Ақын Гүлманат Әуелханның өлеңдері

Гүлманат Әуелхан - 1980жылы ҚХРдің Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген.2004 жылы Атажұртқа оралған. «Жас толқын», «Қоштасқым келмейі», «Алатау жырлайды», « Сезім тамшылыры» жыр жинақтарына және Қазақ поэзиясының антологиясына өлеңдері енген. Республикалық бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Республикалық «Сын» журналында қызмет атқарған. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай аудандық білім бөліміне қарасты «Темірқазық» ақындар мектебінде жетекші болып жұмыс атқарады. «Жүз өлең» атты жыр жинақтарының авторы.

Malim Админ

  • 13.10.2024

*  *  *

Құс секілді құба дауысын құлатып…
Болашаққа біздер солай жол алдық,
Аппақ, адал сезімдерді обал ғып…
Бұлдыр-бұлдыр елестерді қуалап,
Бұйра-бұйра бұлтқа сіңіп, жоғалдық.

Сезбеппіз-ау! Көктем ғұмыр өткенін…
Күтіп жүріп сары ала қаз жеткенін.
Буаз бұлт­тар қарындарын сүйреткен,
Ақ жауынға айналып бір төккенiн.

Біздің солай екі айырылған жолымыз,
Тағдырдан ғой бағымыз бен сорымыз…
Қолын бұлғап, әлсін-әлсін шақырған,
Сағынышқа толы күз…

Біздер мәңгі жолықпайтын шығармыз,
Көңілмен бiр толықпайтын шығармыз.
Үміт­тердің шамы калғып кеудеде,
Үнсіз қалып, тынармыз.

Бұла-бұла сезімдерді обал ғып,
Қобалжыдық, қорқынышқа тоналдық.
Құс секілді құба дауысын құлатып,
Құрақ-құрақ бұлтқа сіңіп, жоғалдық.


* * *
Көңіліме күреңітіп күз енді,
Аңсауменен күн кешерміз біз енді.
Таудай тарлан болсаң, мейлі, бүгесің,
Уақыт­тың алдына кеп тізеңді.

Ұмытпастай сәт­терің де ұмытылар,
Жүрегіңнің түкпіріне мұң тұнар.
Жанарыңмен елжірейсің тек қана,
Бар сырыңды сіңіріп ап түн тынар.

Қайт­ты қаздар, жаным тағы жылады,
Бір жапырақ төбеме кеп құлады.
Көшелер де, кешелер де салған ән,
Құстарменен кеткен сынды тым ары.

Жүрегімнің сөне көрме жарығы,
Бізді күтер алдан талай таң ұлы.
Бейуақыт­та сұңқылдаған байғыздың,
Құлағымда қалып қойды зар үні…

Көңіліме күреңітіп күз енді,
Сағынумен мұң кешерміз біз енді.
Айдан асар арманыңмен бүгесің,
Уақыт­тың алдына кеп тізеңді.


* * *
Жүзінде – тағдырдың іздері,
Ойында – тырналар тізбегі.
Салқындық тәніне бүркеді,
Сап-сары сағыныш күз демі…

«Махаббат», – дейді үнсіз күбірлеп,
Елестер қарайды күлімдеп.
Жапырақ аңсайды көктемді,
Дымқыл түн қойнында дірілдеп.

Басына бұлт­тарды жастанып,
Қарады аспанға мастанып.
Жүрегін езеді бір сезім,
Жанары жабырқау жастанып…

Өксікке тұншығып мұң әлем,
Жүректі елітіп мың әуен…
Үп еткен желге ұшар сұлбасы,
Ауаға ілініп тұр әрең…

 

Анамның ыстық құшағы

Жер-бесікте жатырсың ба тербеліп,
Өзіңді ойлап, күн кешемін сенделіп.
Көктем келді жолыңа, ана, қараймын,
Құшағыңа қысатындай сен келіп.

Өзіңсіз көктем, өзіңсіз талай жаз келер,
Сағыныш толы, санама сырлы саз келер.
Емендер бүрлеп, өріктер гүлдеп әлі сан,
Тыраулап тырна,
қаңқылдап талай қаз келер.

Ақ жаңбыр құяр, сыбырлап тұрып селдетіп,
Жарасын жанның жазармын қалай емдетіп?!
Сағынып, ана, сарғайып, ана, сені аңсап,
Көзімнің жасын аламын кейде көлдетіп.

Бозторғай жаным шырылдап, биік ұшады,
Түсінде сені құшақтап, қат­ты қысады.
Бар бақыт саған тең келмейді екен тірлікте,
Жұмақтай жылы, анамның ыстық құшағы.

