"Министр Біртанов отставкаға кетуі тиіс"

Елнұр Бақытқызы

  • 27.04.2020

Медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропатологы және қоғам қайраткері Қайырғали КОНЕЕВ коронавирус індеті денсаулық сақтау жүйесіндегі проблемалар мен былық-шылықты ашып берді деп есептейді. Оның ойынша, ақпан айында індетке дайынбыз деп, артынша вируспен күреске дайын болмай шыққан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз кінәсін мойындап, отставкаға кетуі керек.

– Қайырғали Исмағұлұлы, ақпан айында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау жүйесі коронавируспен күреске толықтай дайын екенін айтты. Бірақ төтенше жағдайға ауруханалар дайын болмай шықты, қайсыбірінде маска мен костюм жетіспеді. Енді міне, Алматыда COVID-19 жұқтырғандардың тең жартысы дәрігерлер екені анықталды. Денсаулық сақтау саласы коронавирус індетіне неге дайын болмай шықты?

– Коронавирус денсаулық сақтау саласының былық-шылығын, тоқырауда екенін ашып берді. Денсаулық сақтау министрінің "індетке дайынбыз" дегені өтірік болып шықты. Басқасын былай қойғанда, медициналық мекемелер түгіл, дәріханаларда масканың өзі жоқ болды. Кей медициналық мекемелерде наурыз айының аяғы, сәуір айының басында жеке қорғаныс құралдарын былай қойғанда, маска жетіспеді. Қазір әйтеуір бұл жағдай реттелді, тапшылық жоқ.

Бұдан бөлек ұйымдастыру жұмыстары нашар болды. Індет кезінде ауруханалар стационарларды инфекциялық және инфекциялық емес деп екі топқа бөлді. Наурыз айында-ақ індет жүріп жатқан кезде медициналық мекемелерде көрсетілетін кез келген жедел жәрдемді коронавирус жұқтыру қаупі бар деп бағалау керектігін айттым. Яғни медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарын киіп жұмыс істеуі керек еді. Мейлі ол хирургиялық стационар я болмаса перзентхана болсын, кез келген стационар медицина қызметкерлері мен науқастарды вирус жұқтырудан қорғауы керек еді. Бірақ ол жасалмады. Шетелден қайтып келгендер, дене қызуы көтерілген тәрізді анамнезі барларды ғана коронавирусқа тестіледі. Соңғы аптада ғана тәуекел тобындағы адамдарды жаппай тестілеуді бастады. Алайда бұл тым кеш қолға алынған шара еді.

Ауруханада жатқан науқастар вирус жұқтырғанын ешкім айтып жатқан жоқ. Бірақ қисынға салсақ, егер сонша медицина қызметкері COVID-19 жұқтырса, онда одан да көп науқас вирус жұқтырған болуы мүмкін.

Ақпан айында денсаулық сақтау министрі, бас санитарлар шетелге шықпауға шақырғанда, елге коронавирус ерте ме, кеш пе келетінін білді ғой. Сөйте тұра, ештеңе жасалмады. Медицина қызметкерлерін оқыту, дайындықтан өткізу деген болмады. Тіпті медициналық мекемелерді бақылау, тексеру де жасалмады. Яғни ол медициналық мекемелер індетпен күреске дайын ба, медициналық қызметкерлерге беретін жеке қорғаныс құралдары сатып алынды ма, қызметкерлер оқытылды ма, мастер класстар өтті ме, шындап келсек, осының бірі де жасалмады ғой. Сосын, жеке қорғаныс құралдарын сатып алу бір бөлек те, оны дұрыс киіп-шешу бір бөлек. Былайша айтқанда, жеке қорғаныс құралы, костюм үстіңізде тұрғанда ғана сізді вирустан қорғайды. Ал оны дұрыс шешпесе, вирус жұғып кетуі мүмкін. Жамбыл облысы Меркі аудандағы дәрігерлер бұған дейін киілген костюмді қайта киіп жүргені айтылды. Бұған дейін пайдаланған жеке қорғаныс құралын қайта киіп жүріп-ақ коронавирус жұқтырған болуы ықтимал.

