"Кедей елдің мұғалімі" не үшін кешірім сұрады?

  • 09.04.2020
  • Алмас НҮСІП

Алматы облысы, Мұқыры ауылындағы мектеп мұғалімі Майра БАЙБОЛАТОВА бір күн бұрын Instagram желісінде аудио жариялап, түнде өзінің интернеті бар үйге келе жатқанын, «кедей елдің кедей мұғалімі» екенін айтып, шағымданған. Жұрт назарын бірден аударып, желілерде белсенді талқыланып кеткен бұл мәселе – көп ұзамай мүлде қарама-қарсы сипат алды.

Бір түн өтпей жатып, видео авторы – қазақ тілі пәнінің мұғалімі Байболатова бұрынғы видеосын алып тастап, жұрттан кешірім сұраған жаңа видео жүктеді. Осыдан бастап жұртшылықта әкімдік тарапынан, білім басқармасы тарапынан қандай да бір қысымдар болды ма деген күмән пайда болды. Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Malim.kz тілшісі алдымен Майраның өзіне хабарласты.

Майра «кешірім сұрау» видеосы туралы былай дейді:

«Бұл бейнежазба күллі Қазақстан мұғалімдерінің жанайқайы деп білем. Бірақ, менің жеке басыма қатысты эмоциялық жағдайда түсірілген бейнежазбада баспанамның жоқтығы, интернет желісіне қосыла алмай жүргенім айтылды. Оның бәрі рас. Қазіргі таңда сол видеодан кейін шаралар қолданып жатыр. Бірақ, әлі шешімін тапқан жоқ, екі күн өтті. Әлі интернет желісін қоса алмай жатырмын. Мен «Қазақтелекомның» Көксу аудандық басшысы Асхат Елемесұлының қабылдауында болдым. Ол кісі айтады, «сіз ғана емес, барлық мұғалімнің басындағы проблема, бізде жағдайлар жасалмаған» деп. Сабақ беруде қиындықтар болып, эмоциялық жағдайда түсірілген видео болған соң, алып тастадым. Бірақ, ешкім ешқандай қысым көрсеткен жоқ. Мәдениетті адам ретінде алып тастадым».

Оның айтуынша облыстық білім басқармасының бастығы Майгүл ОМАРОВА бүгін таң ертең үйіне арнайы келіп, жағдайымен танысқан. Содан кейін, көмек берілетіні туралы айтыпты.

«Сосын білім-ғылым министрлігінен цифровизация бөлімінің бастығы Ақмарал есімді қыз хабарласып, «екі күннің ішінде сіздің үйіңізге интернет орнатылмаса, маған хабарласыңыз» деп айтты», - дейді Майра.

Интернеттен бөлек, тиісті орындар баспана мәселесі бойынша да мәселені шешуге уәде беріпті.

«Ал баспана мәселесін аудандық әкімдіктің ТКШ бөлімінің басшысы Айдос мырза «әкімнің сәлемдемесі, сізге мына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алуға және басқа да көмек көрсетеміз» деп уәде берді. Менің екінші видеомда сол айтылған. Сенетінімді айттым. Бірақ, әлі ештеңе өзгерген жоқ. Жарайды, баспана мәселесін күту керек, интернетім әлі күнге дейін жоқ. «Алма піс, аузыма түс» деп отырғам жоқ, ұялы телефон арқылы жалғанып отырмын».

Майраның айтуынша, оның бұл пікірін әріптестері қолдайды. Көпшілігі WhatsApp арқылы жеке хат жазып, қолдау көрсетіп жатыр. Бұрын қызмет істеген Талғар ауданының мұғалімдері ортақ чатта осы оқиғаға қатысты пікірлерін білдіріп, өздерінің жағдайының да осындай екенін айтып жатқан көрінеді.

