Абаев митингіге шыққандарды кім санайтынын білмейді

  • 17.02.2020
  • Елнұр Бақытқызы

Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген құқық қорғаушылар талқылауға шығарылған бейбіт шерулер өткізу жөніндегі заң жобасы осы күйінде қабылданбауға тиіс деп мәлімдеді. Олар парламентке өздері дайындаған бейбіт шерулер туралы балама заң жобасын ұсынбақ.

Құқық қорғаушылардың нарызылығын тудырған заң жобасын Абаев басқаратын министрлік дайындап шыққан. Ашық үкімет порталында жарияланып, қоғамда қызу талқыланып жатқан заң жобасын түсіндіру үшін бүгін Алматыға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ арнайы келді. Заң жобасы Алматы қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды. Кейбір құқық қорғаушылар мен заңгерлерді Алматы қоғамдық кеңесінің өкілдері өздері қалап алдырса, енді бірі "Абаев келеді" дегенді естіп, заң жобасы митинг өткізу құқығын онан бетер шектейтінін Абаевтың бетіне айту үшін өздері барған.

Абаевпен кездесуден шыққан соң бірнеше құқық қорғаушы Алматыдағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюрода баспасөз мәслихатын өткізді. Құқық қорғаушы, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның бас директоры Евгений ЖОВТИС үкімет митинг өткізуді рұқсат сұраудан хабарлау тәртібіне ауыстыратын мүлде басқа жаңа заң жобасын жасап шығуы  керек деп есептейді. Е.Жовтис талқыға шығарылған заң жобасы Қазақстан қол қойған халықаралық құжаттарға қайшы дейді.

"Бұл заң жобасы бейбіт жиын, пикет пен шеруді рұқсат етілген жерлерде ғана өткізуді міндеттейді. Алматыда бұл - Сарыарқа кинотеатрының артындағы алаңқай мен Махатма Ганди паркі. Адам наразылығын өз келіспейтін органның алдында білдіруге құқылы. Екіншіден, 250 адамнан аз жиналатын митингіні билікке хабарлау жеткілікті, егер биліктен заңда көрсетілген мерзім ішінде жауап келмесе, онда жиынды өткізе беруге болады дейді. Сөйте тұра билікке жолдайтын хабарламада медициналық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін сақтау жөніндегі шараларды тізіп, қанша журналист келетінін нақты көрсетуің керек. Ал митингіге келушілер 250 адамнан асатын болса, жергілікті биліктен рұқсат сұрау керек. Қызығы, қолданыстағы заң бойынша, рұқсатты 10 күн бұрын сұрау керексің, ал талқылауға шығарылған жаңа заң жобасы оны 15 жұмыс күні деп созып жіберіпті. Оның үстіне биліктің жауабын тағы 10 жұмыс күні бойы сарыла күтесің. Бұл жобада аяқ астынан жинала қалып, бейбіт жиын өткізу мүмкіндігі жоқ", - дейді құқық қорғаушы.

Баспасөз мәслихатына қатысқан белсенді, "ХАҚ" қозғалысын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Тоғжан ҚОЖАЛИЕВА Абаевпен кездесуде митингіге келушілерді кім санайды деген сұрақты министрге төтесінен қойған көрінеді. "250 адам жиналса, бейбіт жиынға рұқсат керек емес, хабарлау жеткілікті деп тұр. Ал егер 250 емес, 253-254 адам келсе ше? Біз ғой, өзіміз санап алармыз. Ал сіздер қалай санайсыздар?" - деп сұрадым. Министр: "бұл жақсы сұрақ екен, расымен қалай санаймыз..." деп ойланып қалды", - дейді Т.Қожалиева.

Е.Жовтис заң жобасында митинг өткізуге рұқсат бермейтін немесе өтіп жатқан митингіні тоқтатып тастайтын негіз көп дейді. "Митингіні ұйымдастырушы әкімдікке жолдаған өтінішінде қандай да бір құжатты тіркемей қалса, бейбіт жиынға рұқсат етілмейді. Егер митингіге келушілер саны өтініште көрсетілген саннан асып кетсе, мұндай митингіні өткіздірмей тастауы мүмкін. Бірақ оны кім және қалай санайды? Митингіге келуші күштік құрылым өкілдері мен журналистерді қатысушылардан қалай ажыратып санамақ?" - дейді Е.Жовтис.

Ал құқық қорғаушы, "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНА заң жобасы бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың митинг өткізу құқығын шектейді дейді. "Митинг өткізген үшін кезінде әкімшілік жауапқа тартылдым. Жаңа заң жобасы бойынша, енді бейбіт жиынды өз бетімше ұйымдастыра алмаймын. Тек әкімдік қызметкерінің қамқорлығымен ғана ұйымдастыра алады екенмін. Оның өзінде әкімдік қызметкері бейбіт жиыннан ілік таппауы керек. Бейбіт жиынның регламентін ауыстыра алмаймын, әкімдік қызметкерінің регламент немесе қатысушылар санынан қандай да бір мін тапса, митингіні тоқтата сала алады", - дейді ол.

Жаң заң жобасы бойынша, елде тіркелмеген  немесе қызметі сот шешімімен тоқтатылған жеке тұлғалар митингіні ұйымдастыра алмайды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл бап елде эксремистік деп танылып, сот шешімімен тыйым салынған М.Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялы таңдауы" мен ресми тіркелмеген "Оян, Қазақстан" қозғалысы митингіні ұйымдастырмауы үшін әдейі жазылған.

Жаңа заң жобасы митинг өткізу мен қатысу ережесін бұзушыларға жазаны қатаңдатып жіберіпті. Бұрын заңсыз митингіге қатысқан белсенділерге асып кетсе 20 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынып, ең көп дегенде 15 тәулікке қамалатын. Егер жаңа заң жобасы осы күйінде қабылданып кетсе, заңды бұзған белсенділер 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (265 100 теңге) айыппұл төлеуі немесе 20 тәулікке қамалуы мүмкін.

Е.Жовтис заң жобасын БҰҰ-ның бейбіт жиын өткізу жөніндегі арнайы баяндамашысына, Ұлыбритания, АҚШ және Франция елшіліктеріне жолдамақ, үкіметтен жобаны халықаралық сараптамаға жіберуді сұрамақ. Құқық қорғаушы 2007 жылы өзі жасап шыққан бейбіт жиын өткізу жөніндегі заң жобасын парламентке балама заң ретінде ұсынатынын айтты.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Әкім Әбдіқалықова карантин тәртібіне бағынбай жүр

27.04.2020

Үйге дейін жеткізу: Қазақстанның сегіз банкі карточкаларға тапсырыс беру қызметін тегін ұсынып отыр

08.04.2020

"Кедей елдің мұғалімі" не үшін кешірім сұрады?

09.04.2020

 Салықтан босату қаулысы жарияланды

20.04.2020

"Коронавирустан қайтқандардың санын жасанды түрде көбейтіп отыр ма?"

25.04.2020

Керек болса, Қазақ жерін 80 млн түрік қорғауға дайын

21.12.2020