Жеке қорғаныс құралдарды киіп шешуді үйрететін мастер кластар өтпеді. Індетпен бетпе-бет келген дәрігерлер оны киіп-шешуді "ұрыс алаңында" жүріп үйренді. Өкінішке қарай, осы алтын уақытты текке өткізіп алдық. Инфекционистер мен эпидемиологтар жұқпалы ауруларды емдемейтін, инфекциялық бағытқа жатпайтын өзге дәрігерлерге лекция, семинар, конференция өткізуі керек еді. Ол да жасалмады.

Бұл індет еліміздің санитарлы қызметі кафе, ресторандарға жұмыс істеуге рұқсат беріп, тазалық талаптарын бұзғандарға айыппұл салудан басқа түк бітірмейтінін көрсетті. Ал індетпен бетпе-бет келу, күресу, оны жоюға дайын болмай шықты. Реформаны бастан кешкен жылдары санитарлы орган – денсаулық сақтау министрлігінің ең ақшалы мекемесіне айналды, соңғы үш жылда бүкіл аймақтардағы санитарлық қызметте қудалау басталып, кәсіби мамандарды кетірді. Орнына эпидемиологиядан хабары жоқ адамдар келді, тіпті медициналық білімі жоқ адамдарды санитар дәрігерлер еткен кездер болды. Осы жағдайға тап болуымыздың бір себебі де сол. Шындығына келсек, коронавирусқа қарсы күресетін мамандар мен құралдарымыз жоқ болып шықты.

[caption id="attachment_3066" align="alignleft" width="300"] Қайырғали Конеев[/caption]

– Алматыдағы қалалық орталық клиникалық ауруханының 300-ге жуық медициналық қызметкері коронавирус жұқтырған. Қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин осы оқиғаны зерттеудің алдын ала қорытындысын жария етті. Айтуына қарағанда,  бұл аурухана инфекциялық ауруларды қабылдауға өкілеті болмаған. Бірақ осы аурухананың бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джувашев денсаулық сақтау басқармасы арнайы бұйрық шығарып, аурухананы жедел распитарлық-вирустық инфекция мен өкпе қабынудың белгілері бар науқастарды қабылдауға міндеттегенін айтты.   Денсаулық сақтау саласында неге үйлесімді жұмыс жоқ?

– Эпидемия кезінде температура, жедел распитарлы-вирустық инфекция белілері жоқ науқастарға бәрібір коронавирус жұқтырған болуы мүмкін адам ретінде қарау керек. Яғни анализ алынып, тест COVID-19 жоқ екенін көрсетпейінше, барлық науқасқа вирус жұқтыруы ықтимал тасымалдаушы деп қараған жөн. Медицина университетінде 4-курста оқытылатын  эпидемиологияның қарапайым классикалық ережесі бұл. Осындай қарапайым дүниенің өзі іс жүзінде жасалмады.

Алматыдағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Тауарлар және қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментіне қарасты санитарлы қызмет жұмысы шашыраңқы, екі орган бір-біріне бағынбайды, келісіп жұмыс істемейді. Тура аққу, шаян һәм шортан секілді жан-жаққа тартады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәселені жедел шешуі керек еді, өйткені науқастар ағылып келіп жатты. Соңғы үш жылда тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қалалық департаменті бос, сылбыр әрекет ететін органға айналды.  Департамент директоры Айзат Молдағасымованың медициналық масканы қалай кигенін қараңызшы. Аузы жабық та, мұрны ашық. Сонда ол неден қорғанды? Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қалалық департаментінің санитарлық қауіпсіздік бағытындағы жұмысы – таза профанация. Департаменттің бұрынғы директорының масканы қалай таққанына қарап-ақ соны ұғасың. Яғни ол департамент сылбыр әрекет етті, созбалаққа салды, жедел әрекет етпеді. Қалалық орталық клинкалық аурухананың бұрынғы директоры Алмаз Джувашев денсаулық сақтау басқармасына да, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментіне де хат жазғанымен, департамент жауап бермегенін айтты. Департамент те, басқарма да тура сол мезетте жауап беруі керек еді. Ал шын мәнінде, департамент қызметкерлерінің өзі вирус жұқтырған болып шықты. Жеме-жемге келгенде тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қалалық департаменті не бітірді? Әуежайға барып, жолаушылардың температурасын өлшеп қана жүрді. Ешқандай әдістемелік жұмыс істелмеді.

