Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Әкесі туған қызын 24 жыл жертөледе ұстап, одан 7 бала сүйген (ФОТО, ВИДЕО)

Әлем
Әкесі туған қызын 24 жыл жертөледе ұстап, одан 7 бала сүйген (ФОТО, ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Австрия азаматы Йозеф Фритцль өз үйінің жертөлесінде туған қызы Элизабет Фритцльді 24 жыл бойы заңсыз қамауда ұстап, онымен бірге өмір сүргенін және одан жеті бала сүйгенін мойындады. Сондай-ақ ол дүниеге келгеннен кейін көп ұзамай шетінеп кеткен нәрестенің мәйітін өртеп жібергенін де айтқан, деп хабарлайды Malim.kz.

BBC таратқан мәліметке сәйкес, 1984 жылғы 29 тамызда Йозеф Фритцль сол кезде 18 жаста болған қызын есірткілік затпен улап, алдап өз үйінің жертөлесіне түсірген. Кейін оны кісендеп, сыртқы әлеммен байланысын толық үзіп, жертөледе ұстап отырған.

Тергеу барысында белгілі болғандай, Фритцль қызын үйден өз еркімен кетіп қалды деген мазмұнда хат жазуға мәжбүрлеген. Осы хаттың негізінде Элизабеттің анасы мен күйеуі оның үш баласын ресми түрде асырап алған. Ал тағы үш бала (жастары 5 пен 19 аралығында) анасы Элизабетпен бірге жертөледе өмір сүрген. Күдіктінің жұбайы бұл жантүршігерлік жағдайдан ұзақ жылдар бойы бейхабар болғаны айтылып отыр.

Жертөледегі бөлмелердің жалпы аумағы шамамен 60 шаршы метрді құраған. Ішінде төсек-орындар, ас дайындауға арналған қарапайым құрал-жабдықтар мен санитарлық торап болғанымен, бірде-бір терезе орнатылмаған. Жертөле мен үйдің негізгі бөлігін бөліп тұрған қабырғада электронды құлыппен жабылатын, арнайы цементпен нығайтылған есік тұрған. Құлыптың кодын тек Йозеф Фритцль ғана білген. Тұтқындарға тамақ пен қажетті заттарды өзі әкеліп отырған. Полицияның мәліметінше, жертөле толықтай дыбыс өткізбейтін болған әрі кіреберісі аса мұқият жасырылған.

Бұл сұмдық қылмыс жертөледе дүниеге келген ең үлкен бала – 19 жастағы Керстиннің ауыр науқасқа шалдығуынан кейін әшкереленген. Қызды шұғыл түрде ауруханаға жеткізу қажет болғанда, дәрігерлер оның анасы кім екенін анықтау үшін телеарналар арқылы жұрттан көмек сұраған. Жертөледе теледидар болғандықтан, Элизабет Фритцль бұл хабарды көріп, әкесін өзін ауруханаға апаруға көндірген. Осыдан кейін көп ұзамай Йозеф Фритцль қамауға алынған.

Төменгі Австрия қылмыстық тергеу бюросының басшысы Франц Польцер бұл іске қатысты пікір білдірді.

"Қазір сырттай қарасаңыз, оны мұндай ауыр қылмысқа бара алатын адам деп ойламайсыз. Ол 24 жыл бойы қатар екі түрлі өмір сүрген", – деген ол.

Ал Йозеф Фритцльді бұрыннан білетін жандар оның ашық мінезді, көңілді адам болғанын айтады. Олар оның дәл осындай сұмдық әрекетке баруы мүмкін екенін елестету де мүмкін болмағанын жеткізген.

Полиция өкілдері тұтқындардың не себепті қашып кетпегені жөніндегі сауалға түсініктеме берді. Олардың айтуынша, Элизабет Фритцльдің денсаулығы әлсіз болған, ал жертөледе туған үлкен ұлы 18 жасқа толса да, физикалық тұрғыда өте әлжуаз күйде өмір сүрген.

"Өздеріңізді сол адамдардың орнына қойып көріңіздер. Олардың өмірі біздікінен мүлде өзге болды. Бұл балалар еркін ортада емес, тұтқында дүниеге келген", – деді құқық қорғау органдарының өкілі.

Айта кету керек, Австрияда бұған ұқсас жантүршігерлік оқиғалар бұрын да тіркелген. Мәселен, 2007 жылы бір әйел өз үш қызын жеті жыл бойы қараңғы жерде ұстап, салдарынан балалар сөйлеу қабілетінен айырылған.

Ал ең атышулы істердің бірі – Наташа Кампуштың оқиғасы. Ол 10 жасында ұрланып, сегіз жылдан астам уақыт жертөледе қамауда болған. 2006 жылы қашып құтылғаннан кейін, оны тұтқындап келген қылмыскер өзіне қол жұмсаған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу