшысын шақырып:

- Қойшы, анау бір сары әтешті ұстап, сәмбі талдың қабығынан есілген жіппен жүгенде. Мен оған мініп, қайын атама аттануға тиіспін, - деп бұйырады.

Қойшы оның айтқанын айнытпай орындайды да, тышқан әтештің арқасына жабысып, испан королінің сарайына бет алады. Жол баяғы дуагер кемпірдің үйінің тұсынан өтеді екен. Ханша өзін тышқан қылған кемпірдің үйіне тақағанда алдынан ойпаңға іркілген шалшық кездеседі. Әтеш шалшықтан өтуге дауаламай, шегіншектеп тұрып алады. Тышқан: «Әйт, шу», - деп айқайлап, тізгін қаққанмен, әтеш бір адым алға, екі адым артқа жасаудан танбайды. Дуагер кемпірдің өзінен кәрі әпкесі терезе алдында отырған, мына қызықты көріп, ішек-сілесі қата күліп жібереді. Даусы орман-тоғайды жаңғырықтырады.

Әпкесінің оғаш күлкісін естіп, жүгіріп келген дуагер тышқан-ханшаны көріп:

- Тылсым тарқады! Мен сені тышқан еткенде шарт қойып едім, әпкемнің күлкісін естімейінше, сен тышқан қалпыңнан өзгермейсің деп едім. Енді, міне, ол да күлді, сен де дуадан азатсың. Сен бұдан былай күн астында күн кешкен қыз біткеннің ішіндегі сұлуы боласың, қолыңдағы жүген – алтын күймеге, сары әтешің – алтын түкті арғымаққа айналады, - дейді.

Шынында да, дуагердің сөзі бұлжымай келіп, қас пен көздің арасында бәрі өзгеріп сала береді.

- Ал енді қайын атаңның сарайына бара ғой, - дейді дуагер кемпір. – Сенен сұлу жан болмасына сенімім кәміл.

Ханша жалт-жұлт етіп, сәуле шашқан алтын күймесін зырлатып, ханзаданы қуып жетеді. Ханзаданың асығар сұры жоқ, жай ғана жүріп барады екен.

- Түу, сіз әлі мына жерде жүр екенсіз ғой, - дейді оған ханша.

Оны танымаған ханзада таңырқай қарағанмен, үндемейді.

- Отырыңыз менің күймеме. Ал салдырлаған арбаңыз бен жаман мәстегіңізді жолға тастап кетіңіз.

- Ханша, сіздің сұлулығыңызға да, атыңыз бен күймеңіздің кереметтігіне де шәгім жоқ. Бірақ мені мазалап қайтесіз, жүре беріңіз, бетіңізден жарылқасын.

- Қане, маған дұрыстап қараңыз. Сіз өз әйеліңізді танымай қалған сындысыз.

- Жоқ, сіз менің жарым емессіз. Менің әйелім ­­– француз королінің қызы, жауыз дуагер оны кішкентай кезінде сиқырлап, тышқанға айналдырып қойған. Бірақ мен оған бәрібір жан теңгермеймін. Сіз оның әнін естісеңіз ғой!

Сол арада ханша ханзадаға болған оқиғаны баяндайды. Алайда ханзада сенер-сенбесін білмей аңтарылып қалады. Оның көңілін сендіру үшін ханша нәзік те мұңды даусымен әуелетіп ән бастайды. Сонда ғана ханзада қарсы алдындағы ақыл жетпес асқан сұлудың өз қосағы екенін таниды.

Содан кейін олар алтын күймені жарқыратып, король сарайына барып түседі. Ару ханшаға, алтын күйме мен алтын түкті арғымаққа жиналған қауымның қарап, көзі тоймапты, суреттеп, сөзі жетпепті. Ханша кірген кезде күңгірт сарайдың іші күн шыққандай жайнап кетіпті. Әрине, үлкен ханзадалардың әйелдері де әдемі еді, бірақ біздің ханшаның басқан ізіне де татымайтын. Тәңірі текті, теңдессіз сұлулықтан тілі байлана жаздаған король қолын созып, кіші келінін күймеден демеп түсіреді.

- Сіз сияқты ғажайып сұлуды бүкіл өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Испанның қасиетті тағында менің кенже ұлыммен бірге отыруға сіз ғана лайықтысыз, - дейді.

Сол күні король ұлан-асыр думан өткізеді. Тағы мен тәжін кенже ұлына тапсырады.

Міне, осы араға дейінгі оқиғада бірде-бір қоспа жоқ. Таза шындық. Өйткені өзім көрген, куә болған жайт – бұл. Ал одан арғыдан – жас король мен жас королеваның кейінгі тағдырынан бейхабармын. Сондықтан өтірік айтқым келмейді. Ендеше ертегі де тәмат тәмам.

Аударған Ғалым ДОСКЕН,

«Алтын сырнай» ертегілер жинағы, 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021

Айдында жүзген ақ желкен

08.03.2021
MalimBlocks
Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

Айдында жүзген ақ желкен