Әлбетте, медициналық мекеменің жетекшісі ретінде А.Джувашев инфекциялық аурулармен түскен науқастарды қарау, жатқызу мәселесін тез арада шешу керек еді. Оның ондай науқастарды қарамаймын деп бас тартуға құқығы жоқ. Әлбетте, ол осы науқастардың арасында вирус жұқтырып, оның тасымалдаушысы болуы мүмкін адамдар түсіп жатқанын түсінді. Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті сұрағына жауап бермей, ал денсаулық сақтау басқармасы керісінше сондай науқастарды жіберіп жатқанда, Джувашев дереу шешім қабылдап, инфекциялық ауруларға арналған бөлім ашты. Бұл сол кездегі кеш, бірақ дұрыс шешім еді. Неге кеш дегенге келсек, аурухананың қызметкерлері, сәйкесінше оларға келген науқастар да коронавирус жұқтырды.

Министр Біртанов Молдағасымованы қанша жерден мақтаса да, Алматының індетке дайындығы нөл болып шықты. Басқа аймақтармен салыстырғанда, Алматы медицина қызметі ең жақсы қала саналатын. Эпидемиологтар, санитар дәрігерлері, барлық медиктер үнемі Алматыдан үлгі алатын, Алматыға қарап бой түзейтін. Бірақ соңғы жылдары санитарлық қызметтің құлдырағанын, толықтай күйрегенін көріп отырмыз. Алматы жылдар бойы қалыптасқан санитарлық дәстүрін жоғалтты. Өйткені санитарлық қызметте сол дәстүрді жалғастыратын мамандар қалмады. Тәжірибесі барлар, солқылдақ шешімге қарсылық білдіре алатындар жұмыстан шығарылды.

– Қазақстанда вирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің пайыздық көрсеткіші басқа елдердікімен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Сіздің ойыңызша, бұған кім жауапты?

– Қытайда вирус жұқтырғандардың 3,8 пайызы – медицина қызметкерлері. Еуропада COVID-19 ең көп жұқтырған медицина қызметкерлері – Италияда. Оларда бұл көрсеткіш – 8,3 пайыз. Бізде бір ғана Алматының өзінде вирус жұқтырғандардың жартысынан астамы – медицина қызметкерлері. Егер ел бойынша қарасақ, вирус жұқтырғандардың шамамен 25 пайызы – дәрігерлер. 20-25 пайыздың өзі – өте жоғары көрсеткіш.

Кезінде Черногорияның денсаулық сақтау министрі 2014 жылы бір ауруханада балалардың инфекция жұқтырып, бір нәресте қайтыс болғанын естігенде "әрине, жекелеген медициналық мекеме үшін жауапкершілік арқалай алмаймын, бірақ елдің денсаулық сақтау министрі ретінде ол балалар инфекция жұқтырмайтындай жағдай жасауым керек еді. Сондықтан денсаулық сақтау министрі қызметін атқаруға моральдық құқығым жоқ" деп отставкаға кетті.

Ал бізде індет бүкіл елге жайылып, апат болып жатса да, денсаулық сақтау министрі бұған медицина мекемелерінің жетекшілерін кінәлайды. Егер бұл  тұтастай денсаулық сақтау саласының жүйелі мәселесі болса, оған қалай медицина ұйымдарының басшылары жауапты? Бұл бірді-екілі ауруханадағы жағдай болса бір жөн. Бізде коронавирусты Меркідегі аудандық аурухана, Алматы облысындағы бір медициналық мекеме, Алматы қаласындағы балалар инфекциялық ауруханасы, қалалық орталық клиникалық аурухана мен №12 аурухананың дәрігерлері жұқтырды. Бұл сол аурухана жетекшілерінің емес, жүйенің проблемасы. Астана, Ақмола облысы, Шымкентте де олқылықтар болып жатты. Яғни бұл ­– бүкіл елдегі проблема. Министр денсаулық сақтау басқармалары министрлікке емес, әкімдіктерге бағынады деген уәж айтады. Ал бірақ санитарлық қызмет тікелей министрлікке қарасты ғой. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттерінің басшылары мен аймақтардағы бас санитар дәрігерлерді тікелей министр немесе жауапты хатшы тағайындайды. Сондықтан министрлік ештеңеге әсер ете алмайды деген уәж – бос сөз. Министрге тікелей бағынышты санитарлық қызмет қоғамдық тамақтану орындарына айыппұл салудан басқа қолдарынан түк келмейді. Сондықтан осы жағдайдың бәріне ең алдымен денсаулық сақтау министрі кінәлі. Бірақ ол кінәсін мойындай ма, басты мәселе осы. Тіпті соңына дейін кінәсін мойындамай, отставкаға кетпеймін деуі мүмкін.

