Ақын Нұржан Қуантайұлы өлеңдері
Нұржан Қуантайұлы - прозашы, ақын. 1971 жылдың 22-қаңтарында бұрынғы Семей облысының (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Көкпекті ауданындағы Үлгілі ауылында дүниеге келген. 1988 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ мемлекеттік университетiнiң журналистика факультетiн бітірген.
ТҰМАНДЫ КЕШТІҢ ӘУЕЗІ
Бауырымдап түскенде бұлттар шыңнан көксерек,
Бауырдағы қалаға ауыр тұман шөксе кеп.
Ауыр тұман шөксе кеп аударылып бөктерден,
Ауық-ауық дым бүріксе аусар ауа көк белден.
Кеш батқанда кеулеген қою тұман өзі артық -
Жарқыраған фонарьдың екі көзін бозартып.
Бағаналы көшенің баған-баған шамдары
Боз тұманға оранса, адыра қап арманы.
Күнің қайда еңселі нұр төгетін кешегі,
Сәулесі жоқ фонарьдың маңдай соры бес елі...
Төңірегің боз тұман, жоғалтқанда бояуды
Жалғызсырап қосылар жанды егілткен жаяу мұң.
Жалғызсырап қосылса жанды егілткен жаяу мұң,
Сең қозғалып, дариға-ай, сені еске алам, аяулым!
Сені еске алам, аяулым, үнсіз ғана егіліп,
Мына жалған дүние не түсінер, не біліп!..
Тарам-тарам жас шықса, тас көкірек ашылар,
Қоңылтақсыған көңіл тыншығар да басылар.
Сезімімді ұғар ма: күзгі кештің сыз демі
Қарып екі бетімді әлденені іздеді.
Бір уақытта... шіркінім сырлы әлемге құмар ма:
Жанды егілткен сол бір мұң кетті-ау сіңіп тұманға.
Содан бері, ғажап-ай, сырлы сезім оянды:
Тұман түссе, болғаны, сені еске алам, аяулым.
ТҮН. ТАКСИ
Ей, таксишi, тоқташы,
Мен бiр шерлi адаммын арқалап ап боқшасын
Тастап шыққан клубтың тарғыл-тарғыл поп-сазын.
Қайда апарам дейсiң бе... Бiлмей тұрмын оншасын...
Ей, тоқта ендi, тоқташы,
(Есiктi ашып отырам сықырлатып топсасын)
Үй жоқ, үйге кетер ек... Өзенге тарт шулаған!
Дымқыл үндi көрсiн ол әз жанымды сулаған.
Такси ұшты. Таксиге берiп едiм жалға мұң:
Еңiредi салонда электроорганым.
Прожектор тiлгiлеп бұйра түннiң жүрегiн,
Зар илейдi мәшине, тауып бершi бiр емiн...
Алматының бетiне аш плакат жабысып
Қанын сорып жатыр-ау (жарнаманың табысы...).
Содан қала күйзелiп. Өмiр ұлып iшiмде
Мен отырмын сыр бермей ескi қола мүсiндей.
Демiл-демiл ескен жел, есер ойды құтқарма,
Демiмдi орап қара түн, дегбiрiмдi жұтқанда.
Тартып қалған асығыс сиясындай қаламның
Ағып түстi бiр жұлдыз көмейiнен ғаламның.
...Ендi нөсер жауса ғой, шатырлатып нажағай,
Жылар едi мына түн ағыл-тегiл... Ғажап-ай!
Шiркiн, нөсерлетсе ғой, салқындар едi шоқ қала.
...Бас, бас газды тағы да! Ей, таксишiм, тоқтама...
ТЫНЫШТЫҚ
...Ұңғысында мылтықтың ұйықтап жатты тыныштық.
Электр сым аспанға тарс жабысқан. Күн ыстық.
Табиғаттың бойында тәттi дiрiл жүгiрiп
Балбырайды жарықтық. Не ұғамыз, не бiлiп...
Гуiлдейдi ток сымы, уайымы жоқ – шыны,
Жер бауырлап қарлығаш ұшар iздеп жоқшыны...
Шашып тастап шырылын шалғын шөптiң iшiне,
Шегiрткелер көрiнбес шеттен келген кiсiге.
Ерiп барады көлеңкем ыстық өтiп басынан,
Қиық аспан шолп еттi тоқтау суға жасыған.
Маясындай қу шөптiң бу шығарып дем алам...
(Аңға шыққан джиптердi қоршап апты топ адам)
Үндер үнге соғылып, сылдыр етiп тастармен,
Бұлттың дәмi таңдайда татып тұрды аспанмен.
Қара судың жүрегi қандай таза, қарашы,
Сай табаны маужырап, есiнейдi даласы.
Әукесiнен сипатып ерке желге жүгiрген,
Пысылдайды құба дөң құлағымның түбiнен.
Тамырында дүниенiң дiрiл барын бiлсек-тi:
...Тыныштықты шыңғыртып шуда түтiн гүрс еттi!..
АЙҚҰЛАҒАН
– Қаланың кварталдары
Қызыққа құмартады әлi...
– Қайдағы-ы!
Жанғанда неон шамдары
Қамығып сүрен салмады
Ай тағы...
Түннiң мөрi – мөңiреген Ай,
Мөңiремей ендi бола ма,
Жұлдызды тiзiп желiге былай,
Жұтынып тұрды қалаға.
Iшiнен боздап жарық шыққанда
Терезе бiткен шыңғырып.
Қала кварталдары талықсып қанда,
Жүйкеге шапты қым-қуыт.
Неон-жарнама қалаға қаптап,
Ниетке қарай дескенi,
Прожекторлар ғана тықақтап,
Ал мөрi түннiң... Өшкенi!
Кiм жыламайды кеткенде қадiр,
Қара аспаның да қайғырат...
Шаһарға түнде жеткенде дамыл
...Дүңк ете түстi Ай құлап!
Асфальт алаңға Ай құлағаны...
Тағдыры сол ма, не дерсiң.
Қала кварталдары қайғырады әлi,
Қайғырады әлi,
Көрерсiң...