Илон Маск бұрынғы басшысы Трампты сынға алды

АҚШ миллиардері Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың негізгі бюджеттік заң жобасын сынға алды, деп хабарлайды Malim.kz dw.com-ға сілтеме жасап.
Америкалық миллиардер Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамптың флагмандық бюджеттік заң жобасын қатты сынға алып, оның үкімет тиімділігі департаменті (DOGE) жүргізіп жатқан шығындарды қысқарту бойынша жұмысты жоққа шығаратынын айтты.
CBS арнасына берген сұхбатында Маск заң жобасына енгізілген “АҚШ бюджет тапшылығын арттырып, DOGE командасы атқарып жатқан жұмысты қиындататын ірі шығындарға” көңілі толмайтынын жеткізді.
Өткен аптада АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Трамп ұсынған бюджет жобасын 215 дауыс “қолдап”, 214 дауыс “қарсы” беру арқылы мақұлдады. Бұл құжат салықты төмендетуді және шығындарды, соның ішінде қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны арттыруды көздейді. Енді ол Сенатта қаралып жатыр.
Трамп бұл заң жобасын “үлкен әрі керемет”, сондай-ақ “АҚШ тарихындағы ең маңызды” құжат деп атады. Алайда Financial Times газетінің жазуынша, оған бұл бастаманы қолдау үшін бірнеше республикашыл конгрессменді көндіруге тура келген.
Президенттің бастамасына АҚШ бюджет тапшылығын азайту қажет екенін алға тартқан сарапшылар тарапынан сын айтылып жатыр. Маск бұл пікірмен келісетінін білдірді.
“Меніңше, бұл заң жобасы не үлкен, не керемет болуы мүмкін. Бірақ оның екеуін қатар алып жүруі екіталай. Бұл — менің жеке пікірім”, — деді ол.
Фото: Kevin Lamarque / Reuters

Самое читаемое