– Ал сіздің ойыңызша, ақпан айында індетке дайынбыз деп, артынша дайын болмай шыққан министр Біртанов отставкаға кетуі керек пе?

– Міндетті түрде кетуі керек. Тіпті министрді былай қойып, өзін сыйлайтын кез келген адам уәде беріп, артынша оны жасай алмаса, кінәсін мойнымен көтеріп, кетуі керек. Ақпан айында "дайынмын" деп алды да, енді келіп кінәні медицина мекемелерінің басшыларына жапты. Ақпанда айтқан дүние іске аспады ма, олай болса, өзіңді өзің алдамай, қызметтен кет.

– Бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова мамыр айының аяғына дейін вирусты 4 мың адам жұқтырады дейді. Бұлай кете берсе, карантин қашан бітеді?

Есмағамбетова дұрыс айтып отыр. Жалпы, карантин мақсаты не? Ол – індет ошағын анықтап, оқшаулап, жою. Мұны асылында, екі-үш аптада-ақ жасауға болар еді.. Яғни аурудың тарау тізбегін анықтап, олармен байланыста болғандарды зерттеп, тібекті үз. Ал бізде бұл толық жасалмаған кездер болды. Мәселен, Алматы облысындағы бір ауданда Кореядан жұмыс істейтіндер қайтып келіп, дене қызуы көтерілген шақта, дәрігерлердің олардан коронавирусқа тест алмағаны жайлы әлеуметтік желіде жазылды. Сондағы дәрігерлердің айтқаны – нұсқау бойынша, адамның дене қызуы 38-ден асса ғана тест алынады.

Мұндағы айтпағым, министрлік індетке дайындық түгіл, дәрігерлердің инфекциямен күресіне кедергі келтірген кездері болды. Қалай десеңіз, бас санитар айналдырған екі жарым айдың ішінде 33 қаулы шығарыпты. Бұл күніне бір қаулыдан шығып отырған деген сөз. Дәрігер сол қаулыларды түсініп, қорытып, орындау түгіл, әбден шатасып бітті. Сөйтіп, ағыспен жүре берді. Шын мәнінде, "Нормативті-құқықтық актілер туралы" заң бойынша, бір қаулының артынан екінші қаулы шығармай, алдыңғы қаулыға түзету енгізіледі. Немесе алдыңғы қаулының күші жойылады. Дәрігерлер 54 беттік қаулыдан шатасып бітті, сөйтіп, ондағы нәрселер орындалмай қалды. Осының кесірінен денсаулық сақтау жүйесін бейберекетсіздік жайлады.  Байыбына барар болсақ, төтенше жағдай кезінде осы бассыздық үшін денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты көшіріп басуға болмайды. 

Оқи отырыңыз: Министр Біртановтың пропагандасы қанша тұрады?

Байланысты жаналықтар

Астана мен Алматыда ХҚКО-лардың қызметтер саны қысқарады

19.03.2020

Белсенділер 6 триллион теңгенің есебін сұрап жатыр

13.05.2020

Әкім Әбдіқалықова карантин тәртібіне бағынбай жүр

27.04.2020

Қатаң карантинді екінші рет енгізген жалғыз елміз

05.07.2020

Студенттер онлайн оқуға қарсы

16.09.2020

Нұр-Сұлтан жабық қалаға айнала ма?

17.03.2020
MalimBlocks
Астана мен Алматыда ХҚКО-лардың қызметтер саны қысқарады

Белсенділер 6 триллион теңгенің есебін сұрап жатыр

Әкім Әбдіқалықова карантин тәртібіне бағынбай жүр

Қатаң карантинді екінші рет енгізген жалғыз елміз

Студенттер онлайн оқуға қарсы

Нұр-Сұлтан жабық қалаға айнала ма?