Майра Байболатованың еңбек өтілі – 10 жыл. І санатты мұғалім. Мұқырыдағы Қ.Жапсарбаев орта мектебінде  биылғы қыркүйектен бастап сабақ беріп жүр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Талғар ауданынан ауысып келген. Бірақ, бағдарлама бойынша берілетін жеңілдетілген несиені әлі алмапты. Кезекке тұрған. Мұқыры ауылында пәтер жалдап тұрып жатыр. Айына 10 мың теңге төлейтінін айтады. Әке-шешесі және ұлымен бірге тұрады. Мұқыры ауылындағы мектептен бөлек 10 шақырымдай жердегі Қазақстан ауылындағы мектепте орыс тілінен сабақ береді. Орыс тілі пәнінің мұғалімі жетіспейтін болғандықтан, жарты ставкамен сонда қатынап істеп жүр. Сол үшін несиеге көлік сатып алдым дейді. Екі мектептегі жалақысын қосқанда 200 мың теіге көлемінде жалақы алады. Бірақ, көліктің несиесі мен қосымша тағы бір несиесі бар (120+80 мың), күнкөріс қиындап тұр дейді. Телефонның интернет жылдамдығы нашар, Kundelik.kz-ке кіру өте қиын. Әсіресе соңғы уақытта мүмкін болмай кеткен.

Malim.kz тілшісі мұғалімдердің құқығы бойынша бастамалардың айналасында жүретін белсенді педагог Айман САҒИДОЛЛАҒА хабарласып, осы оқиғаға қатысты пікірін сұрады.

«Оқушыларды қашықтан оқыту мүмкін емес, жазға қалдырайық дегенде біз шырылдадық, «34-ақ күн қалды (2 айды қосқанда оқу күндері 34 күн болады екен), сондықтан қазір оқытайық», дедік.Егер қазір оқытпасақ мұғалімдер жалақысыз қалады, халықтың көп бөлігі мұғалімнің жалақысына қарап отыр. Дәл осы, карантин кезінде 26 сағат жүктемесі бар мұғалімнің «интернетім жоқ» деуін мен қолдай алмаймын. Бұлай шулатып қажеті жоқ еді. Егер Kundelik.kz-ті толтырмадың деп, мектеп директоры қысымға алып жатса, мен түсінер едім. Бірақ, бұл кісіде ондай жағдай жоқ. Электронды күнделік толтырылуы керек жалғыз құжат. Мұғалімдерден басқа құжаттар талап етілмейді. Министр карантин кезінде мұғалімдердің жұмысын тексеруге, есеп сұрауға тиым салып отыр. Сондықтан Kundelik.kz-ті күнде тексеріп отырған ешкім жоқ. Интернеті болғанда толтырса болды. Мұғалім күнделіктен басқа бір де бір қағаз жазбайды. Балаға сабақ өтсе болды», - дейді ол.

Malim.kz тілшісі Айманнан интернеті жоқ мұғалімдердің бәріне министрлік интернет орнатып беруге міндетті ме деп сұрады.

«Министрлік мынадай айқай-шу шыққаннан кейін жергілікті органдарға солай тапсырма беріп отыр. Бұл дұрыс емес. Бұл қыздың интернет сұрауының өзі дұрыс емес, қолында телефоны, 26 сағаты тұрып. Мен де үйде телефоннан жалғап, балаларды оқытып отырмын. Жұмысқа барып-келіп жүргенде жолыма 20 мың теңге кететін, қазір үйде, телефоныма 2-ақ мың теңге салып отырмын. Қызым да сонымен сабағын орындап жүр, өзім де сонымен жұмыс істеймін. Мен қанша жыл болды, білім жүйесіндегі кемшіліктермен күресіп келем, бірақ, ешқашан үйіме интернет құрып бер деп айтқан емеспін».