 

* * *
Өмір жылжып барады өкпелесіп,
Талай күндер білінбей өт­ті егесіп.
Жанды жылытар бір жылы
сөз айта алмай,
Жүргендейміз өмірді текке кешіп…
Жандармыз-ау ішінде наласы көп,
Тағдыр жайлы біз талай бал ашып ек.
Жанарлармен тек үнсіз сыр ұғысып,
Бір кез­дері жүрекпен жарасып ек.

Жанымызға сезімді серік қылып,
Жалғандығын бәрінің жел ұқтырып…
Жер мен көктей арамыз жырақтаған,
Жүздесе де алмайтын көріп тұрып.

Өмір қайта өзіне ғашық қылып,
Алғы күнді аңсатса асық қылып…
Қарсы алдыңнан шығар ем көктемдейін,
Көңілімнің жұпарын шашып тұрып.

Сөздеріңді қайтейін кінәлаған,
Махаббат­тай құлағам мұнарадан.
Ажалды да қарсы алар күліп тұрып,
Сағынышқа төзбейді бірақ адам…

 

Аманат

(Мағжан Жұмабаевтың рухына)

Тумса жердің қайнап шыққан тұнығы,
Ару жырдың бұлғақтайтын бұрымы…
Түнді жырлап, жарық таңды аңсады,
Тұран үшін шуақ шашқан Күнұлы.

Тұтастығы сақталса деп өлкенің,
Арманының кеңге жайды желкенін.
«Мен жастарға сенемін», – деп жырлады,
Туған елдің аманат­тап ертеңін.

Мағжан жыры сұлулықты жырлады,
Мағжан жыры тамырларда тулады.
Асқақ рух, Айдан асқан атағы,
Қара дауыл, алапат­та – сындары…

Көңілшек бұлт секілденеді көңіл кей,
Жырын оқып тұра алмайсың егілмей.
Махаббатқа толы сұлу жанымен,
Өлімді де сүйді әлдилеп өмірдей.
Алпамыстай, аңызындай Манастың,
Сарыарқада сан түледің, таң астың.
Жүрегіңнің қаны тамған киелі,
Ақ байрағын көтердің сен Алаштың.

Туған елін артық сүйер сенен кім?!
Жүрегіңде қатып қалды-ау шемен мұң.
Азат Отан – ұрпағының ұраны,
Ғұннан туған пайғамбары өлеңнің…

 

* * *
Өлген уақытымды тірілту үшін,
Мұздаған жүрегімді жібіту үшін.
Арманға қайта құлаш ұрамын,
Қиялдарымды қыр асырамын…
Тірлік қамытын лақтырамын,
Тамшы сезімді бұлақ қыламын.
Тағдырыммен де күресемін,
Жалын жүрегіммен жыр есемін.
Көңіл бағымды көктем етемін,
Жасын жанымды өктем етемін.
Жігер, сенімді желкен етемін,
Әрбір сәтімді көркем етемін.
Бұйыртса…
 

* * *
Не сыйлайды тағдыр деген жол алдан,
Жапырағы күз желіне тоналған.
Қайың тұрды теңселіп,
Құдіретіне жел сеніп…
Кімге опа беріп едің, о, жалған!
Дария да құмға сіңіп жоғалған.

Күнді сүйсем бе екен құшақтап,
Гүлді сүйсем бе екен құшаққа ап.
Күннің күйісі кеткен,
Гүлдің иісі кеткен.
Есіл жүрегімізді пышақтап,
Кетпесек екен ұсақтап.

Сағынышым мекендеп сары төбені,
Күңіренген көңілім зар төгеді.
Баяны жоқ өмірде,
Байлауы жоқ көңілде,
Керек етпей атақ пен мәртебені,
Бүршік ат­ты ауылдың қарт емені…

 

Бүгін сенің туған күнің екен ғой…

Бүгін сенің туған күнің екен ғой,
Өмір деген кейде тәт­ті шекер ғой.
Кей шақтарда мазалайды бекерге ой.
Жүрегімді құлыптадым кеудеме,
Босап кетсе, саған ұшып кетердей!

Өлген үміт көзін ашып қабірден,
Жүрегімнің жарасына табылды ем.
Көкке қарап, елесіңмен қауышам,
Тілдескендей Тәңірмен!

 

* * *
Ешбір ісім болмаған нала-мұңмен,
Нелер есте сақталар бала күннен.
Ақ әжемнің құшағын сағындырар,
Қайран көктем, гүл жайнап, дала күлген.
Алты қырдың астында ауыл қалды,
Аға қалды, ақеділ бауыр қалды.
Қайран бабам, аңсаймын сенен қалған,
Ат тұяғы тоздырған жауыр жалды.

Сағыныштың санамды мекені етіп,
Туған өлкем, өсірдің сетер етіп.
Қиялыммен көгершін құсқа айналып,
Темір тордан сен жаққа кетем өтіп.

