Ақмола облысының Макинск қаласында екі зейнеткер әйел көршісін қарыз дауына байланысты ұрып-соқты, деп хабарлайды Malim.kz.
Жағдай қалай болды?
Оқиға тұрғын үйдің кіреберісінде болған. 72 жастағы Ф. есімді әйел тәтесіне қарызын қайтармаған көршісіне талап қоя бастаған. Артынша жанжалға ұласқан бұл жайтқа көршінің жұбайы мен 89 жастағы тәтесі араласады.
Сотта келтірілген дерекке сәйкес, жәбірленуші К. баспалдақта сүрініп, отыра кеткен сәтте Ф. оны шашынан тартып, тәтесі С.-мен бірге басынан жұдырықпен ұрған. Әйел ауруханаға жеткізіліп, жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы диагнозы қойылған.
Сот қандай шешім шығарды?
Облыстық соттың сот алқасы істі қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Екі әйел де топтасып денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Оларға 7 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді. Сонымен қатар сот шешімімен сотталғандардан 130 мың теңге материалдық шығын, 500 мың теңге моральдық зиян өтемақысы және 200 мың теңге өкілдік шығындары бірлесіп өндірілетін болды.