Белсенді педагог қазір ешкімнің үйінде кабельді интернет қосылып тұрмағанын айтады. Оны әр мұғалім өзі шешу керек. Басшысы қысым көрсетіп жатса ғана шағымдануға болады. Басқа жағдайда жолын тауып оқушысын оқытуы керек дейді. Айман Сағидолла осы оқиғадан кейін IV тоқсан жазға қала ма деп алаңдайды. Жаздың ыстығында балаларды оқыту мүмкін емес. Ол, алдымен, балаларға қиын тиеді. Жасы үлкен мұғалімдерге де оңай соқпайды. «Мұғалімдердің бәрінде «давление» бар қазір».

Ал, Мұқыры ауылдық Қ.Жапсарбаев атындағы орта мектептің директоры Талғат ТАҢАТАРҰЛЫ мектепте қазіргі жағдайда ешқандай мұғалімнен есептілік талап етілмегенін айтады.

«Жоқ, біздің тарапымыздан «Күнделікке» қатысты ешқандай қысым болған жоқ. Былай ғой, егер Kundelik.kz-ке кірмей жатса, дәл қазір «нагрузка» болып жатыр ғой, босаған кезде, түстен кейін немесе кешке қарай кіріп толтыруға болада. Егер мүмкіндік болмаса, түсіністікпен қараймыз. Интернетке қатысты ешқандай талап жоқ. Майра біздің ұжыммен оқу жылының басынан бері жұмыс істеп жүр. Қазіргі қашықтан оқытуға қарсы аздап қиындық туып, өзінің жеке пікірін айтқан ғой. Бұл өз ойы ғой, желіде де жұрт әр түрлі айтып жатыр ғой. Әріптестер арасында талқыланған жоқ, оған ешқандай негіз жоқ. Маман ретінде күзде қабылдап алғанбыз, сабағын беріп жүр», - дейді.

Жұрттың пікірін екіге жарған бұл шулы оқиғаға байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова Facebook парақшасында арнайы мәлімдеме жасап, Байболатованың бұл әрекетін «мұғалімнің материалдық жағдайы жақсы, 26 сағат жүктемесі бар. Жекеменшік көлігі бар. Бұл видеожолдаудың негізгі мақсаты - баспана мәселесін шешу. Жергілікті атқарушы органның көңілін өзіне аудару», деп бағалады. Облыстың бас ұстазы мұны мұғаліммен кездесу кезінде анықтады ма, әлде, өзінің жеке болжамы ма, ашып жазбапты. Тек қызметтік тексеріс басталғанын айтыпты.

Осыған орай, тілшіміз Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат ЖҮКЕЛМЕН сөйлесті.

«Білім басқармасының басшысы екеуміз барып қайттық. Мұғаліммен жеке сөйлестік. Өзінің сөзіне қарағанда бұл кісінің жеке отбасындағы мәселелер бар, анасының денсаулығы нашарлаған, соған уайымдап жүргенде интернетпен мәселе туындаған. Интернет поблемасы жуық арада шешіледі. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша үй алуға кезекте 47-ші орында тұр. Биыл Көксу ауданында 45 адамға үй алуға несие бөлу қарастырылған. Егер, бюджеттен қосымша ақша бөлінсе, ол кісі биылға ілінеді. Ал, жоспар бойынша келесі жылға тұр. Қазір тұрып жатқан үйіне ешқандай пәтерақы төлемейді, тек коммуналдық төлемдер. ...Енді жылағанның бәріне жүгіріп барып, модем ұстату деген әңгіме жоқ, ол жеке-жеке емес, жүйелі жұмысты талап ететін нәрсе», - деді ол.

Материалды көшіріп басуға болмайды!

Байланысты жаналықтар

Маска: Дәрігерлер тігеді, Сапарбаев суретке түседі

08.04.2020

Қазақстанда 150 мың науқас коронавирус пен пневмониядан емделді

27.07.2020

Кеші 28 миллионға өткен Мақпал Мыса кім?

18.11.2020

Шымкент велосипедтері мініске жарап тұр

21.03.2021

Үкімет азық-түлік қымбаттамау үшін не істеп жатыр?

16.09.2020

Бейбіт Атамқұлов: "Халықтың қарызы көбейіп кеткен"

30.09.2020