Ақын Нәзира Бердалы өлеңдері
Нәзира Бердалы 1980 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты. «Жаңбырлы түн» (2001), «Сүйген жүрек» (2009), «Ару әлем» (2014), «Ең жақын досым» (2021) жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері ағылшын, испан, француз, орыс, қытай және араб тілдеріне аударылған. Қазақ телевидениесінде “Алтын қақпа”, “Сөзмерген”, “Түнгі қонақ”, “Риясыз әңгіме” секілді жобалар жасап, өз қолтаңбасын қалыптастырған ақын қазіргі таңда “Абай-тв” телеарнасында “Сарасөз” бағдарламасының жүргізушісі.

* * *
Қандай бақыт – қалаға қар жауғаны,
Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары.
Қандай мұңды – қар жауған құтты күні
Жанымда жоқ жалғызым жалғандағы.
Қандай мұңды – қардың да еритіні,
Қандай мұңды – жардың да жеритіні…
Қандай бақыт – көктемнің келетіні,
Қандай бақыт – бақытқа сенетінім…
ҚАРАЛЫ СҰЛУ
Қара түн, бәлкім, қаралы сұлу құсалы?
Қара көз жабық, айқара ашық құшағы.
Қараңғыдағы соқыр көбелек жалпылдап,
Жарыққа қарай ұшады.
Қаралы сұлу көзінен
Тама алмай қалған жас ұқтық.
Күнәлі ме екен көбелек,
Қойса егер тағдыр асық қып?
Көбелек – жүрек...
Бұл әлде бір заңы ма екен өмірдің:
Біреудің бағы,
Біреудің соры ғашықтық...
Тілгілеп жатыр жүректі
түсінбес тілді түн алмас
Әкетер, болса, тілекті,
ал одан басқа түк алмас.
Қаралы сұлу қайғыдан
қарс айырар да кеудесін,
Соқыр көбелек...
бәрібір жарықсыз өмір сүре алмас.
КӨГІЛДІР ТҮН
Көгілдір түн.
Көк түннің көктемі гүл.
Жұлдыз сүрер бір-ақ күн көкте ғұмыр.
Сонау алыс жұлдыздар алыс емес,
Мына түн қап-қара емес, көп-көгілдір.
Көп жұлдызға көсем ғып қадапты Айды,
Қиылған қабақтай Ай, садақтай-ды.
Біріне-бірі ғашық екі бұлбұл
Құйқылжып, махаббатты мадақтайды.
Қосылып ап, не түрлі ән салады
Қапырық түн, еспейді таң самалы.
Ай бетіндегі ару қыз маған қарап,
Мұңаяды, немесе тамсанады.
Несіне қызығасың, Ару, маған?
Тек түнде тыншиды ғой дауыл ғалам.
Ал менің сезіміме тыным бермей,
Бір адам түн ұйқымды тағы ұрлаған.
Бұлбұл үні бастайды бойды егеске,
Махаббат-ән салмайды тойды да еске.
Сол бір жан атырмастан ақ таңымды,
Мәңгілік түн орнатып қойды емес пе?
Көгілдір түн...
* * *
Бұл жаңбыр – таза су емес,
Бұл – аққан аспан кірі.
Аспанның асты – адамдар,
Бірінен қашқан бірі.
Ешкімге жетер емес
Тәңірдің тасқан нұры...
Сіз бен біз де қашамыз...
Қалған күйіп жанымызды жасырып,
Жалған күліп шымылдықты ашамыз.
Қарасаңыз, қос жартылық бүтінбіз,
Шын мәнінде, баяғыша –
Жартымыз.
Жолымыз – мұз,
Алдымыз – құз,
Терең жыра – артымыз.
Сонда қайда барамыз?
Сүмбіленің суығындай уілдейді арамыз.
Шалажансар шоғымызды үрлейміз,
Сөнбеген соң,
Шалажансар жанамыз,
Тек осыған келетіндей шамамыз,
Бір күндері сөнетіндей шаламыз...
Жаңа Күз кеп, өзгертсе екен бәрін де!
Жуылса екен ішкі мұңым
Мына кір-кір жаңбырмен,
Сөнетін шоқ сөнсе екен.
Қараңғыдан қорқудан да қалдым мен...
САКСАФОНШЫ
Тілсіз жылап өмірге ғашық әні,
Тәкаппар мұң табанға басылады.
Тиын тастап үлгермей тақияға,
Тағдырлылар...әр жаққа асығады.
Жалқы ғұмыр, жалқы жан, жалғыз әлем
Қолдан келсе, басқаша ән салғызар ем...
Қаланың қайғысына куә болып,
Жер астында сыңсиды жалғыз әуен.
Жалғыз әуен...
Жоғалған сенім бүгін
Жылыта алмай әуреде темір Күнін.
Саксафоннан сыңсыған сенің мұңың –
Сәуле таппай сенделген менің күйім.