Қытай Трамппен тариф үшін соғыста "аяғына дейін күресуге" дайын
Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай импортына қосымша 50 пайыз баж салығын енгізу туралы қаупін "қателік үстіне қателік" деп атады

Қытайдың Сауда министрлігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай импортына қосымша 50 пайыз баж салығын енгізу туралы қаупін "қателік үстіне қателік" деп атады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
8 сәуірде Қытай Сауда министрлігі жариялаған мәлімдемеде Бейжің өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін "батыл қарсы шаралар" қабылдайтынын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, АҚШ енгізген жаһандық импорт тарифтері - "субъектив, біржақты бағалауға" негізделген, халықаралық сауда ережелеріне сай келмейді және "біржақты қорқыту тәжірибесінің айқын мысалы".
"Қытай бұған ешқашан көнбейді. Егер АҚШ өз дегенінен қайтпаса, Қытай ақырына дейін күресетін болады", – деп келтіреді Қытай Сауда министрлігінің өкілінің сөзін "Синьхуа" ақпарат агенттігі.
Трамптың Қытайға қатысты баж салығы
Наурыздың басында Дональд Трамп Қытайдан келетін өнімдерге тарифтерді 10%-дан 20%-ға дейін көтерді. Бұл шешімді ол "Қытайдың тыйым салынған есірткілер тудырған дағдарысты жеңілдету үшін тиісті шаралар қабылдамағаны" деп түсіндірді.
Ал өткен апта аяғында Трамп 180-нен астам ел мен аумаққа, оның ішінде Қытайға да қатысты жаңа импорт тарифтерін жариялады. 9 сәуірден бастап Қытайдан келетін тауарларға 34 пайыздық баж салығы енгізіледі.
Бұған жауап ретінде Бейжің АҚШ тауарларына да осындай баж салығын енгізетінін ескертті. Осыған жауап ретінде Трамп 7 сәуірде мәлімдеме жасап, егер Қытай сол күнге дейін қарсы шараларынан бас тартпаса, онда 9 сәуірден бастап Қытайға қарсы қосымша 50% баж салығы енгізілетінін айтты.
Фото: imemo.ru