Саудагерлердің табысы 70 пайызға түсіп кетті

Malim Админ

  • 04.09.2020

Кәмила Жұмағалиева «Алтын Орда» базарында 10 жылдан бері киім-кешек сатумен айналысады. Жалғызбасты ана үш баласын осы кәсібімен асырап отырған. Бірақ екі айға созылған карантин оның жұмысына қатты әсер етті.

Сатушы карантинге дейін айлық табысы 500 мың теңге болғанын айтады. Ал қазір табысының 70 пайызынан айырылған. Тауарларының барлығы көктемгі қалың киімдер болған соң айналысқа түспей, шаң басып, бутиктің ішінде қалған. Енді оларды алдағы күзде сату керек.

Қазіргі таңда саудасы жүрмей тұрған Кәмила Жұмағалиева сатқан азын-аулақ тауарының ақшасын бірден саудагерлерге айлық ретінде беріп отырады. Ал сатушының таныстары жаңа тауар алу үшін несие алып, көліктерін сатқан. Оның айтуынша, көтерме сауда орындарында бұрынғыдай тауардың түр-түрін таңдап тұра алмайсың.

– Сауда болмаған соң жаңа тауарлар әкелуге ақша жоқ. Базарда адам саны көп болғанымен, киім алушылар аз. Ал жаңа тауарларды алуда қиындықтар бар. Тауарлардың бағасы қымбаттаған, түскен кезінде ала алмасаң, ешқандай пайда таппайсың, - дейді ол.

Саудагер карантин кезінде берілетін ай сайынғы әлеуметтік төлемді ала алмаған. Оның себебі жеке кәсіпкер куәлігінде екен. Бірақ Камила оны 2018 жылдың қаңтарында жауып тастағанын айтады.

– Екі айға төленбеген коммуналдық төлем бар. Алдында ғана соған жинап жүрген ақшамды алаяқтар картамнан алып қойды. Kaspi банкке барып шағымданғанда, карантин кезінде ондай адамдардың саны көбейгенін айтты. Өтінішімді толтырып кеттім, ал ақшамды он төрт күн ішінде қайтарып береді екен. Енді қол кусырып отыруға уақыт жоқ. Күнделікті азық-түлікке, жолға да ақша керек. Үйде үш балам бар. Бәріне үнемдеп жеткізгеннің өзінде қосымша қаражат та керек, - дейді жалғызбасты ана.

Карантиннің салдарынан қызмет көрсету саласының өкілдері де зардап шекті. Олардың бірі – Бақтыбай. Екі жылдан бері салынған тойхана құрылысын енді аяқтаған сәтте жабылып қалған. Табыссыз қалған жеке кәсіпкер отыз шақты қызметкерін жұмыстан шығарған.

– Жаз мезгілінде той берушілердің саны артады. Соған орай үш айға бірден тапсырыс алғанбыз. Карантин кезінде той өткізуге рұқсат болмаған соң, амалсыз жаптық. Тапсырыс берушілердің алдын ала төлемдерін де қайтардық. Тойхана жабық болғандықтан шығындардың саны көбейді. Сол себепті коммуналдық қызметтерге, салықтарға әрі күзетшілерге беретін қаражатты өз қалтамнан шығаруға тура келді, - дейді тойхана иесі.

Осы мысалдар елімізде індет салдарынан жұмыссыздар саны артқанын көрсетеді. Карантин шағында 2,5 миллион адамның 42 500 теңге жәрдемақыға өтініш түсіргені табыссыз қалған халықтың саны артқанын айғақтаса керек. Таяуда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елде жеті айдың ішінде жұмыссыздық сегіз есе өскенін мәлімдеді. Бірақ министрдің айтуынша, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру 11 есе өскен.

Еліміздің статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың наурыз айында 442 900 адам жұмыссыздар қатарында болған. Бұл езеңде елдегі жұмыссыздық 4,8 пайызға жеткен. Соңғы айлардағы жұмыссыздық көрсеткішін статистика комитеті әзірге жаңартпады.

"Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкері, экономист Айқожа Абсадықовтың пікірінше, ресми статистикадағы жұмыссыздар саны мен нақты жағдай басқаша.

– Үкімет пен «Атамекен» ҰКП жанында кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі жобалық кеңсе өткізген сауалнамаға сәйкес, жұмыстан қысқарып қалған қызметкерлердің саны 15 пайыздан асқан. Сонымен қатар жалақы сақталмайтын демалысқа жіберілген қызметкерлер де бар. Менің субъективті бағалауым бойынша, бүгінгі күні бір миллионнан астам адам жұмыссыз, - дейді экономист.

Экономист үш ай ішінде ел экономикасы қатты төмендеді, енді ол қалпына келуі үшін кем дегенде екі жыл керек деп санайды.

Ақдидар Әбдімаулен.

Байланысты жаналықтар

Ауру тоқтаған Уханьда коронавирус қайта анықталды

10.05.2020

Біртанов 131 адамның коронавирусты қайдан жұқтырғанын білмейді

30.03.2020

Атыраудағы еріктілер: Ең қиыны – қаралы хабарды естірту

15.07.2020

«42 500 алуға қайтыс болғандар да өтініш беріп жатыр»

13.04.2020

Ерлан Қарин: Коронавирус елге келмей жатып қамданғанбыз

31.03.2020

Карантин: Тоқаев 8 миллиард долларды қайдан алды?

19.03.2020
MalimBlocks
Ауру тоқтаған Уханьда коронавирус қайта анықталды

Біртанов 131 адамның коронавирусты қайдан жұқтырғанын білмейді

Атыраудағы еріктілер: Ең қиыны – қаралы хабарды естірту

«42 500 алуға қайтыс болғандар да өтініш беріп жатыр»

Ерлан Қарин: Коронавирус елге келмей жатып қамданғанбыз

Карантин: Тоқаев 8 миллиард долларды қайдан алды?