Жырға қосып атыңды жебейін бе,
Жыр моншағын көмейден терейін бе?..
Ақша бұлтқа айналып, Майлы, саған,
Жанарымның жаңбырын төгейін бе?!

Неге ғана сен жаққа алаңдаймын?..
Бұрып тұрар бүйрегім саған дәйім.
Түсімде ылғи қол бұлғап тұрғандайсың,
Жұмақтағы аяулы анамдайын…

 

Ол егіліп, ішінен жылап тұрды

Ол егіліп ішінен жылап тұрды,
Тамшының тырсылына құлақ түрді.
Қызыл-жасыл әлемді мұңға бояп,
Сұм өмір сырға толы сынап тұрды.

Бауыр деп елжіремес бауырына,
Сенбейді ол қауқылдаған қауымына.
Жатбауыр жапандағы жалғыз мұңлық,
Ұмытқан туып-өскен ауылы да.

Бастайтын, ізгілікке апаратын,
Жүректің жоғалтқандай шапағатын.
Анасы қара жерге алып кеткен
Жанының жалғыз тамшы махаббатын.

Ол арқа сүйей алмас ағасына,
Бір Алла жалғандағы панасы да.
Ботадай көште адасқан боздай береді,
Бозарған бозінгендей даласына.

Жолаушы секілді ол жоқ қараған,
Тұсына кеудесінің шоқ қадаған.
Батпан мұң көкірекке кептеледі,
Ойының ормандарын отқа ораған.
Ол егіліп, ішінен жылап тұрды,
Үніне үнсіз дала құлақ түрді…


* * *
Ен даланы елес кезіп қаңғырған,
Ғасырлардың сарындары жаңғырған.
Жартастардың жақпарында бір сыр бар,
Қырандардың балапаны саңғырған.
Шөліркейді жапырағы жанымның…
Қуат күткен жаңбырдан.

Күмілжиді күннің сынық қабағы,
Таяқ жеген пенделердей тағдырдан.
Жүректердің дарбазасын құлыптап,
Бір көруге зар қылған.
Тамшылардың тағдырларын іздеймін
Шөгіп жатқан нарқұмнан…

 

Бір жанып, үміт шамым, бір өшеді…
Қойнына қара түннің құлап тұрып,
Ағады сылдыр-сылдыр бұлақ күліп.
Мен сені жүрегімнен жұлып алып,
Жібергем әлдеқашан лақтырып.

Мен сенің өртегенмін елесіңді,
Сол сәт­те егескендей жел есірді.
Содан соң кет­тің мүлде ойдан көшіп,
Сезгендей мендік бақыт емесіңді.

Арманым қадамыма гүл өсірді,
Жүрегім қайталайды бір есімді.
Бұлдырап сен түсіме енген кез­де,
Бір жағып, үміт шамын бір өшірді.

Сезімім намысымды жеңе алмады,
Көңілім көлгірсуге көне алмады.
Жырақтап мен өзіңнен кеткеніме
Әйтеуір сендік көңіл сене алмады.

Байланысты жаналықтар

Ақын Бақытгүл Бабаш өлеңдері

20.11.2024

Ақын Бауыржан Майтай өлеңдері

30.10.2024

Ақын Асан-Темір Қаршығаұлы өлеңдері

23.10.2024

Ақын Толқын Қабылша өлеңдері

22.10.2024

Ақын Роза Сейілханның өлеңдері

16.10.2024

Ақын Жанар Әбсадықтың өлеңдері

16.10.2024
MalimBlocks
Ақын Бақытгүл Бабаш өлеңдері

Бақытгүл Бабаш 1981 жылы Атырау облысында туған. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультетін, аспирантурасын тәмамдаған. Халықаралық Шабыт фестивалінің Бас жүлдегері.

Ақын Бауыржан Майтай өлеңдері

Бауыржан Майтай, ақын, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қаз-ҰУ-дың филология факультетін бітірген.

Ақын Асан-Темір Қаршығаұлы өлеңдері

Асан-Темір Қаршығаұлы 1982 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданында дүниеге келген. Ақын. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

Ақын Толқын Қабылша өлеңдері

Толқын Қабылша Шахарбекқызы –ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Шабыт» Халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тележурналист. «Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш», «Осы бір сәт ұнайды» жыр кітаптарының авторы. Өлеңдері әзірбайжан, түрік, испан тілдеріне аударылған.

Ақын Роза Сейілханның өлеңдері

Роза Сейілхан 1972 жылы 25 cәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері және 2003 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты.

Ақын Жанар Әбсадықтың өлеңдері

Жанар Әбсадық 1981 жылы 12 қаңтарда Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 1998-2002 жылғы түлегі. Бірнеше жыр мүшәйраларының жүлделі жеңімпазы. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Бір топ өлеңдері «Жас толқын» жас ақындар антологиясында жарық көрген.