“Ресеймен байланысы бар”: Парубийді өлтірді деген күдікті қылмысын мойындады

Жоғарғы Раданың бұрынғы спикері Андрей Парубийдің өліміне күдікті ер адам қылмысын жасағанын мойындап, Ресей өкілдерімен байланысы туралы айтты. Бұл туралы 1 қыркүйек, дүйсенбі күні «Азаттық радиосы» Украина құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Алғашқы тергеу кезінде 52 жастағы Львов тұрғыны ұлы – Украина Қарулы күштерінің әскери қызметшісі – 2023 жылы Бахмут бағытында із-түзсіз жоғалып кеткенін жеткізген. Ұлының тағдыры жайлы мәлімет табу үшін ер адам ресейлік әлеуметтік желілерді қарай бастаған. Соның нәтижесінде ол Ресейдің кейбір өкілдерімен байланысқа шығып, олар баласының қаза тапқанын айтқан.
Украинаның «5 арнасы» өз дереккөзіне сілтеме жасап, Ресейдің арнайы қызметі күдіктіні «оның ұлының, Қарулы күштер әскери қызметшісінің денесі қайда екені туралы ақпаратпен бопсалағанын» хабарлады. Львовтық «Высокий замок» басылымының дерегінше, «ресейліктер әкенің қасіретін пайдаланып, ұлының денесін кез келген белгілі украин саясаткерін өлтіру шартымен қайтарып береміз деген».
«Азаттық радиосының» ақпаратына сәйкес, кейіннен ер адам ресейліктермен сөйлесе жүріп, Парубийді өлтіруге дайындала бастаған. Ол бұл үшін қару алып, велосипед пен дулыға сатып алған. Сондай-ақ жалған құжатпен автокөлік сатып алып, саясаткердің жүріс-тұрысын бақылаған. Қазір тергеу бұл ақпаратты тексеріп жатыр.
Фото: Украина Ұлттық полициясы

Ең көп оқылған
